АРДАҚ ТҰТАР АҒА ЕСIМIН АЙ БЕТIНЕ ЖАЗСАМ ДЕП…

438
0

Адам бұл өмiрге келедi, кетедi. Ал артында оның iстеген iстерi мен ол туралы естелiктер қалады. «Ердiң ерлiгiн бiлмеген – елдiң бiрлiгiн бiлмейдi» демекшi, елiн сүйген әрбiр ердiң игiлiктi iстерiн ерлiкке балап, ұрпаққа үлгi-өнеге етiп отыру да ерлiкке барабар. Өзiнiң қарымды iстерi мен қажырлығы арқасында бүкiл елге танымал болып, елiнiң ертеңiне, iзiн жалғастырар ұрпағына алаңдайтын азамат жайлы көп естушi едiм. «Көп естiгеннен, бiр көрген артық», Серiкжан Сейiтжанұлымен кездесуге құштар болдым. Кiсiлiгi мен кiшiлiгi бiр басына жетерлiк ағамның қыр соңынан қалмай жүрiп, жолықтым. Маған ұнағаны, ол кiсiнiң биязы мiнезi мен бауырына тарта бiлер бауырмалдығы болды. Ашық-жарқын әңгiмемiздiң әлқиссасын әрiден бастауды жөн көрдiм.

ӨМIР-ӨЗЕН КҮРКIРЕЙДI, ӨТЕДI…

Ол кiсiнiң өткен өмiрiнiң бәрi сағыныштан тұрады. 1912 жылы Оңтүстiктегi әйгiлi Отырардың алақандай Шiлiк ауылында өмiрге келген Сейiтжан Құртаевтың 57 жыл ғұмыр кешкен кезеңiнiң өзi — қайталанбас дәуiр. Ол туралы естелiк те, кiтап та жазылды. Айтудан ауылдастары шаршамаса, жазудан қаламгерлер қалыспады. Мұндайда қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейдi. Сейiтжан атамыздың әруағы разы болар, ол кiсiнiң ұлағатты iстерiн бүгiнде ұлдары жалғастырса, өнеге болатын iстерiн қыздары қабылдаған.

Кеңес үкiметiнiң кемелденуi мен ұрпақ тәрбиесiнiң берiктiгiн ойлаған Сейiтжан Есжанұлы соғыстың алдында Ташкенттегi Орта Азия Университетiн бiтiрiп, туған ауылына мұғалiм болып келдi. Бұл бiр, қазақ балаларының бiлiмге аса сусап отырған кезi болса керек. Жалындаған жас маман бiлек түре, бiлгенiн балаларға үйретуге кiрiстi. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға». Мұны ауыл ортасындағы бәкене тамда қараңғы қазақ көгiне өрмелеп шығып күн болғысы келетiн қараборбай балаларға сабақ берген Сейiтжан Құртаевқа қарата айтсақ қапы қалмасымыз анық. Әттең, ол кiсiнiң бергенiнен бередiсi көп кезiнде соғыс өртi тұтанып, алғашқылардың бiрi болып майданға аттанды. Соңында жуырда үйленген жары Хадиша, ағайын-туыспен қатар, ендi ғана бiлiмге бас ұрған шәкiрттерi қалды.

Немiс-фашистерiн күйрете жеңiп, кеудесiн орден-медалға толтырып қайтқан Сейiтжан атамыз елге аман-есен келген соң  да ұстаздық қызметiн жалғастырады. Көкiрегi ояу, бiлiмдi маманды қанша жерден лауазымды қызметтерге шақырса да, соңынан ерер жалғыз тұяғын жанынан шығарғысы келмеген әкенiң көңiлiне қарап, Шiлiктiң мектебiнен алысқа ұзамады. Ауылға да бiлiмдi мамандар керектiгiн түсiнген ол кiсi асарлатып, жаңа  мектеп салуға кiрiстi.  Соғыста алған жарақаты жанына батып, денсаулығы сыр берсе де, сырын сыртқа шығармады. Жаңа мектепте директор бола жүрiп, 57 жасында өмiрден өткен ол  кiсiнiң  еңбегiн ол кезде бiреу бiлсе де, бiреу бiлмеген болатын. Көңiлге бiр демеуi, кешегi жалғыз тұяқтан 5 ұл, 6 қыз өрбiген едi. 11 баламен жесiр қалған Хадиша апамызға Құдай қуат берiп, бәрiн де жетiлдiрдi, оқытып, отау құрғызды

 ӘКЕ РУХЫМЕН ТIЛДЕСУ

Атам қазақ «Орнында бар – оңалар» деп тегiн айтпаса керек. Отағасы өмiрден озғалы да күн мен түн, ай мен жыл бiрiн-бiрi алмастырып, уақыт шiркiн алға қарай тоқтаусыз жылжи берiптi. Кешегi жалаңбұт шауып жүрген балалар да ер жетiп,  қыздар құтты орындарын тауып үлгерiптi. Бiр қауым елдi құраған Сейiтжановтар әулетiнiң нақ ортасында мәуелi бәйтеректей, жапырағын жан-жаққа жайған Хадиша апамыз қажылық парызын орындап, Аллаға құлшылық етiп отырған жайы бар. Айтпақшы, бiр кездерi Сейiтжан ақсақал салдырған мектептiң орнында бүгiн биiк те, еңселi жаңа типтiк жобадағы мектеп ғимараты тұр. Бұл – Сейiтжан Құртаев атындағы бiлiм ұясы. Мұндай көрiм мектептi өз қаржысына салып, қажеттi құрал-жабдықтармен толықтырған — Серiкжан Сейiтжанов ағамыз. «Менде болғанша, елде болсын» деген пиғылына риза болмаған жан кемде-кем.

Әрдайым әке рухымен тiлдесiп, оның iзгi қасиеттерiн бойларына сiңiрiп өскен Сейiтжан атамыздың – Мархаба, Керiмжан, Серiкжан, Гүлсара, Анаржан, Гүлдан, Әлiмжан, Мәлiкжан (марқұм), Әдiлжан, Балжан, Райхан сынды ұл-қыздары бүгiнде әрқайсысы бiр-бiр тұлға болып қалыптасқан. Сейiтжан ақсақалдың ұрпақтары жуырда әкелерiнiң – 100, аналарының – 90, қарашаңырақтың иесi Әдiлжанның – 50 жасқа толған тойларын дүркiретiп өткiзiп, отағасының рухына арнап көкпар бердi. Аталман көкпар, арқалы ақындар айтысы Отырардың ғажайып даласын дүбiрге бөлеп, көгiлдiр көгiнде ән тербелдi.

Кiсi сыйлайтын ғажайып сұлулығы, кiрi жоқ пәк көңiлi, басқаларды шарлап төгiлетiн асыл жүрек қасиетi, манаурап жатып алмайтын  елгезектiгi, көпсiнбей көңiлiн жайып тастайтын сыйластығы, уылжыған тәттi үмбетiмен асауға да, тұсаулыға да қол ұшын берiп, сүйемелдеп, қатарға қосып жiберетiндiгi, өзiне-өзi ризалығы кiмдi де болса таңқалдырмай қоймайтын Сейiтжан атамыздың әруағы бұл күнi бiр аунап түскен болар. Уақыт өткен сайын бәрiмiз де «өмiр — өткен күндер емес, есте қалатын күндер» екенiн сезiнетiн боламыз. Бұл — айдай ақиқат. Ендеше, Сейiтжан Құртаевтың рухы да сол «есте қалар» күндердiң, жылдардың қатарын молайта түсерi күмәнсiз…

 ОЛ КIСIНIҢ БIЗ БIЛМЕЙТIН ҚЫРЛАРЫ

Ертеректе Лұқпан хакiмнен бiреу: «Осы сiздi мың жасқа келдi дейдi. Сол рас па? Рас болса, бұл жасқа қалай жетiп жүрсiз?» – деп сұрапты. Сонда хакiм: «Менi мың жасқа жеттi деп жүргендер артық айтқан–ау. Әйтпесе жасым жүзге ендi толды. Десе де, әлгi айтқыштардың сөзiнiң жаны бар. Мен өмiрiмде мың жақсыны көрдiм. Әр жақсымен сұхбат алған бiр күнiм бiр жылға татыды. Соны есептесем, мың жасағаным хақ қой» – деген екен. Хакiм айтпақшы, мың жақсыны көрмесем де, әр жақсыдан сұхбат алған сайын кейiпкерiмнiң мiнез, қасиеттерiне, бiтiм-болмысына, адами келбетiне қарап отырып, қанаттанатыным рас. Шабытыңа шабыт қосылғандай күй кешесiң. Серiкжан ағамен арамыздағы әңгiмеден соң, ол кiсiнiң бiз бiлмейтiн көптеген қырларына қанықтым.

«Елiм, халқым»  деп айта алу да — азаматтық. Ал елiнiң ертеңiн ойлау, халқының қамын жеу, бұл – азаматтықтың нағыз шыңы. Өз басым Серiкжан Сейiтжановты осы шыңға теңедiм. Қазақстанның әлеуетi артып, экономикасы дамыған сайын елiмiзде қалталы азаматтар қатары да көбейгенi анық. Еңбектiң түбi қашанда зейнет екендiгi даусыз. Әйтсе де, қайсыбiр қалталылар тапқандарын тақымына басып, оның рахатын өзi де көрмей, өзгелерге де татырмай, жетi қабат жердiң астына көмiп тастайды. Ендi бiреулерi байлықтың буына iсiп-кеуiп, ауылдас түгiлi, ағайын-туысқа қарамай, олардың мүддесiнен, халқының қадiр-қасиетiнен гөрi айдаладағы бiреулердi мансұқ көрiп, солардың әншiсi бар ма, футбол командасы бар ма, барын шашып жатады. Өзгенiң қаңсығына таңсық болған мұндай жандарға елдiң, жердiң, халықтың құны  көк тиын.

Сонау, әлi  кеңестiк жүйе жойылмай тұрғанда-ақ туған ауылына мешiт салып берiп, қариялардың қошеметiне бөленген Серiкжан аға Шiлiктен және Сайрам ауданындағы Таскен ауылынан соңғы үлгiдегi типтiк мектеп салып, 1993 жылы әйгiлi Ордабасы биiгiне келген үш елдiң президенттерi Н.Назарбаевқа, И.Каримовке, А.Ақаевқа ақбоз ат мiнгiзiп,  ақ шапан жауып, мемлекет басшыларының батасын алған кiсi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында Н.Назарбаевпен бiрге Америкаға, Англияға барып, бизнес саласынан тәжiрибе жинақтап қайтқаны бар. Қашанда Елбасы саясатын  қолдап, оның ерен еңбегiн, халыққа жасап отырған жақсылығын айтып қана қоймай, тiкелей жүзеге асыруға септiгiн тигiзiп  жүрген ағамызды қалай мақтасақ та, қандай теңеу айтсақ та жарасатын секiлдi. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылдың 24 ақпанында iскер азаматтарды Жезқазған қаласына шақырып, көптеген талаптар қойды, «Бизнес саласындағы азаматтар келешекте әлеуметтiк жағдайда көп көмектесулерi керек, мектеп, балабақшалар салуы керек» дегенi бар. Мұны естiген Серiкжан аға елге орала сала игiлiктi iстi бастап та жiбердi. Тамыз айында жаңа типтiк жобадағы мектеп үйi пайдалануға берiлдi.

Тарихқа тереңiрек  көз жүгiртiп  көрсек, ең алғаш өз қаржысына Жәңгiр хан мектеп салдырса, одан кейiн Ыбырай Алтынсарин ашқан. Ал тәуелсiз Қазақстан елiнде типтiк жобамен мектеп салған Серiкжан Сейiтжанов екен. Осыдан-ақ ол кiсiнiң кiм екенiн бағамдай берiңiз.

«СТАНДАРТ-ЦЕМЕНТ» — ОҢТҮСТIКТIҢ БЕТКЕ ҰСТАРЫ

Шымкенттiң iргесiндегi Тассай ауылының тұсынан 2010 жылғы 20 желтоқсанда қуаттылығы 1 миллион тонна құрғақ цемент дайындайтын «Стандарт-Цемент» зауыты iске қосылды. Құрылтайшысы – Серiкжан Сейiтжанов. Зауыттың негiзi 2006 жылдан қалана бастады. Елбасының берген тапсырмасына байланысты, Азияда көшбасшы ел болуды мақсат еткен Қазақстанға халықаралық стандарттарға негiзделген алып кәсiпорындар салу керек екенiн iштей түсiнген Серiкжан аға тәуекелге бел буған-ды. 30 корпоративтi көшбасшы жобалардың қатарына кiрген зауыт сол кездегi әлемдiк қаржы дағдарысына қарамастан Елбасыға берiлген уәде үдесiнен шығу үшiн жанталасты. Шетелдiк банктен 100 млн. АҚШ доллары  көлемiнде несие алып, 18 айда өндiрiс iске қосылды. Бұл айтуға ғана оңай, қаншама  күш-қайрат кеткенiнен бөлек, түрлi кедергiлер де болмай қалмады. Зауытқа жұмысшылар жергiлiктi жерден қабылданады, 120 азамат Қытайда болып, дайындықтан өтiп келдi. Зауыт салынып  жатқанда Елбасымыз Оңтүстiкке арнайы келiп, бизнес жобалармен танысты. ТМД елдерiнде баламасы жоқ мұндай зауытқа Елбасымыз қызығушылығын танытты. Қоштасарында «бiздiң жiгiттердiң iскерлiгi шетелдiктерден кем болмауы керек,  намысқа тырысыңдар» дегенi түсiне бiлген адамға үлкен ой салары анық.

Экологиялық жағынан зиянсыз құрғақ цементтi дайындау технологиясын ғылыми тұрғыда жасаған — Серiкжан Сейiтжановтың өзi. Қондырғы — Қытайдың Тянь-зин қаласындағы цемент өнеркәсiбi ғылыми-зерттеу институтының өнiмi. Осы институттың өкiлi, жоба жетекшiсi Шу Сун Ли әлемнiң 20 мемлекетiнде өз зауыттарының жұмыс iстеп тұрғанын, Қазақстандағы бұл жоба индустрияландыру бағдарламасында жетекшi салаға айналатынына сенентiнiн айтады. Өндiрiс орнының ашылуы арқасында 5000-дай адам жұмыспен қамтылып, Сайрам ауданының бюджетiне жылына 2 млрд. теңге шамасында қаржы құйылды. Зауыттың жанында 3 карьер бар. Олардан бор, топырақ, көмiр алынады. Онда 800-ден астам адам жұмыс iстейдi. Жұмысшылардың балалары оқысын деп 240 орындық типтiк жобада мектеп, балабақша салынды, жолдар қалпына келтiрiлдi. «Елде болса ерiнге тиедi» деген осы болса керек. Қазақстандағы бiрегей цемент зауытының салынуы жоғары сапалы өнiм өндiруге, жұмыссыздықтың алдын алуға, бюджет бүйiрiнiң томпаюына әсер еткенiн ешкiм  де жоққа шығара алмас. Зауыттың директоры – Бауыржан Серiкжанұлы Сейiтжанов. «Әке көрген оқ жонар» демекшi, Бауыржан — әрi заңгер, әрi ғалым, әрi депутат. Ол №14 сайлау округi бойынша Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, «Алтын жүрек» ұлттық қоғамдық сыйлығымен марапатталған, кең жүректi азамат.

 КЕМЕҢГЕРЛЕР КӨП БОЛСА, АРАМЫЗДА…

Ұстазсыз шәкiрт болмайтыны ақиқат. Серiкжан ағаның ең бiрiншi ұстазы – әкесi дедiк. Одан кейiнгi өмiрлiк ұстазына балайтын жаны әке орнына әке болып, өмiрден өз орнын табуына мүдделi болған жан,  ол – Сұлтан Тәшiрбайұлы Сүлейменов деген академик  ағасы. Сол кiсiмен бiрге жүрiп, көптеген тәлiм-тәрбие алады. Жоғары оқу орнын бiтiрген соң қызметке орналасуы, мұның бәрiнiң басы-қасында аяулы ағасы жүрдi. Ал ендi тағы бiр ұстазы Ұзақбай Қараманов екен. Ол кiсi  елiмiздiң тұңғыш Премьер-министрi болғанынан хабардармыз. Бұл ағасы да Серiкжан Сейiтжановты өзегiнен итермей, бар ақылын айтудан жалықпады. Қазiр де барыс-келiсi бар Ұзақбай аға көргенi мен түйгенiн, айтып, бағыт-бағдар берiп отырады.

Кәсiпкерлiк салада ғана емес, әдебиетте де қарым-қатынас орнатып, кеңесiп отыратын белгiлi қаламгерлер Мұхтар Шаханов, Төлен Әбдiк Серiкжан ағамен тығыз байланыста.

Шәмшi Қалдаяқов, Шыңғыс Айтматовпен де жақсы қатынаста, бiр дастархан басында дәмдес болғанын Серiкжан аға әркез еске алып отырады. Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматов екеуi бiрiгiп жазған кiтаптың тұсаукесерi Парижде өтiп, жақсы көретiн ағаларының қуанышына ортақтасу мақсатында Сәкеңнiң Францияға сапар шеккен күндерi де болған. Жаны таза, жүрегi кең адамға өзгенiң көрсеткен сенiмi бойына қайрат, қиялына қанат бередi. Ел-жұртының, ата-анасының өзiне жүктеген сенiмiн ақтау үшiн қандай қиындық болса да қарсы тұра бiлiп, сенiмдi ақтап шығу жолында ол адам шаршау, шалдығуды бiлмейдi. Серiкжан Сейiтжанов осы топтың қатарында. Ол кiсiнiң алдында қаншама қыруар iс, межелi мақсат, жүйелi жоспарлар тұр. Қызылорда қаласынан мұнай өңдеу зауытын, Өгем су қоймасынан ГЭС, Шымкенттен 5 жұлдызды қонақ үй, Отырар ауданынан 500 орынды шипажай, Оңтүстiктен техникалық институт, «Стандарт-Цемент» зауыты жанынан қосымша 2 линиялы өндiрiс орнын, қызылордалықтарға теннис кортын салып берсем деген армандарының бүгiнгi таңда бiрқатарының құрылыстары басталып та кеттi, ендi бiреулерi пайдалануға да берiлiп үлгердi. Жаңа теннис кортының ашылуына Елбасының өзi қатысып, ел игiлiгi жолында барын да, нарын да аямай жүрген азаматтың еңбегiне жоғары баға бергенi бар. Кемеңгерлерден бата алып, өзi де кемеңгер азаматтың бiрiне айналған Серiкжан Сейiтжановты бiреулер бай деп есептейдi. Рас, Серiкжан аға материалдық жағынан да, рухани жағынан да бай. Көзi ашық, көкiрегi ояу, қолы ашық ол кiсiдей кемеңгерлер арамызда көп болса, қанекей!

 ЕЛ АҒАСЫНЫҢ ЕЛБАСЫ ТУРАЛЫ АЙТҚАНЫ

— Президентiмiздiң ерен еңбегi, сарабдал саясатының арқасында Қазақстанның аты да, атағы да дүниежүзiне танымал болды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық еттiк. Астана саммитi тарихтан маңызды орын алды. Шындығын айту керек, 11 жыл тоқтап қалған саммитке қан жүгiрткен Қазақстан екенi ақиқат.

Осы ауқымды шараға 56 елдiң басшылары жай келiп кеткен жоқ, олар Қазақстанның қандай биiкке көтерiлгенiн көрiп кеттi. Бұл дегенiмiз — Қазақстанның келешектегi өркендеуiнiң жаңа кезеңi дер едiм.

Жеке кәсiпкер ретiнде айтарым, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы және iшкi саясаттағы көрегендiгi арқасында экономикамыздың алға қарай қарыштай дамуы осының айғағы. Шетелдiк инвесторлар Қазақстанға келiп, өндiрiс пен өнеркәсiптi өркендеуге үлес қосуда. Президент елiмiздi дамыған 50 елдiң қатарына қоссам дейдi. Бұл мақсатқа жету жолында бәрiмiз бiрдей атсалысып, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығара бiлуiмiз керек. Елбасының елге деген қамқорлығының арқасында жаңа жұмыс орындары ашылуда, ауылшаруашылығы аяғынан тұрып, өте көлемдi жобалар қолға алынды, бағыты басым бағдарламалар өмiрге келдi. Жастарға қолайлы жағдайлар жасалынуынан бөлек, жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтiк мәселелерiн шешу сынды қамқорлықтар жасалынып келедi.

Елбасының әр бағдарламасында адам денсаулығы ерекше назарға алынады. Бұл салаға қаржы аяудың қажетi жоқ. Себебi, Қазақстанның басты байлығы — адам және оның денсаулығы. Сол сияқты бiлiм, мәдениет, спорт, құрылыс, әлеуметтiк салалар да ешуақытта Елбасы назарынан тыс қалмай, әлемдiк дағдарысқа қарамастан қажеттi қаражатпен қамтамасыз етiлiп отырады. Ана мен балаға керек қамқорлық болсын, қарияларға деген құрмет, жастарға жасалынар жеңiлдiк, мұның бәрi де бiзде бар. Өз басым Елбасымен бiрнеше мәрте жүздестiм, ол кiсiнiң салихалы сөздерiне құлақ түрдiм. Тек қана елдiң жағдайын сұрайды, елге қызмет етуiмiздi тапсырады. Менiң ел үшiн жасап жүрген азды-көптi еңбегiмнiң барлығы дерлiк Елбасы тапсырмасынан туындаған әрекет екендiгi анық,- дейдi Елбасы туралы сұраған сауалымызға ел ағасы атанған Серiкжан аға ағынан жарыла.

 ӨНЕГЕЛI ӨМIР ЖОЛЫ

Бiз Серiкжан Сейiтжановтың ардақ тұтар әкесi, аяулы анасы мен ұлағатты ұстаздары, азды-көптi еңбегi жайлы шамамыз келгенше баяндап, ол кiсiнiң  көпке өнеге болар қасиетi жөнiнде қалам тербедiк. Айтылмағаны мен қамтылмамағаны қаншама! Әйтсе де, бұл бiздiң ағамен соңғы кездесуiмiз емес, амандық болса, әлi талай жүздесермiз, суыртпақтап сыр тартармыз, iзгi ниеттерiне тiлеулес болармыз, еселi еңбектерiн елге жеткiзермiз. Қысқасы, адам өз өмiрiнде  талай жанмен кездеседi. Солардың iшiнде өзiң пiр тұтар, өзгелерден оқ бойы озық тұрар даралары болады. Ондай жандардың бейнесi топ бастайтын Сары атандай, сенiң есiңде сол өзiңе ұнаған қалпында ұзақ сақталады, кездесуге асығып тұрасың-ақ.

Бiздiң бүгiнгi кейiпкерiмiз — Серiкжан Сейiтжанұлы 1949 жылдың тумасы. Кiндiк қаны тамған жерi – ОҚО Отырар ауданы, Шiлiк елдiмекенi. Қазақ химия-технология институтын құрылысшы, инженер-технолог мамандығы бойынша бiтiрген соң еңбек жолын Шымкент құрылыс материалдары комбинатында шебер болып бастап, цех бастығы, бас инженер, комбинат директоры лауазымына дейiн көтерiлдi. 1990-1991 жылдары Шымкент қалалық партия комитетiнiң хатшысы, 1991-1999 жылдары КССР-i Мемлекеттiк жабдықтау басқармасының ресурстар министрлiгiнiң «Оңтүстiк» дайындау-өткiзу компаниясының президентi болды. 1999-2003 жылдары «Оңтүстiк» ЖАҚ президентi болып қызмет  атқарды. 2003 жылдан берi «САУТС-ОЙЛ» мұнай компаниясының президентi.

Ол техника ғылымдарының докторы, Халықаралық ғылым, бiлiм, өнеркәсiп және мәдениет академиясының белсендi мүшесi, халықаралық информатизация академиясының корреспондент мүшесi, халықаралық Вена университетiнiң құрметтi профессоры, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нiң құрметтi профессоры, ҚР Жер қойнауының құрметтi барлаушысы.

