Қасымовтың реформасы Жетісайда сорақылыққа жеткен жоқ па?

Елбасы тапсырсырмасына орай ҚРІІМ Қасымов бірқатар игі істерді қолға алып, полицияның заң аясында ел сеніміне лайықты жұмыс істеуіне нақты тапсырмалар берді.
dramteatr3

Ал енді оңтүстіктің Жетісай ауданында сол қалай орындалып жатыр? Аудан орталығындағы Т.Рысқұлов орта мектебінде өткен оқу жылының 2-жарты жылдығында бір сабаққа келмеген, тоқсандық және жылдық бағалары қорытылып, журналға қойылмаған 3 оқушыға «Аттестат» беріліп кетеді. Олардың үшеуі де ЖОО оқуға түсіп, бүгінде студент. Мектепте баға қорытылмаған сынып журналы тұр. Осы мектептің З. есімді мұғалімі орын алған заңбұзушылық жөнінде ҚР БжҒ министрі Сағадиевтың, облыс білім басқармасы басшысының, облыстық және аудандық заң органдарына «Арыз» түсіреді. Мұны «шымкентшелеп» басып тастауды алғашқы болып Жетісай АІІБ қолға алады. Полиция бөліміне Т.Рысқұлов мектебіндегі оқымай «Аттестат» алған 3 оқушыға сынып журналына баға қорытып бермеген 3 мұғалім әйелді шақыртып алып, «Арызға» байланысты деп олардың кеуделеріне 136,137,138 нөмірлерді іліп қойып суретке түсіріп алады. 3 әйелдің де саусақтарының ізі таңбасын түсіріп алады.
Сонда бұлар адам өлімі болған жерде іс-қимыл жасаған күдіктілер ме? Не деген сорақы заңбұзушылық? Жергілікті полиция осындай оспадарсыздық жасап жатқанда, министр Қасымовтың алға қойған мақсаттарының орындалуы мүмкін бе, өзі? Мемлекеттің сарабдал саясатын баянды етуге Жетісай полициясының қосқан үлесі осы болғаны ма?
Азаматтық құқығын, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға сауаты жететін бұл мұғалімдер келесі күні УСБ-ға Арыз түсіреді. Істің насырға шапқанын түсінген аудандық ІІБ қызметкерлер әлгі үш әйелді шақырып алып, кешірім сұрайды. Үшеуінің көзінше саусақ ізі таңбасы түсірген құжаттарды жыртып тастайды, жазбаша «кешірім» беруін сұрайды. Олар әзірше келісімге келе алмаған. Әйелдің бірі: «Күйеуім РОВД-ға кімге бардың? Немен былғанып, қандай қылмысқа бардың? Кет үйден!» — деп қол жұмсағанын айтып жылаған. Екінші бір әйел де күйеуінің үйінен қуып шықпақшы болғанын айтып көз жасын көл етіпті.
Шындықты жақтаған Жетісайдағы зиялы аналардың басына бұлт үйірген полиция біреудің «былығын» жабамын деп жүріп, өздері «былыққа» кіріп кеткен жоқ па? Ел тыныштығын сақтауды сеніп отырған полицияның өзі үш отбасының ынтымағын бұзып, оның ойранын шығаруға түрткі болып жатса, қалың көп енді кімге сенеді?

Азат
Р.S.Автордың бұл мақаласы редакция көзқарасын білдірмейді.