«АШЫҚ ӘҢГІМЕ»: ЕСЕКПЕН СУ ТАСУДАН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?
Ауыз су тасуға фляг артқан есектер керуенінің қазақ ауылындағы кезекте тұрғаны намысқа тиді. Бейнесуреттерін түсіріп алуға тура келді.
Бұл Сарыағаш ауданы Біртілек ауылдық округінің Ораз ата ауылындағы көрініс. Су мұнарасынан шеті 2-2,5 шақырым қашықтағы көршілес Жолбасшы ауылынан таза ауыз су алуға келгендер. «Бұл не?» деген сұрағымызға ауыл әкімі Н.Тойымбетов: «Ауылға су тасушы автокөлікпен су әкеліп, флягін 30 теңгеден беріп, жағдайдан шығып отырмыз. Кейбіреулер Ораз атадан су тасуға кетіп қалады, оған не істейсің?» – деп алақанын жаяды. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, су жеткілікті болса, ауылдың есекпен су тасып есі ауысып па?
Біздегі «емі жоқ дерттің» зардабы
Ол – таза ауыз су шығаруға қазылатын ұңғымалардан су шықпай қалу немесе ішуге жарамайтын судың шығатындығы. Мұны облыстың тарихына «алтын әріппен» жазылған бренд деуге болады. Өйткені, мемлекеттің халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге соңғы 20 шықты жылда бөлген есепсіз қаржысынан жүздеген млн. емес, жүздеген млрд. теңге қаржысы, осы біздің «емі жоқ дерттің кесірінен суға ақты. Оны сұраған жауапты кінәліні жазалаған, атқарылмаған жұмысқа төленген ақшаны қайтаруды талап еткен басшыны көрген де, есіткен де емеспіз. Тендерден ұтып, ауылға су кіргізу тапсырысын алған мердігерлер осыдан 30-40 жыл бұрынғы «картаны» алып, ұңғыны қазуды бастап жібере береді. Не тапсырыс беруші мекеме, ауданның «иесі» – әкім жұмыс бастаған мердігерді шақырып алып: «Мемлекеттің шашылып жатқан қаржысы жоқ, басыңмен жауап бересіңді» қатқылдау айтса, бұл сорақылық облыста бел алып кетпес еді ғой. Облыстағы «пәлен» ауылға таза ауыз су берілді деген мәліметтің шындығын ашық айта алатын адам бар ма, еді? Есепсіз қаржы жұмсалды ауылдар түгілі, кейбір аудан орталықтардың өзі суға жарымай отырған жоқ па? Қазылған ұңғыдан су шықпай қалу осыдан 15-16 жыл, 10-11 жыл, тіпті 7-8 жылдан бұрын орын алғанымен, әлі тамырына балта шабылар емес.
Біртілек ауылдық округінің аумағындағы 5 ауылда ұңғы қазылғанымен, бәрі де «емі жоқ дерттің» ізімен кетеді. Ал Ораз атадағы су мұнарасы амалсыздан Сарыағаштан Абай ауылға тартылған су құбырына қосылып, бірнеше ауылдық таза ауыз суды есекпен тасып ішсе де, әйтеуір сусыз қалдырмаудың амалы болыпты. Жұрт жемқорлардың жаттанды сөзі мен түбі жоқ уәделерінен тойып біткені ме, сәл де болса депутаттарға үміт артатындай. Жуырда облыстық мәслихаттың депутаты Т.Бүрлібаев Біртілек ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, 2017 жолы газдың берілетінін, су тартудың сметалық жобасы жасалынып жатқанын айтып, түбінде бір таза ауыз судың келетініне сендіргендей болыпты. Ал 5 ұңғыға кеткен 400 млн. теңгеден астам қаржының талан-таражы әлі де ешкімді ойландырмайтын сияқты.
Сұраусыз қалдыру – берекесіздіктің басы емес пе?
