МИНИСТР НҰРШУАҚ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

108
0

Кәсіпкерлік салаға барынша көңіл бөлініп келеді. Бір ғана мысал, жуырда ғана Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келіп, жергілікті кәсіпкерлермен кездескен болатын. Одан кейін сала басшысы Абай ауданына қарасты Нұршуақ шағынауданында жүріп жатқан инженерлік инфрақұрылым жұмыстарымен танысып, тұрғындарымен жүздесті.

Жиында Әлібек Сәкенұлы «Шымкент қаласына инженерлік инфрақұрылым желілерін дамытуға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде тұрғындардың жол, ауыз су, сапалы электр қуаты мен табиғи газбен қамту секілді бірінші кезектегі өзекті мәселелері шешімін табуда. Бүгінгі сапардың мақсаты осы бағытқа бөлініп жатқан бюджет қаржысының қаншалықты тиімді игеріліп жатқанын бақылау және тұрғындарды қандай проблемалар мазалайтынын өз аузынан есту» деп атап өтті. Нұршуақ шағынауданының тұрғындары соңғы жылдары инфрақұрылым мәселелеріне ерекше назар аударылып, оның кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын жеткізді. Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатқанын айтқан нұршуақтықтар биыл басталған табиғи газ жүйесі құрылысының тезірек аяқталуын сұрады.

Өз кезегінде, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков Ұлттық экономика министріне Нұршуақ шағын ауданында және жалпы қала аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, Нұршуақта 6 мыңдай халық қоныстанған. Шағынаудан ауыз сумен былтыр қамтылды. Электрмен қамту жұмыстары былтыр басталған. Мердігер компания ретінде «Электромонтаж» акционерлік қоғамы таңдап алынған. Компания 7,8 шақырым 10кВ кабельдік желі және 198 шақырым 10/0,4 кВ әуе желісін орнатқан. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал, табиғи газбен қамту жұмыстары биыл басталды. Құрылыс кестеге сәйкес жүргізілуде, аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарланған.