ТАМАҚ ӘЗІРЛЕУ ТОСЫН ЖАҒДАЙҒА ҰЛАСТЫ

113
0

Түркістан қаласының тұрғыны тамақ әзірлеп жатқан кезде оқыс оқиғамен бетпе бет келді. Дәлірегі жақындарына жылы-жұмсақ дайындауға кіріскен келіншек күнбағыс майын қызып тұрған қазанға құйған. Салдарынан одан пайда болған жалын бөлменің төбе жаппасы мен жиһаздарына тиген. Дер кезінде қолға алынған сақтық шараларының нәтижесінде оқиға өртке ұласпаған.

Бұл туралы uakit.kz-ке Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға анықтаушысы А. Мұхтарұлы мәлімдеді.

Аталған оқиға осы жылдың сәуір айында Түркістан қаласындағы Кеңбайтақ көшесінде орналасқан тұрғын үйде болған.  Жалын жиһаздарды шарпып жатқан кезде үй тұрғындары Түркістан қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне хабарлама түсірген. Келіп түскен хабарламаға сәйкес өрт сөндірушілер едел-жедел қимылдап, өрт депосынан бір минуттың ішінде шығып кетеді. Өрт сөндірушілер жеткенге дейін үй тұрғындары өртті сөндіріп, қауіптің бетін қайтарып үлгерген. Зардап шеккендер де болмаған.

Дәл осыған ұқсас оқиға қалада жиі тіркеледі. Мәселен, ағымдағы жылдың 2 сәуірінде Түркістан қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне өрт оқиғасы туралы хабарлама келіп түседі.

Хабарламада Түркістан қаласындағы Кеңбайтақ көшесіндегі үйдің ауласындағы асхананың жанып жатқаны айтылған. Хабарламаға сәйкес № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы арнайы техникамен жолға шығып, айтылған мекенжайға сағат 20:13-те жетті.

Өрт сөндіру депосының жеке құрамынан барған 7 қызметкер оқиға орнына жеткен кезде үй ауласында орналасқан жалпы көлемі 80 шаршы метрді құрайтын  жаздық асхананың көлемі 25 шаршы метрді құрайтын бөлмесінің төбе жаппасы мен жиһаздары жанғаны анықталды. Төтенше жағдайлар басқармасы келгенде 25 литрлі бір дана пропан баллоны жарылды. Бұл жағдайдан зардап шеккендер болмады. Өрттің беті сағат 20:17 минутта қайтарылды. Сағат 21:02-де өрт толық сөндірілді. Өрт салдарынан күйік алғандар болмады. Өртті сөндіруге қатысқан жеке құрам техникалық қауіпсіздік ережелерін толық сақтады.

Сонымен қатар 6 сәуірде  Түркістан қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің депосына өрт оқиғасы туралы кезекті хабарлама келіп түсті. Хабарламада Түркістан қаласындағы Юлдашев көшесіндегі тұрғын үйде өрт болып жатқаны айтылды. Хабарламаға сәйкес №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы өрт сөндіру автокөлігімен жолға шығып, оқиға орнына сағат 18:05-те жетеді.

Оқиға орнына жеткен кезде өрт сөндірушілер жалпы көлемі 120 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйдің асхана бөлмесінің төбе жаппасы күйіп, бықсығаны анықталды. Жеке құрам жедел әрекет жасап, өрттің бетін сағат 18:20-минутта қайтарған. Өрт сағат 18:46-де толық сөндірілген.

Оқиға тамақ әзірлеу кезінде болған. Дәлірегі  ауданы 10 шаршы метрді құрайтын асхана бөлмесінде үй иесі ауызашарға тамақ әзірлеу үшін қазанға май құйған кезде қатты от лаулап төбеге қарай шарпыған. Салдарынан бөлменің төбе жаппасы күйген. Орын алған оқиғадан зардап шеккендер болмады.

Оқиға байланысты өрт сөндірушілер газ жабдығымен жұмыс істеу кезінде барлық сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертті.