ҚҰТҚАРУШЫЛАР ЕКІ МИНУТ ІШІНДЕ БАЛАЛАРДЫ ӨРТ БОЛҒАН АУМАҚТАН ТАЗА АУАҒА ШЫҒАРДЫ
Ағымдағы жылдың 26 қыркүйегінде Түркістан қаласы, Сарыбаев көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде өрт болып жатқаны туралы хабарланды,-деп хабарлайды uakit.kz.
Хабарлама қаладағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің диспетчеріне түнгі сағат 03:37 минутта түсті.
Тиісті мекенжайға өрт сөндіру депосының құтқарушылары сағат 03:44 минутта өрт сөндіру техникаларымен жетті. Жеткен бойда екі минуттың ішінде үй ішінен 2017 және 2019 жылы туылған 2 қыз бала таза ауаға шығарылды.
Жалпы ауданы 150 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйдің екі бөлмесінің төбе жаппасы (24 шаршы метр) жанған. Шарпыған өрттің бетін өрт сөндірушілер сағат 03:52 минутта қайтарды. Сағат 04:22 минутта өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
Оқиғаға байланысты өрт сөндірушілер азаматтар ұйқыға кетер алдында газ жабдығының дұрыс жұмыс істеп тұрғанын пысықтап, жанып жатқан пештердің маңайын тазалап (отын, киімнің болмауын тексеріп), тұрақты түрде қуат көзіне қосылмайтын электр жабдықтарын (үтік, телефон) қуаттан ажыратуды ұмытпауды ескертеді.