БИЫЛ ТАССАЙ ШАҒЫНАУДАНЫ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ

73
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Тассай шағын ауданын инженерлік инфрақұрылым жүйелермен қамтамасыз ету жұмыстарын тексерді. Қазір елдімекенге табиғи газ, кәріз жүйелері жүргізілуде. Бүгінге дейін газдандыру құрылысы 70 пайызға, кәріз жүйелерін жүргізу 87 пайызға аяқталған.
Инфрақұрылым жұмыстарына 60 адам, 12 техника жұмылдырылып отыр. 68,8 шақырымды құрайтын газ жүйелерінің құрылысы толық аяқталғанда 3 мыңнан астам отбасы табиғи газ көзіне қосылады. Жоспарға сай газдандыру, кәріз жүйелерінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға инфрақұрылымды тиісті талаптарға сай жүргізіп, сапасыздыққа жол бермеуді ескертті. Қазір елді мекенді кәріз жүйесімен қамту үшін «Сарыағаш Аман» ЖШС мекемесі тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сметалық құжатына сәйкес, жүйенің жалпы ұзындығы 115,2 шақырым. Бүгінде 66,3 шақырымды құрайтын құбыр тартылып, жұмыстың 62 пайызы орындалған. Құрылысы 2021 жылы басталған нысан аяқталуы келер жылға өтпелі. Тұрғын алабты толық көгілдір отынмен қамту мақсатында «Ремстрой» ЖШС-і құрылыс жүргізіп жатыр. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Одан бөлек, өткен жылы 15 км топырақ жолдарға шағал тас төселген. 2022-2023 жылдары жаңақұрылыс аумағында инфрақұрылым жүйелері аяқталған соңы асфальттанады.
Жалпы, мегаполисті газдандыру 93 пайызды құрайды. Көгілдір отынмен қаладағы елді мекендердің 42-сі толық, ал 31 елді мекен жартылай қамтылған. Қазіргі уақытта 1 магистральдық және 10 елді мекенде ішкі орамдық газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңында Тұран магистральды газ құбырының құрылысы мен Батыс, Арғымақ, Ақтас, Нұртас, Ақтас-2, Ақжар, Сауле, Көкбұлақ, барлығы 8 елді мекенде құрылыс жұмыстар аяқталады. Нәтижесінде, қаладағы 20 мыңға жуық адам табиғи газға қосылып, қамту көрсеткіші 94,7 пайызға жетеді. Ал 2025 жылы мегаполис тұрғындарының 100 пайызы көгілдір отынмен қамтылу жоспарлануда.