ҚАҢҚУ СӨЗ БАЛЫҚТАРДЫ «БҮЛДІРІП», САУДАНЫ БҰЗЫП ТҰР

366
0

Мамыр айының бел ортасында Мақтааралда су астында қалған ауылдарда балық аулауға тыйым салынатыны туралы ресми мәлімет жан-жаққа таралғанs белгілі. Кейіннен Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан бұл деректе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкен Боранбайдың  топан судағы балықтардың ішкі ағзаларынан бактериялардың бірнеше түрі бар екені анықталғаны туралы  мәліметі де тұрғындарға тез таралды.

Бірақ кейбір адамдар бұл ақпаратты бұрмалап желі арқылы «Сырдарияның балығы уланған. Ондағы су маржандарын екі жылға дейін тұтынуға болмайды» деген жазба жариялады. Содан соң балық сатумен жан бағып жүрген бірқатар саудагерлердің саудасы сап тиылған. Базарлар мен дүкендерде балық өтпей қалған.

Салдарынан  балық сатумен айналысып келген көптеген кәсіпкерлер шығынға батқанын айтып дабыл қақты. Саудагерлер «Сырдария балығы уланған» деген қауесет тарамағанға дейін  Шымкенттің өзінде бір күнде 15 мың тоннаға дейін  балық өтіп келген. Ал қазір 100 келі де өтпейді» деп ашынады.  Сақтайтын орынның жеткіліксіздігінен әрі оны ұзақ уақыт тоңазытқышта сақтау да қиынға соғатынын айтқан кәсіпкерлер 100 мыңнан бастап  миллион теңгеге дейін шығынға батуда екен.  Ал балық өнімінің сапасына тексеру жүргізетін мамандар болса, саудаға шығарылған балықтардың уланбағанын айтуда.  Балық саласына жауапты мамандар желіде тараған ақпаратты теріске шығарады. Өз кезегінде облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкен Боранбай  Сырдария балықтары уланбағанын айтуда.

uakit.kz