Бізге «Аватар» емес, Алпамыс жайлы мультфильм керек!

178
0

ОҚО әкімі А.Мырзахметовтің назарына!

1253384776_aang_wallpaperЖасыратыны жоқ, бүгінде қазақтың қаласында да, дласында да жасөспірімдер қылмысы өршіп тұр. Ұлдарымыз қару ұстап, кісі өлтіруді батырлық санаса, қыздарымыз шаш жұлысуды ерлік санайтын халге жеттік. Жуырда ғана ғаламторда мақтааралдық сыныптас қыздардың төбелесі, шымкенттегі жасөспірімдердің өз замандастарын қарумен қорқытып мал секілді дауыс шығаруға мәжбүр еткен бейнетүсірілімдері шығып, бұл жәйт ғаламтор пайдаланушыларының жағасын ұстатты. Бұл Оңтүстік жақта жасөспірімдер жасап жүрген қылмыстың алғашқысы да емес. Есте болса, былтырғы жаңа оқу жылы Шымкент жақта атыс-шабыспен басталған болатын. Әрине, айтпағымыз бұл емес. Айтқымыз келгені – бала тәрбиесі. Қазақ ақыл-ойы заңғарларының бірі М.Әуезов «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп кеткен. Ал, мынадай оқиғалар балаға тәрбиені бесіктен бастап бере алмағанымызға айқын дәлел десек қателеспеспіз. Әйтеуір, бүгінгі бала — қатыгез, жауыз.

