ЕРЕКШЕ КҮТІМДІ ҚАЖЕТСІНЕТІН АЗАМАТТАРДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

77
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың қатысуымен өткен жиында ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету шаралары талқыланды.
Қалада бүгінде мүгедектігі бар азаматтар мен балаларға 11 орталық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерге арнайы портал арқылы тапсырыс беруде. Сондай-ақ жиында ересектер мен балалар арасындағы мүгедектікті алдын алу, ерекше күтімді қажет ететін азаматтардың өзекті мәселелері қарастырылды. Қала әкімі жауаптыларға арнаулы қызметтерді жақсарту бойынша бірқатар тапсырма жүктеді. Сондай-ақ, мүгедектікті азайту үшін отбасын жоспарлау, ата-аналар арасында репродуктивті денсаулықты түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін ескертті.
Айта кету керек, қаладағы медицина ұйымдары бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдаудың əлеуметтік саясатын жетілдіру жəне оларға əлеуметтік, көліктік инфрақұрылым нысандарының кедергісіз қолжетімділігін қалыптастыру үшін белгіленген талаптарға сай ету ұсынылған. Осылардың барлығын негізге ала келе, қалалық денсаулық сақтау басқармасы жанынан арнайы мониторингтік топ құрылып, өткен жылы емдеу мекемелеріндегі жағдайды тексеріп шықты. Мониторинг топ құрамында басқарма мамандары мен мүгедектер қоғамдық бірлестігінің өкілдері енді.  Мониторинг барысында бірқатар ғимараттарды кейбір тармақтар бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік жөніндегі нормаларға сәйкес келтіру мүмкіндігі жоқ екендігі анықталып, ексертулер берілді. Анықталған кемшіліктер бойынша денсаулық сақтау басқармасының тапсырмасы аясында емдеу мекемелері ерекше жандар үшін пандус, жүру жолдары мен жеделсаты, тұрақ орындары, сынды т.б талаптарды нормаларға сәйкес келтіріп, қолжетімді жағдайды жасады. Кейбір күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған медициналық ұйымдарда қалалық мүгедектер қоғамы атынан ұсынымдар беріліп, осал топтағы азаматтар үшін талапқа сәйкес жағдайлар қарастырылып, жол картасы бойынша жұмыстар жүргізілуде.