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев кезінде Астанада өткізген алқалы жиынында облысты басқарып отырған А.Мырзахметовке: «Мемлекеттің 1,5 млрд. теңге қаржысы жұмсалған Сарыағаш ауданындағы ауылдарға таза су берілген жоқ. Шымкенттің «Асар» шағынауданына 1 млрд. қаржы жұмсалды, онда да су жоқ, — деген ауыр сынын оңтүстік ғана емес, бүкіл республика есітті. Бір қызығы, облыс пен аудан басшылары осы мәселеге байланысты ел-жұртының алдында ашып бір әңгіме айта алмады. Осылайша «түйе көрдім-жоқтың түбі емі жоқ» дертке айналғандай.
Адам айтса сенгісіз десеңіз, барып онда көзіңізбен көріңіз
Осы Біртілек ауылдық округіне қарасты Жолбасшы және Ораз ата елдімекендеріне 2008 жылдары Өзбекстаннан келіп, 20-30 үйден қандастарымыз қоныс тебеді. Туған жерге табаны тиген ағайындар көрер «қоқайларының» әлі алда екенін ойласа керек. Жағдайы барлар үй сатып алады, қалғандарына ауыл әкімдігі үй салуға үй іргелік жер учаскілерін белгілеп береді. Бүгінде мына ауылдағы 15-20, анау ауылдағы 20-30 басы жеделденіп баспана салып алады. Содан бергі тоғыз жылдың жүзінде осы оралман ағайындарда не үй іргелік учаскелерінің «Госактысы», не салған үйлерінің құжаттары, не өздерінің сол жерде тұратындығын растайтын тіркеу құжаттары жоқ. Ашынған ана Х.Тұрғынова: «Мемлекетте заң барын, адамдар сол заңның талабына сай өмір сүру керектігін біз де білеміз. Тұрған жерімізді, салған үйімізді, өзіміздің есепте бар екенімізді тіркеуге алуды заңдастырып алу үшін қанша жылдан бері, қанша есікті ашпадық. Ешкім біздің мәселемізді шешуге қол ұшын бергісі келмейді. Біздің өміріміз «Кавказ тұтқыны» киносындағы демалып жатқан Нина қыздың тағдыры сияқты. Біреу сүйреп кете ме, оны да білмейміз. Қай есікке кірсең де еститініміз: «Ертең кел. Немесе қолыңда тиісті құжатың жоқ, маған не дейсің? Тоғыз жылдың жүзінде тозып біттік», — деп күйінеді. Кезінде ауданға ауыл болып арыз жазып көріпті. Мәселені шешеміз деп жауап бергендер, кейін оны қаперіне де алмаған. Көшіп келген ағайындар да күн көру керек қой, Сарыағаштың төрт бұрышынан тапқан таныстарының үйіне «паспорттық тіркеуге» тұрып алған Ораз ата ауылында Әзім ақсақалдың үйіне 3 бірдей оралман отбасы «паспорттық тіркеуге» тұрған болса, осылайша ынтымағы жарасқан ағайындар күн кешіп жатқан көрінеді.
Аянышты-ақ, оралмандардың 7-8 жыл бұрын салған үйлеріміз іргетастары сорланып, үгітіліп жатқанын көргенде еріксіз бас шайқайсыз. Сулы аймақ болғандықтан бұл жақта бау-бақша кең аумақта өсіріледі. Өткен 70-жылдарға дейін өте көп ағатын ақаба сулар арық-атыз, каналдар, арқылы Келес өзеніне құйылатын болған. Сол уақыттан бергі 50 жылға жуық уақытта тазалау көрмей, жермен жексен болған жерлердегі сулар тұзды жердің бетіне шығаруда. Ел тұрғындары бұл мәселені қанша көтерсе де, ешкім назар аудармаған. Жұртшылықтың шырылдап айтар, бірінші мәселесі осы.