Серiкжан Сейiтжанұлы елге сiңiрген еңбектерi үшiн «ҚР Еңбек сiңiрген қайраткерi» атағымен, «Құрмет белгiсi», «Парасат», «Достастық жұлдызы» ордендерiмен, «Бiлiм жүйесi меценаты» атағымен, ҚР Президентiнiң «Алтын жүрек», «Парыз», «Қамқорлық» номинациялары бойынша сыйлықтарымен, төсбелгiлерiмен марапатталды. Серiкжан аға басқарып отырған «САУТС-ОЙЛ» компаниясы 2006 жылы халықаралық «Ұлттық экономика көшбасшысы» сыйлығының лауреаты, 2009 жылы Еуропа бизнес ассамблеясының «Үздiк өнеркәсiп» атағына ие болды, компания президентi С.Сейiтжановқа «Жыл менеджерi» атағы берiлдi және «Бiрiккен Еуропа» медалiмен марапатталды.

2010 жылы Елбасының «Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi» бағдарламасына сәйкес екi iрi инновациялық жобаны iске қосты. Оның бiрi «Стандарт-Цемент» зауыты болса, екiншiсi — Қызылорда облысын индустрияландыру нәтижесiнде аймақты табиғи  газбен қамтамасыз ететiн iлеспе газды өңдеу зауыты.

Облыстық мәслихаттың депутаты ретiнде ОҚО әлеуметтiк-экономикалық дамуына қосқан үлесi өз алдына бiр төбе. Жұбайы Ханшайым апаймен бiрге 4 ұл-қыз тәрбиелеп өсiрген Серiкжан аға олардың өмiрден өз орындарын табуына, азамат болып қалыптасып, елге қызмет етулерi жолында аз еңбектенген жоқ. Шүкiр, барлығы да ата-аналарының үмiттерiн ақтап, бiр-бiр шаңырақтың тұтқасын ұстап отыр.

Әркiм өзiнiң туған елiн жақсы көредi. Сыртта жүрсе, сағынышпен еске алады, өзгелерге мақтауын жеткiзiп, тамсандыра да бiледi. Серiкжан ағам да солай, кiндiк қаны тамған Шiлiгiн, ат жалын тартып мiнген Отырарын аузынан тастамай, жиi еске алды. Туған жерге тағзым етудi, әлеуметтiк мәселелерiн шешудi, өскелең ұрпаққа жағдай жасауды қаперiнен шығармайтынын айтады. Жақсының жақсылығын айтсақ, несi айып, бiз де Серiкжан Сейiтжанұлының бiтiм-болмысы, қадiр-қасиетi, кескiн-келбетi, мiнез-құлқы туралы айтып өттiк. Ол туралы әлi айтыла да, жазыла да бередi…

 Ердәулет ТҰРАПБЕКҰЛЫ.

  • Сiз не дейсiз?

Мұхтар ШАХАНОВ, ақын:

– Серiкжан Сейiтжанов таза әншiлiкпен шұғылданғанда, қазiргi әншiлердiң бел ортасында жүрген болар едi. Жас кезiнде сазын Шәмшi Қалдаяқов, сөзiн мен жазған «Ақсудан ұшқан аққуым» атты әндi тұңғыш рет облыстық радиода керемет орындағаны есiмде. Сол уақытта-ақ оның дарынына тәнтi болғанмын. Шәмшi де даусына ерекше мән берген-тiн. Алайда ол қазiргi таңда Қазақстандағы мықты кәсiпкерге айналды. Рас, бiзде кәсiпкерлер көп, өкiнiшке қарай, олардың көпшiлiгi, дәлiрегi, 70-80 пайызы – орыстiлдi қазақтар. Оларға елдiк, ұлттық рухтың, мүдденiң қажетi жоқ. Ал, Серiкжан әлгi кәсiпкерлерге ұқсамайды. Жұртшылықтың игiлiгi үшiн өз қаржысына мектеп, балабақша, мешiт салдырды. Яғни, басқаларға қарағанда, оның бiр ерекшелiгi – елдiк, ұлттық мүддеге өте жақын, оны жан-жүрегiмен сезiнедi. Шалақазақтардың барлығы ең алдымен жеке басының қамын күйттесе, Серiкжан бауырымның Қазақ елiне, ұлтына жаны ашып тұрады. Мен осы қасиеттерiн өте жоғары бағалаймын.

