ГАЗ ИІСІ СЕЗІЛГЕН ЖАҒДАЙДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Бұл сұраққа Түркістан қалалық «Газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының инспекторы Жанболат Тұяқбаев төмендегідей жауап берді деп хабарлайды uakit.kz.
Өз кезегінде Жанболат Тұяқбаев: «Жертөледе, кіреберіс пен аулада газ иісі сезілген жағдайда келесідей іс-әрекеттерді орындауды еске түсіру керек. Атап айтқанда, айналаңыздағыларға қауіпсіздік ережесін сақтауға хабар беру. Газ жоқ жерден 104 телефоны арқылы апатты газ қызметін шақыру. Газ қызметкерлері келгенше газ иісі шыққан жерлерден тұрғындарды шығарып, электр құралдарын қосқызбауға жағдай жасау, жайларды желдетуді ұйымдастыру керек»,- деп атап өтті.
Сондай-ақ ол тұрмыста табиғи газды қауіпсіз пайдаланудың өз ережесі бар. Атап айтқанда газ құралдарының, мұржалардың және желдеткіштердің жұмыстарын қадағалап отыру қажеттігін еске салды. Газ құралдарын қосқан кезде түтіннің мұржа арқылы шығуына әбден көз жеткізу қажеттігін ұмытпауға шақырды. Газды қолданғаннан кейін газ құралдарының кранын жабу, ал газ баллондары ас үйдің ішінде болған жағдайда баллондардың вентилін қосымша жабу қажеттігін әрбір тұрғын қаперден шығармауын айтты. Газ құралдарында ақау болса оны пайдалануды жедел тоқтатып, газ шаруашылығы мекемесінің қызметкерлерін шақыруды, газ беру күтпеген жағдайда тоқтап қалса 104 телефон нөмірін теріп, апатты қызметті шақырту тиістігін түсіндірді.
Біле жүріңіз!
Газ иісі сезілген жағдайда да апатты қызметке қоңырау шалыңыз. Ең маңызды мәселе әрбір газ құралын мақсатты пайдалану керек. Мысалы, газ плитасымен үй жылытуға болмайды.