«Е-ЛИЦЕНЗИЯЛАУ» АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕСІНДЕ ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛДІ

95
0
Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді жетілдіру мақсатында«Е-Лицензиялау» ақпараттық жүйесінде интеграциялық жұмыстар жүргізілді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Осыған байланысты, 5 желтоқсаннан бастап сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында өтініш беру, мәліметтер нысандарын толтыру кезінде лицензия алу және аккредиттеу үшін аттестатталған инженерлік-техникалық қызметкерлер және (немесе) сарапшылар бойынша ақпарат еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінен автоматты түрде алынатын болады.
Сондықтан көрсетілетін қызметті алушылар жасалған еңбек шарттары бойынша ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізуі қажет.
Енді ҚР Еңбек Кодексінің 23-бабы 2-тармағының 27) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жұмыскермен еңбек шартын жасасу және тоқтату, осы Кодекстің 28-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5) және 13) тармақшаларында көзделген мәліметтер қамтылған, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізуге міндетті (жаңа еңбек шарттары — 5 жұмыс күніне дейін, еңбек шартына өзгерістер — 15 күнтізбелік күнге дейін).
Электрондық еңбек шарттарын жасасу бойынша сұрақтар туындаған жағдайда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ға жүгіну қажет (enbek.kz, 1414). Жуырда ғана Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов атқарылған жұмыстары бойынша баспасөз жиынын өткізді. Онда ол «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі жұмыс беруші мен жұмыскерлердің құқықтары мен міндеттері олардың арасында түзілетін ең негізгі құжат – еңбек шартында айқындалуы тиіс» деген болатын. Себебі, еңбек шартын жасау арқылы жұмыскердің:
— нақты айлық жалақысы белгіленеді;
— жұмыс істеген уақытына сәйкес еңбек өтілі есептеледі;
— зейнетақы қорына аударымдар жүргізіледі;
— міндетті медициналық сақтандыру төлемдері жүргізіледі;
— әлеуметтік қорғалған жұмыскер ретінде жұмыс атқарады және кепілдіктерге құқығы болады.
Сол себепті, жұмыс берушілерді де, жұмыскерлерді де еңбек қатынастарын еңбек шартын түзуден бастауға шақырамыз»,-деді басқарма басшысы Бауыржан Ахметәліұлы.