Тәуелсіз елдің тумасы

482
0

Бүкіл дүниені дүр сілкіндіріп, жекеменшік атаулыны жермен-жексен еткен социалистік қоғамның келмеске кеткеніне де 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Еліміз өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тек экономикалық тұрғыда жеткен табыстарымен ғана атап өткен жоқ, сонымен қатар санадағы күрт өзгеріс пен өркениетке деген ұмтылыспен де қарсы алғаны белгілі. Өзгелер нарықтық қатынасқа үрке қарап, шошынып жүргенде ел  болашағын көрегендікпен болжап, осы салада батыл қадамдарын бірден бастап кеткен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың саясаты өмірге көптеген ізгі игіліктер алып келді. Халық үшін ең қажеттісі қашан да болашақ ұрпағының қамы болып келген, осы орайда Тәуелсіздігімізбен тетелес білім саласының маңызы да ерекше.

Президент саясатын дұрыс түсініп, жоғары білім берудің жаңа көкжиегін көтеруге батыл кірісіп кеткендердің бірі – Бахтияр Юнусов еді. Сонау, 1992 жылы Тәуелсіз елдің тәй-тәй басқан алғашқы жылында облысымызда «Шығыстану» институты осылай дүниеге келді. Бахтияр Саидұлы араб тілінің маманы еді, ол кезде біздің елде бұл кәсіп терең игеріле қойылмаған саланың бірі болатын. Араб мәдениеті, ғылымы ғасырлар бойы әбден қалыптасқан әлемдегі ең бір бай мұра. Бахтияр аға мамандығына сәйкес Сирия, Йемен, Араб Республикасында қызмет еткен жылдарында осы қағиданы өмірлік ұстанымы еткені анық. Осыдан келіп, жоғарыдағы оқу орнын ашуға қол жеткізді. Біздің Оңтүстік – халық көп шоғырланған аймақ, оның жаңа тұрпаттағы педагогикалық кадрларға деген зәрулігі де ерекше болатын. Осыны ескерген ел басшылығы аталмыш оқу орнынан «Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті» етіп 2000 жылы қайта құрды.
Осылай, Тәуелсіз еліміздің төл тумасы ретінде ғылым әлеміне құлаш ұрған оқу орнына да биыл 20 жыл толып отыр. 20 жыл аз ба, көп пе деген сұрауға қазақ көрегендікпен жігіттік жас деп топшылайды. Расында, осынау жігіттік жасында талай асулар игерілді. Бүгінгі күні 20 жылда елге 21 мамандық бойынша халықаралық талаптарға сай жоғары білім беріп жатқан жайлары бар. Мұнан өзге магистратурада жеті бағыт бойынша ғалымдар дайындалып отыр.
Оқу орны өзінің 20 жылдық мерейтойын осындай қомақты табыстармен атап өтті. 20 жылда 20 мыңға жуық кадрлар осы қабырғада өмірге аттанды. Дәл қазіргі күні мұнда 7 мыңға жуық шәкірт білім алуда. Оқу орны елімізде ғана емес, халқаралық деңгейден де өз орнын иеленіп үлгерді. Оған Англияның Оксфорд қаласында өткен жиында Еуропалық интеграцияның дамуына қосқан үлесі үшін берілетін «Біріккен Еуропа» сыйлығымен марапатталуы мысал бола алады. Мұнан өзге ОҚПУ 2007 жылы «Ынтымақтыстық жұлдызы» марапат белгісі» халықаралық сыйлығының лауреаты атанса, 2008 жылы «Алтын сапа» белгісін иемденген. Бұларға бірнеше төсбелгімен, жүзден аса дипломдармен т.б. сыйлықтармен марапатталғанын қосыңыз. Бұл күндері осындай табыстар биігінен көріне білген ЖОО жоғарыда біз ілтипатпен атап өткен Бахтияр Юнусовпен ұлы Мадияр Юнусовтың сенімді қолында.
«Уақыт» газеті жоғары оқу орны ұжымын  20 жылдық мерейтойларымен шын жүректен құттықтайды. Білім теңізінде сіздер отырған кеме толқыннан толқын асып, ғылым әлемінде жаңа қырынан көріне берсін дейміз.

Сайлау ҚҰЛЖАНОВ.