ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ОҢ ІС КӨП
Жуырда табиғат жанашырлары мен қоршаған ортаны қорғау саласына қатысты жауапты мекеме басшыларының қатысуымен арнайы жиын өтті. Отырыстың тізгін қағары Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев болды.
Мәжілісте облыс аумағында аңшылық шаруашылық алқаптарын бекітіп беру және аңшылық шаруашылығын дамыту жоспарларын дайындау, дүниежүзілік қуаңшылықтан сақтану мақсатында орман, дала өрттерінің алдын алу мен болдырмау шаралары сөз болды.
Бүгінде Түркістан облысы әкімдігіне қарасты 7 орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 3 миллион гектардан астам мемлекеттік орман қоры жері бекітілген. Орман шаруашылығы мекемелерінің негізгі міндеті – мемлекеттік орман қоры жерлеріндегі өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің өсімін молайту, қорғау және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету.
Мемлекет басшысының экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында мемлекеттік орман қоры алқаптарына 2 млрд түп ағаш көшеттерін отырғызу туралы тапсырмасына сәйкес, алдағы 5 жылда облыста 132 мың гектар аумаққа 217 миллион түп ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Оның ішінде облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты мекемелермен 110 мың гектар жерге 170 млн түп орман дақылдарын егу қолға алынып, атқарылуда. 2021 жылы орман қорының 15120 гектар аумағына 23 мың данаға жуық әртүрлі ағаш көшеттері егілсе, 2022 жылы 16 мың гектар аумаққа 23 миллионнан аса көшет егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мекемелердің тұқымбақтарында 30-35 млн түп көшет өндіру бағытында жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар облыс әкімінің бастамасымен Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында 2019-2022 жылдары қала айналасынан 7700 гектар жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланғаны белгілі. Бүгінгі таңда барлығы 13629 гектар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімінің тікелей қолдауымен орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық базасы мен штаттық бірліктері соңғы екі жылда 2 есеге жуық ұлғайды. Орман шаруашылығы мекемелерінде жұмыс істеушілер саны 2018 жылы 707 бірлік болса, 2021 жылы 1332 бірлікке жетіп, өсім 88,4 пайызды құрады. Техникалар саны 2018 жылы 306 дана болса, қазіргі күнде 443 данаға жетіп, 44,8 пайызға өсті.
Түркістан қаласы мен облыстың экологиялық ахуалын тұрақтандыру, «Жетікөл» көлдер жүйесінде суды тиімді пайдалану мен тұрғындардың демалыс аумағына айналдыру мақсатында 43 шақырымнан аса бөгет салынды. Бүгінде, «Жетікөл» көлдер жүйесінде 300 млн текше метр су қоры жинақталса, келешекте 500 млн текше метр су жинау жоспарлануда. Аумақтағы флора мен фауналар тұрақты қорғауға алынып, жұмыстар жалғасуда.
Облыс аумағындағы балық шаруашылығын дамытуға жарамды су айдындарына түгендеу жұмыстары жүргізіліп, балық шаруашылығын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспары бекітілді.
Жиында орман шаруашылығы саласының ардагерлері мен мекеме басшыларының облыстың экологиясын одан әрі жақсарту мақсатындағы ұсыныстары тыңдалды.