Субсидияның «ылаңы» жұртты жайылымсыз қалдырған
Ораз ата ауылының бір тұрғыны 2011 жылы жүзім егуге 30 гектар жер алады. Жүзім егіледі, субсидия төленеді. Соңғы 3-4 жылдың көлемінде 30 гектар жерде жүзім түгілі, жүзімнің түбіртегі де қалған жоқ дейді, ауыл тұрғындары. Олар екі ортада жеке меншік малдарының жайылымынан айырылған. 30 гектар жүзім егіп ондаған млн-дай субсидия алған азамат сол жылдары керемет етіп еңселі үй салып алады. Ауылдастары «игіліне отырсын» дей отырып, бос жатқан 30 гектар жерді халыққа қайтармай отырғанына ретті. Осындай әдіспен алды да, 4-5, 10 шақырым гектар жерді алып, субсидия беретін дақылдарды өсіріп, алатын субсидияларын алып алды да, жерді қараусыз қалдырғанның өзінде, жұрт соның өзін мал жайылымына ала алмай шырылдап жүрген көрінеді.
«…, шелек жалаған тұтылады»
Мемлекеттің ауылды көтеруге есепсіз қаржы бөлгенін ауыл адамдары жақсы біледі. Соның тиімді пайдаланып, ұқыпты жұмсалмауынан небір келеңсіздіктерге жол берілді. Біртілек те соны басынан өткеріп отырған ауыл. Оның үстіне 350 мыңдай халқы бар ауданның басиесі – бірінші басшыға жарымай қойғаны тағы бар. «Жарты патшаның» кезінде аудан әкімін ауыстыру «перчатка» ауыстырудан оңай болып, 4-5 әкім оп-оңай орнынан кетті. Еңбекқор, жуас та, бауырмал халық өз ортасын өзі сүйреумен күндерін өткізді.
Дәл қазір ғана Сарыағашқа ел алдындағы жауапкершілікті білетін, басшының қызметте жасалған, елмен жұмыс істеудің мол тәжірибесін жинақтаған Қайрат Абдуалиевтың барғанын тілге тиек етуге болатын сияқты. Қ.Абдуалиевке туған өңірі Түлкібасты түрлендіруге айтарлықтай үлес қосқаны баршаға аян.
Енді жаңа барған әкімге «арқалы қара нардай ауыр» болып жұмыс істеу міндеті тұр. Ауданның медицина саласының былығы республикаға дейін жетті. Сарыағашта иесіз қалған жер жетерлік. Ораз ата ауылындағы бір үйдің төрт баласы халыққа қызмет көрсету орталығына барғана 4 көшеде тұратынын білгенде күлесің бе әлде жылайсың ба? Мектептеріне 1-2 жылдың арасында директор тағайындалмайтынын білгенде, тілің байлана жаздайды. Ауданда айта берсең таусылмайтын қиындықтарды еңгеруге Қайрат Абдуалиевтың іскерлігі, қажыр-қайраты жетер ме еді, егер сондағы сорақылықтары үшін «Айран ішкен құтылып, шелек жалағанның тұтылыптың» керін киіп кетпесе?!
Ойды ой қозғайды
«Жарты патшаның» кезінде өңір басшысы облыстағы 900-ден астам ауылды аралады деп республикаға жар салдық. БАҚ беттерінде әкімнің әр ауылдың мәселесін «май шаммен» қарағанын төгілдіріп жазғанда, оны оған кісінің көңілі босайтындай болып еді. Сонда көзбояушылық «саяхаттың» нәтижесі осында болғаны ма:
Қазір облыстың бірінші басшысы үшін, ауылдан бұрын облыстық деңгейдегі басшылықтың өзін бір жүйеге келтіріп алу оңайға түспейін деп отырған жоқ.
«Ғайыптан майып болып» тағайындалған оншақты басқарманың басшысы мен жоқ дегенде 8-9 аудан мен қала әкімінің ауыстырылуын ел-жұрт Ж.Түймебаевтан күтіп отыр. Халық ел сенімін ақтамайтындардан құтылғысы келеді, Елбасы саясатының өміршеңдік табуын үлкен үмітпен күтеді. Жер-жерге сыздаусыған әкім емес, басие керек болып тұр.
Ал Біртілек ауылдық округіндегі жағдайға арнайы журналистік зерттеу жүргізуді жөн деп отырмыз.
О.ТӘЖИЕВ.