Ұмытпасақ,  шетелдік атыс-шабыс кинолар легі Қазақстанға тәуелсіздік алған алғашқы жылдары – тоқсаныншы жылдардың басында келе бастады. Ата-ана ала добасын арқалап, базар жағалап кеткенде, үйдегі бала «Терминатор» мен «Рэмбомен» алданып, Брюс Ли мен Жеки Чанның «ерлігімен» тәрбиеленді. Балаларымыз Брюс Ли болып тебісіп, Терминатор болып төбелесіп өсіп жатты. Сол балалардың жасы бүгінде жиырмадан асып, Отан қорғайтын жасқа жетті. 2012 жыл «Арқанкерген оқиғасы. Челах ісімен» есте қалды. Челахтың жасы оқиға орын алған кезде небәрі 18-19 жаста еді. Есептеп қарасақ, шекарашы Челах тура сол «Терминаторлар» экраннан түспей тұрған кезде дүниеге келіпті. Челах та, оның замандастары да, қаласа да, қаламаса да осындай фильмдерді көріп өсті, соларға еліктеді. Ресейлік психологтар сол кездің өзінде мұндай шытырман фильмдердің баланың жүйкесін бұзатынын, жасөспірімдерді қаніпезер, қанішер етіп жіберетінін айтып дабыл қағып жатты. Қазақ қоғамында да бала болашағына алаңдап, мәселе көтергендер аз болған жоқ. Алайда, бұған бас қатырған ешкім болмады. Нәтижесі сол – шекарашы Челах Рэмбо секілді алдынан келгенді тістеп, артынан келгенді теуіп, қаруластарын қырып салды.  Былтыр оны кейбіреулердің «бүгінгі күннің Рэмбосы» дегені осы еді. Былтыр осы оқиға орын алған кезде қоғамда шекарашы Челахты жамандыққа қимағандар көп болды. Жарайды, қылмысты ол жасамаған күннің өзінде, ел күзеткен жігіттерді басқа біреу қырып кетті. Қанды қырғын болмады емес, болды. Айтпағымыз бұл емес, айтқымыз келгені — бүгінде Отанды Челахтың осындай шытырман фильмдерді көріп өскен замандастары күзетіп жүр. Мемлекеттің де, біздің де тағдырымыз бүгінде «Терминаторды» көріп өскен сол жігіттердің қолында тұр.
Тәрбие тал бесіктен басталады. Бесіктен бастау деген – тәрбиені бала кезден қолға алу. Оның бір жолы – анимация арқылы тәрбиелеу. Мультфильм дегеннен шығады, орыс халқының «Маша мен аю» дейтін ертегісі бар, ресейлік аниматорлар қайбір жылдары әрі барса 37 сөйлемнен тұратын осы ертегінің желісі бойынша 37 сериялы мультфильм жасап шығыпты. Ертегіде ата-әжесінен сұранып, орманға жидек теруге шыққан Маша құрбыларынан адасып, аюдың үйіне тап болады. Не керек, Маша аюдың үйінде қалып, тамағын істеп, үйін жинап жүреді. Кетейін десе аю жеп қояды деп қорқады. Ата-әжесіне барып келуге сұранса, аю жібермейді, оларға беріп жіберетін сарқытты өзі апарып бермек болады. Не істемек керек? Маша күлшесін пісіріп, оны себетке салып тұрып, оған артына қарайламауды тапсырады. Сол арада өзі себеттің ішіне түсіп жасырынып қалады. Жарты жолға келгенде аю себеттегі күлшені өзі жеп, үйіне қайтпақ болғанда, оның ішіндегі Маша бәрін көріп тұрғанын айтып, аюға себетке қарауға мүмкіндік бермей, ауылына жетеді. Аулада иттер үріп кеткен кезде, аю себетті тастай қашып, ақыры Маша ата-әжесімен қауышады. Бары – осы.
Ертегідегі Маша тәрбиелі, ақылды болса, мультсериалдағы Маша мазасыз, бұзақы, ойына келгенін істейтін бүлдіршін. Ол Құдайдың құтты күні аюдың үйінен шықпайды, үйін шашады, тамағын төгеді, ұйқы бермейді – әйтеуір, аю байғұстың ығырын шығарады. Аю оны орманнан шығарып, үйіне жіберсе, Маша лашыққа аюдан бұрын жүгіріп жетіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, мұндағы Маша сөз ұқпайтын, көргенсіз, тәрбиесіз қыз. Осы 37 серия бойы «Машаның үйі жоқ па? Ата-анасы қайда? Қыздарын аю жеп қояды деп қорықпай ма?» деп экранның бергі бетінен сіз қорқып отырасыз.  Расы керек, бұл мультсериал қазір екі-үш жасар баладан ересектерге дейін сүйіп көретін мультфильмге айналды.
Бүгінгі қазақ баласы көріп жүрген мультфильмдердің сиқы осындай. Олар Өрмекші адамды, Бэтменді, тасбақа ниндзя мен Шрек дейтін көк есекті жақсы біледі, бірақ Алпамыс пен Қобыландыны, Ер Төстікті білмейді.  Олар үшін Өрмекші адам мен Супермен – кумир! Бұған дәлелді алыстан іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Балалар бақшасы мен мектептердегі жаңажылдық маскарадтарда бүлдіршіндер дәл осы кумирлерінің киімін киіп шығуға әуес. Мұны білетін қаладағы маскарадтық киімді жалға беретін кез келген дүкенде осындай киімдер самсап тұр.
Бүлдіршін қыздарымыз көріп жүрген мультфилмдердің де оңып тұрғаны шамалы. Сюжеттерінің арасында әйел мен еркек арасындағы сезімді, махаббаты насихаттайтындары көп.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі телеарналар шетелдік мультфильмдерді аударып беруге мәжбүр. Мұны олар отандық, әсіресе қазақша мультфильмдердің аздығымен түсіндіреді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін осыдан бірнеше жыл бұрын шымкенттік «Жебе» студиясы қазақ тіліндегі ғана емес, қазақы болмысқа лайық мультфильмдер түсіруді қолға алған болатын. Жұмыс нәтижесіз де емес. Қазақ анимациясын дамыту тұрғысында бұл жігіттер 2008 жылы Шымкентте «Алтын жебе» халықаралық фестивалін ұйымдастырып, оған әлемнің 20 елінен әйгілі аниматорлар келіп қатысқан. Олардың қатарында АҚШ-тағы мультфильм түсірудің отаны саналатын «Уолт Дисней» студиясын жиырма жыл басқарған Билл Деннис те болған еді. Бұған дейін американдық атақты студияның өкілі тұрмақ, көрші Ресейден аниматор ат басын бұрып па еді Шымкентке?! Сол жолы шымкенттік балалар әлемнің әйгілі аниматорларын көзімен көріп, жүзбе-жүз қауышып, мәре-сәре болып қалған.  Сол жолы өзгелер де, өзіміз де бұл фестивальдің Шымкенттің бренді болатынына бек сенгенбіз. Сол жолы бұл фестивальдің екі жылда бір рет өткізіліп тұратыны да сөз болған. Бұдан кейін фестиваль 2010 жылы жалғасын тауып, әрі қарай тоқтап қалды. Мұның себебін фесивальді ұйымдастырушы Керімбек Ниязбектің өзінен сұрағанбыз. Анығы сол, былтыр фестивальді өткізуге облыс бюджетінен қаржы қаралмапты.
Өткен аптада ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов Астанада Орталық телекоммуникалар қызметінде журналистер алдында брифинг өткізді. Газетіміздің бас директоры Талғат Балтабаев Ақордаға арнайы барып, сол жерде облыс әкімінен Оңтүстік бренді болуы тиіс аталмыш фестивальдің неліктен тоқтап қалғанын сұрады.
Әкім қаржыдан тапшылық жоқ екенін, жақсы бастамалардың қолдаусыз қалмайтынын жеткізді. Мәдениет саласындағы жақсы бастама дегенде, «Арыс жағасында» ретро-фестивалінің тұрақты өткізіліп келе жатқанын мысалға келтірді.
– Анимацияға келгенде оның өткізілмей қалуының нақты себебі мынау дегенді айту қиындау болатын шығар. Қаржы мәселесінде қиындық тумауы керек. Жақсы іс-шараны қолдауға қашан да дайынбыз , — деді әкім.
Әрине, мұндай ретро-фестивальдердің өткеніне ешкімнің де қарсылығы жоқ, тек үш-төрт жастағы балаға ретро не сатиралық кештер емес, ізгілікке, мейірімділікке, батырлыққа тәрбиелейтін мультфильмдер керек. Бүгінгі қазақ баласы «Спанч боб»,  «Черепашки ниндзя», « Новые Мстители», « Кунг-фу Панда»,  «Планета Халка»,  «Битва за планету Терра»,  «Монстры против пришельцев», «Бэтмен», «Обитель зла», «Трансформеры», «Звёздные войны»,    «Чёрный Плащ», «Атлантида», «Школа Мертвецов», «Аватар» секілді мультфильмдерді  көріп жүр.
Бала – болашақ! Қазақ баласы – қазақ елінің, Қазақстанның болашағы!  Қазақ баласын намысты, рухты да қайсар, батыл да батыр етіп тәрбиелеу үшін үлгі болар ержүрек батырлар өзімізде жетіп-артылады.  Алпамыс пен Қобыланды, Қабанбай мен Бөгенбай секілді батыр бабалар бастаған бұрынғы, Тоқтар Әубәкіров, Бекзат пен Ермахан, Мұхтархан бастаған  бүгінгі батырлар туралы мультфильм не компьютерлік ойындар  шығарсақ жараспай ма? Былтыр Лондонда қазақстандық спортшылардың жеңісі әлем халқын таң қалдырды. Бүгінгі қазақ баласы үшін олар да өнеге болуға тұрарлық. Сондықтан да қазақ қоғамы үшін «Аватар» емес, Алпамыс жайлы жібі түзу мультфильм керек!

P.S. Желтоқсанның 12-сі  күні Астанда ОКҚ-да Оңтүстік Қазақстан облысының  әкімі Асқар Мырзахметов журналистермен брифинг өткізді. БАҚ өкілдері тарапынан облыс әкіміне 50 сұрақ түсті. Соның бірі, Оңтүстік журналистері тарапынан түскен жалғыз сұрақ «Уақыт» газетінің  атынан қойылды. Газетіміздің бас директоры Т.Балтабаев әкімнен «Алтын жебе» халықаралық анимациялық фестивалінің неліктен өткізілмей жүргенін сұрады. Брифингтен соң Т.Балтабаевқа «Бұл сұрақ кімнің тапсырысы бойынша қойылды?» деп қоңырау шалғандар көп болды. Айта кетерлігі, жергілікті телеарналардың бірі  аталмыш брифингті анимацияға қатысты сұрақты қиып тастап көрсетті. Бұл жағдайда қатысты айтарымыз: бұл  — бүлдіршіндердің  үні, болашақ ұрпақтың тапсырысы! Ал телеарнаның әрекетін редакция болашақтың тамырын қию деп түсінеді.

Гүлжамал МҰСАЕВА