ҮКІМЕТТІҢ ЖОСПАРЫ ТОЛЫҚ ОРЫНДАЛМАДЫ

385
0

Сәуірде 2 миллион емес, 1,5 млн-ға жуық адам екпе қабылдады

Наурыз айында Мәжіліс депутаттары елімізде коронавирусқа қарсы басты күрес – екпе қабылдау шарасының нақты жоспары жасалмағанын, бұл еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің өткен жылғы қолайсыз эпидахуалдан сабақ алмағанының  көрінісі екенін айтып, тиісті ведомстваны сын тезіне алған болатын. 

Көп ұзамай сәуір айының алғашқы күнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та елімізде екпе қабылдау жұмыстарының тым сылбыр жүріп жатқанын мәлімдеп, Үкіметтің қауқарсыздығына қынжылған. Сөйтіп, Президент еліміздің бас дәрігері Алексей Цойға сәуір айында коронавирусқа қарсы шараларды жүйелі жүргізбесе, жылы орнын босата беруін қадап айтып, ескерту жасаған. Бірер күннен соң Үкімет басшысы Асқар Мамин мен еліміздің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сәуір, мамыр және маусым айлары аралығында өңірлерде ай сайын 2 млн. адамға вакцина алу мүмкіндігі қамтамасыз етілетінін жарыса мәлімдеген. Осылайша жыл соңына дейін Қазақстанда 10 миллион адам екпе қабылдап үлгеретінін де айтқан. Нәтижесінде коронавирусқа қарсы елде ұжымдық иммунитет қалыптасатынын жеткізген. Сол кезде Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова тиісті ведомстваның дөңгеленген цифрды алға тартудан аулақ болып, нақты орындай алатын жұмысты жариялау қажеттігін айтып, Цойдың уәделі мәлімдемесіне сенімсіздік танытқан.
Уақыттың өзі депутаттың сенімсіздік танытуы бекер болмағанын көрсетіп отыр.
Яғни, Үкіметтің сәуірде 2 миллион қазақстандықтың екпе қабылдайды деген жоспары толық жүзеге аспады. Бірақ Үкімет алға қойған жоспарының жүз пайыз орындалмауына көңілі түсіп отырған жоқ. Керісінше Үкімет басшысы Асқар Мамин вакцина алғандардың саны күрт артып отырғанын мәлімдеп, жұмысына көңілі толып отыр. Сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында 1,5 млн-ға жуық адам вакцинаның бірінші компонентін және 350 мың адам (5-мамырдағы жағдай бойынша 400 мың адам) екінші компонентін қабылдағаны айтылды. Бұл вакцинациялауға жататын халықтың 15%-ын құрайды екен.
Премьер-министр осы айда 2 миллион астам адамды вакцинамен қамтамасыз ету жоспары орындалуы тиіс деп отыр. Бұл жоспарының қаншалықты жүйелі жүзеге асатынын айту әлі ерте.
Айтпақшы, кеше Мәжіліс отырысы кезінде депутаттар Алексей Цойды сұрақтың астына алды. Мәжілісмендер «Вакциналанған деп кімді санауға болады? Вакцинаның тек бір дозасын алғандарды ма, жоқ әлде екі дозасын салдырғандарды ма?» деген сұраққа министр «екпе екі дозалы болса, вакциналаудың толық курсын аяқтау үшін міндетті түрде екі вакцина салдыру қажет» деп жауап берді. Министрдің бұл сөзін алға тартсақ, сонда елімізде вакцинацияланған адам саны 400 мың ғана болып тұр.
Сонымен қатар кеше Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин екпенің екінші компонентін қабылдау мерзіміне қатысты «Сіз екпенің екінші компоненті 21 күннен соң, ары кеткенде 45 күннен кейін егіледі дейсіз. Орынбасарларыңыздың бірі 90 күн деп отыр. Барлығын шатастырып жібердіңіз! Адамдардың басын қатырмайық. Егер екі вакцина болса, демек, екеуін де салдыру қажет. Он бес күннен кейін антидене пайда болады деп ақталып жатқанға ұқсайсыз, Алексей Владимирович. Екі вакцина алған адам ғана вакциналанған деп саналады. Міне, соларды есептеу керек»,-деп. Денсаулық сақтау министрлігінен екпе қабылдаған адамдар санын дұрыс санауды талап етті.
Естеріңізде болса, жаппай екпе қабылдау басталған кезде тиісті ведомства коронавирусқа қарсы «Спутник V» екпесінің бірінші және екінші компоненті арасындағы интервал уақыты 21 күн болуы керектігін мәлімдеген. Интервал уақытының 90 күнге дейін ұзарып кетуін кеше министр Алексей Цой «Бізге вакцинаны әзірлеген Гамалея атындағы орталықтан хат келді. Онда «Спутник V» вакцинасының бірінші және екінші компоненті арасындағы интервалды 21 күннен 90 күнге дейін созуға болатыны жазылған. Хатта, сондай-ақ, интервалдың ұлғаюы иммундық жауаптың күшіне әсер етпейтіні, кейде тіпті күшеюіне және ұзақ сақталуына әкелетіні көрсетілген. Осы құжат негізінде біз бас санитар дәрігердің қаулысына өзгеріс енгіздік»,-деп түсіндірді. Бірақ ол қажет болса, қазақстандықтар екінші компонентті 21 күннен кейін қабылдай алатынын, ол үшін өтініш жазу қажет екенін атап өтті. Министр Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасының екінші дозасы бұрынғыдай 21 күннен кейін емес, 45 күн өткен соң егілетінін, егер азаматтар белгілі бір себептермен II компонентті 45-ші күні салдыра алмаса (демалыс, мереке күндеріне сәйкес келу, басқа елді мекенге шығу және басқа), вакциналауды 90 күн ішінде жүргізуге мүмкіндік берілетінін, бұл талап «Спутник V» вакцинасын 21 сәуірден бастап алған адамдарға қатысты екенін ескертті.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемелеріне мінберде отырған Мәжіліс депутаттары түсіне алмай дал болып отырғанда, қарапайым адамдардың ведомства басшысы ұсынған деректерді қалай қабылдап жатқаны туралы айтудың өзі артық сияқты.

С.НҰРАЙ.