ЕЛІМІЗДЕ КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАНДАР САНЫ 27 АДАМҒА ЖЕТТІ

229
0

Нұр-Сұлтанда коронавирус бойынша тағы 14 жаңа науқас тіркелді, деп хабарлайды uakit.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.


«Бүгін сіздерге Алматы қаласында қосымша 3 коронавирус жағдайы тіркелгенін жеткіздік. Қазіргі уақытта қосымша Нұр-Сұлтанда 14 жаңа науқас тіркелді. Бұл науқастар тәртіп бойынша карантинге жатқызылып, байланыс жасаған азаматтармен бірге жұмыс жасалды. Барлық байланыстағы адамдар анықталуда», — деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов онлайн форматта өткен баспасөз мәслихатында.

Осылайша, қауіпті індетпен ауырғандар саны 27-ге жетті. Оның ішінде 16 жағдай — Нұр-Сұлтанда, 11 факті — Алматыда тіркелген.

Еске салсақ, бұған дейін коронавирус жұқтырғандар саны 13 адам болғанын хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ, Қазақстанда төтенше жағдай жарияланып, азаматтардың 15 сәуірге дейін ел аумағынан шығуына тыйым салынды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына үндеу жолдады.