ҮТІКТІ ЖАНҒЫШ ЗАТТЫҢ ЖАНЫНДА ҚАЛДЫРМА

Түркістан қаласы төтенше жағдайлар басқармасы жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда,-деп хабарлайды uakit.kz.

Шара барысында Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы, қалалық полиция, қалалық әкімдік өкілдері, қалалық «Газ инспекциясы» қызметкерлерімен бірге үйлерді аралап, тұрғын үйлердегі газ жүйелері мен жабдықтарын тексеруде. Анықталған кемшіліктер бойынша ескертулер жасауда. Соның бірі электр құралдарын дұрыс пайдалану ережесін сақтау болып табылады.

Өз кезегінде электр құралдарын пайдаланған кезде  электр қуатын қабылдағыштарды (электр құралдарын) оларды дайындаушы мекемелердің нұсқаулықтары талаптарына сәйкес келмейтін немесе ақаулығы бар болған жағдайларда қолдануға, сонымен қатар зақымданған немесе қорғағыш белгілерін жоғалтқан оқшаулаулары бар электр сымдары мен кабелдерін пайдалануға тыйым салынады.
Тежегіштердің балқығыш ендірмелері жанып кеткен жағдайда қолдан жасалған ендірмелерді қоюға болмайды. Бұдан барлық электр сымдары қызып, олардың қысқа тұйықталуына және өрттің пайда болуына әкеліп соғады. Ашық электр сымдарын бояуға немесе үстінен түс қағаз жапсыруға, ақаулы ажыратқыштарды, розеткалар мен патрондарды қолдануға, электр шамдарын жанғыш материалдардан жасалған абажурлармен жабуға, жылу реттегіші жоқ немесе ақаулы электр жылытқыш құралдарын пайдалану өміріңіз үшін қауіпті.

Электр сымдарына мөлшерден тыс салмақтың түсуін, олардың қатты қызып кетуі мен өтпелі қарсылығын болдырмау үшін жоғары қуатты бірнеше электр құралдарын бір розеткаға қосуға болмайды.
Жиі түрде өрттің себептері — қосылып, қараусыз қалған электр жылытқыш құралдарының (электр плиталары, су қайнатқыштар, каминдер, үтіктер, грелкалар) жанында орналасқан жанғыш заттардың тұтануы болып табылады.
Қосылған электр жылытқыш құралдары жылуды сақтайтын жанбайтын қойғыштарға орнатылуы қажет.
Сымдардың оқшауларының кеуіп кетуі мен зақымдалуының алдын алу үшін оларды жылитын жерлердің (пештер, түтіндіктер, жылыту батареялары, т.б.) бетімен жүргізуге болмайды.