 

  • Сiз не дейсiз?

Әбiлқасым ДОСБОЛОВ, Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты:

– Серiкжан Сейiтжановты отыз жылдан берi жақсы бiлемiн. Өз маңдай терiмен еңсе тiктеген азамат. Iскер, адамгершiлiгi мол, қарапайым. Кейбiр қалталы жiгiттердей тәкаппарланып, менменсiгенiн байқамаппын осы күнге дейiн. Қашан көрсең, халықтың арасында жүредi. «Қайтсем, қалың бұқараға пайдамды тигiземiн?» деген сауалды бiр сәт жадынан шығарған емес. Оңтүстiк жұртшылығының жағдайын жақсартып, өмiр сүру сапасын арттыруға атсалысып жүргенi қуантады. Халықты, елдi ынтымақ-бiрлiкке шақыратын азамат. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлесiң» демекшi, мұның барлығы – өсiп-өнген, тектi әулеттен шыққандығының белгiсi. Меценат ретiнде әрқашан игi iстер мен қайырымдылық шараларының басы-қасында жүредi. Жүрегi жұмсақ: әл-ауқаты төмен жандарға қол ұшын созуды ұмытпайды. Имандылығының дәлелi болса керек, мешiт һәм мектеп салдырды. Секең облыстық мәслихаттың депутаты ретiнде де өте белсендi әрi беделдi. Салмақты сөйлейдi, қызбалыққа салынбайды, өз ой-көзқарасы бар, қажет жерiнде пiкiрiн ашық және нақты бiлдiредi. «Жетi рет өлшеп, бiр рет кесетiн» мiнезiнен үлгi алуға болады. Өмiрлiк тәжiрибесi жеткiлiктi. Табиғаты жаңашыл. Жаңалықты ертерек жүзеге асырмай тынбайды. Ақылға қонатын iстi соңына дейiн жеткiзетiн табандылығына разымын. Тек Оңтүстiкке ғана емес, республикамызға, бiрқатар шет мемлекеттерге танымал азамат. Елiмiз қиын-қыстау кезеңдердi бастан кешiрiп жатқан тұста талай жiгiттер өз бизнестерiн қожыратып алды. Ал, Серiкжан Сейiтжанов iскерлiгi мен ұйымдастырушылық қабiлетiнiң жоғарылығының нәтижесiнде барлық қиыншылықтардан дiн-аман өттi. Қайта жұмыс орнының санын көбейтiп, халықтың ықыласына бөлендi. Шын мәнiнде «халық қалаулысы» деген атқа лайықтығынан болар, Елбасымыздың қолынан медаль-ордендер алып, бiрнеше дүркiн марапатталды. Мұның бәрi – қажырлы еңбектiң жемiсi. Сол үшiн оны қатты сыйлаймын.

 

  • Сiз не дейсiз?

 

Бейбiт СЫЗДЫҚОВ, ОҚО Отырар ауданының әкiмi:

– Серiкжан аға Сейiтжановты бүкiл отырарлықтар ерекше құрметтейдi. Жүрегi кең азамат. Өте сабырлы. Бiлiмдi. Мәдениеттi. Елге көп тiрлiк iстеп жатыр. Бесiктегi баладан еңкейген қарияға дейiн мән берiп, қолынан келген көмегiн аяп жатқан жоқ. Бiздiң ауданның қаншама (!) әлеуметтiк мәселелерiн шешуге атсалысты. Сайрам ауданының тұрғындары да ол кiсiге дән риза. Қуатты өндiрiс орнын ашып, өңiр экономикасының өркендеуiне үлес қосып, халықты жұмыспен қамтуда. Сондай-ақ тек Оңтүстiк Қазақстан облысына ғана емес, Қызылорда облысына да еңбегi сiңуде. Үлкен кәсiпкер. Бизнесте өзiнiң салған сүрлеуi бар. Қазақтың әрбiр азаматы осындай-ақ болсын! Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi аясында талай тың бастамаларды жүзеге асыруда. Бұл ретте қалталы жiгiттер Секеңнен үлгi алуы тиiс деп ойлаймын.