ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ НЕГІЗІ — ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ

100
0

Тәуелсіз Қазақстанға қазіргі таңдағы аумалы-төкпелі заманда қадамын нық басуы үшін ішкі тұрақтылық аса маңызды. Сонда қоғамның дамуы өз деңгейінде болады. Бұл туралы қалалық қоғамдық штаб мүшелерінің сәулетшілермен кездесуінде айтылды.

Кездесуге Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты Еркін Сатқанбаев, Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов, құрметті депутат Хайрулла Сәрсенов, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Сұлтанғали Қуандықов және сәулетшілер қатысты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында да, оған дейінгі бастамаларында да күшті президент, ықпалды парламент, халық үніне құлақ асатын үкімет принципін негізге алып жүр. Биылғы жалпы халықтық референдумда да Ата заңымызға осы бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ал 1 қыркүйектегі Жолдауда президенттің 7 жылдық мерзімге бір рет сайланатыны айтылып, заңмен бекітілді. Оның жауабы – әлемдегі геосаяси жағдайға қарсы тұру. Елдің тұрақтылығын сақтау. Себебі, бір рет сайланған президент 7 жылдық мерзім ішінде өзі бастаған өзгерістерді соңына дейін жеткізе алады. Ол үшін алдымен халықтың сенімі қажет» – деді Еркін Сатқанбаев.

Жиын барысында Икрамжан Хашимжанов сөз алып «Мемлекет басшысының бастамасымен Әділетті Қазақстан құруға бет алдық. Ал ол үшін қоғамға, ең алдымен, заң үстемдігі орын алуы қажет. Қазақта «50 жылда ел жаңа, 100 жылда – қазан» деген қанатты сөз бар. Міне, елімізде де іргелі өзгерістер болуда. Алдағы уақытта да дамудың даңғыл жолын жалғастыру үшін елдегі тұрақтылық пен татулықты сақтап, дамытып отыруымыз қажет» деп атап өтті.

Айта кету керек, жуырда мемлекет басшысының Жолдауын насихаттау бойынша жиын «Петроказахстан» компаниясының қызметкерлерімен өткен еді. Жиында қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, жеке кәсіпкер Ербол Жолбарысов Жолдаудың мән-маңызына тоқталып өтті.  «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономикалық және әлеуметтік салаға көңіл аударды.  Соның бірі – ең төменгі жалақы мөлшері 2023 жылдан бастап 70 мың теңге болады. Қазіргі таңда экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арылып, шағын және орта кәсіпті дамыту маңызды болып тұр. Оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің орны бөлек. Көптеген жұмыс орны осы жоба аясында іске асырылуда. Ал әлеуметтік даму дегенде ойға, ең алдымен, денсаулық сақтау саласын дамыту, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасының өсуіне мораторий жариялау, бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мерзімін 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды.  Бұл ел игілігі үшін жасалып отырған нақты қадамдар» — деді жиын барысында Е.Жолбарысов.