ШЫМКЕНТТЕ БАЛАЛАР ҮШІН 10 МОБИЛЬДІ ПЕДИАТРИЯЛЫҚ БРИГАДА ҚҰРЫЛДЫ

82
0

Шымкент қаласында медицина саласы айрықша қарқынмен дамып келе жатыр. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов Үкімет отырысында айтты. Нақтырағы, шаһар басшысы «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын жүзеге асыруд бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

Онда Мұрат Дүйсенбекұлы жыл басына бері тоғыз индикатордың сегізі орындалғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар «Бір индикатор бойынша – «Халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы» туралы мәлімет 2023 жылы шығады» деді қала басшысы. Соңғы жылдары қалада туу көрсеткіші жоғарылап, аяғы ауыр келіншектер мен бес жасқа дейінгі балалар патронажы 73 пайыздан 100 пайызға өсті. Дерекке сәйкес, шетінеген нәрестелер саны да жоспарлы индикаторға әсер етуде. Дегенмен болжам шегінде. Түркістан облысының негізгі денсаулық сақтау ұйымдары Шымкентте орналасқан. Сол себепті өлім көрсеткіші қалада тіркеледі. Ал Ұлттық статистика бюросы бұл мәліметтерді түзетіп отырады. Қазіргі уақытта қалалық әкімдік сәбилердің өмірін сақтап қалу бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Биыл Шымкентте балалар үшін он мобильді педиатриялық бригада құрылды. Емханаларда отбасын жоспарлау және баланы дамыту кабинеттерінің саны екі есеге артты. Алдағы үш жылда бес емхана, екі жүз төсектік заманауи периниталдық орталық, университеттік аурухана мен жеті жүз адам қабылдайтын орталық салу жоспарда бар.

Қалада медицина нысандары да көптеп ашылуда. Мәселен, Тоғыс елді мекенінде он бес мыңнан астам халыққа қызмет көрсететін «Togus-med медицина орталығы» жеке инвестиция есебінен ашылуда. Нәтижесінде Тоғыз, Елтай, Жыланбузған, Маятас және Айнатас елді мекендері медициналық қызметпен толықтай қамтылмақ. Орталықтың бір ауысымдағы сиымдылығы екі жүз адамды құрайды. Мұнда бастапқы әлеуметтік-медициналық көмекпен бірге ЖТД, педиатрия, акушер-гинекология, хирургия, травматология, кардиология, эндокринология, онкология, урология, гастроэнтерология, ЛОР, офтальмология, стоматология, ревматология, профпатология, неврология, дерматовенерология және рентген, флюрография, УЗИ, ЭКГ, ЭЭГ, холтер, спирография, лаборотория сынды диагностикалық қызметтер, медициналық реабилитация және физиотерапия, емдік физкультура, массаж, сонымен бірге күндізгі стационар болады. Мекеме, жоғарыда атап өткеніміздей, рентген, флюрография, УЗИ, ЭКГ, ЭЭГ, холтер, спирограф тағы да басқа заманауи аппараттармен жабдықталады. Жаңа емханда ашылғанда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің тиімділігі жақсарып, пациенттер уақтылы, толық және сапалы тексеру және амбулаториялық немесе күндізгі стационар жағдайында ем қабылдайтын болады.