Бас айналып, ауырса …

420
0

Өмірде кездесетін көп аурулардың бірі адам басының айналуы, ауыруы, сақинасының ұстауы. Бұл – ой жұмысымен, яғни шығармашылықпен, ғылыммен айналысатындарда да, көп балалармен жұмыс істейтін тәрбиешілер мен мұғалімдерде де жиі кездесетін сырқат. Оны дәрі ішіп те, халық емін қолданып та, таза ауада серуендеп те айықтыруға болады. Ең бастысы, асқындырып алмау.Бас айналу. Бұл оқтын – оқтын адам басында пайда болатын, кейде бірнеше күнге, немесе аптаға созылатын дерт. Бас қатты айналғанында, адам әлсіреп, тәлтіректейді, лоқсиды әйтпесе құсады. Сол кезде сырқаттың өңі қуарып, денесінен суық тер шығады, бойы қалтырайды. Бас айналу ауруының басты себептері: ішкі құлақ пен мидың зақымдануы, көздің дертке ұшырауы тағы да басқа жағдайлар. Адамдар кейде тұрған қалпын кенеттен өзгерткенде (шыркөбелек айналғанда, тік өрге шыққанда, тездетіп төмен түскенде), олардың басы айналады. Ол ортаңғы, ішкі құлақтың қабынуынан. Ми тамырлары дұрыс жұмыс істемесе де басының айналуы мүмкін. Мұндайда адам талықсиды. Спиртті ішімдіктерден де, улы газдардан да, темекіні көп тартқанда да бас айналады. Адамның басы қатты айналғанында, оны төсекке жатқызып, дәрігерлік көмек шақырады. Бас айналудың себептері анықталғаннан кейін ғана ем қолданған дұрыс.
Бас ауруы. Оған да әртүрлі сырқаттар себеп. Қан тамырларының қызметі бұзылса (гипертониялық аурулар, бас сақинасы) миға қан біркелкі келмейді, содан бас сырқырап, солқылдап ауырады. Бас ауруы ішкі секреция бездері бұзылса да, әйелдерде етеккірі келгенде, кексе әйелдерде етеккірі тоқтағанда да болады. Оның инфекциялық аурулардан да, көз сырқатынан да (алыстан көре алмау), құлақтың ауруға шалдығуынан да, уланудан да, ішімдікке салынудан да, шылым шегуден де, шаршағаннан да болатын кездері көп. Бас ауырғанда оған грелка қоймайды, ұйықтататын дәрі-дәрмек ішпейді. Бассырқатын басатын жағдай-лар: күнделікті режимді қатаң сақтау, уақытында тамақтану, желдетілген бөлмеде жайлы ұйықтау, серуендеу, суға шомылу, емдік гимнастикалар жасау.
Бас сақинасы. Бұл сырқатта бастың бір жағы солқылдатып, қозғалғанда күшейіп ауырады. Бастың сақинасы ұстағанда кейде көздің көруі, сөйлемей қалушылық болып, саусақтар шаншып, әлсізденеді, адам шу мен жарықты көтермейді, дұрыс сөйлеуге қабілетсіздік орын алады. Бас ауруы ұстамалары кез келген жаста бастала береді. Негізінен, көбінесе 20-30 жаста пайда болып, 50 жастан соң басылады. Бас сақинасы ауруы кейде тұқым қуалайды. Ол жыныстық жетілудегі гормондық статустың өзгеруінің, жиі күйзелудің, қажудың белгілері болуы да мүмкін. Бас сақинасымен күресуде беретін дәрі-дәрмектер бар. Үнемі байсалды болу мүмкін болмаса да, орын алған оқиғаны сабырлы қабылдауға, қатты айтылған сөздерді көтере білуге үйрену – бас ауруларын дамытпай, тоқтатуда маңызды қадам.
Бас ауруында тамақтану. Бас ауруына қарсы дәрілерді көп қолданғанда ағза оған үйреніп алады да, соны іздеп тұрады. Ауруды уақытша тоқтатқаннан гөрі, ағзаның қорғаныс қуатын арттырған дұрыс. Мұндайда тамақтануға көңіл бөлу бірінші орында. Кей жағдайда шоколад, кофе, шай, цитрус жемістері немесе никотин, тағы да басқаларға ағзаның қарсылығынан да бас ауырады. Мұны қан қысымын өлшеу арқылы анықтауға болады. Егерде жеген тағамыңыз ағзаның қарсылығын туғызбаса ғана мынандай емдерге, істерге көшіңіз: әуелі ағзаны тазалап алыңыз. Ол үшін 2-3 күн қатарынан жеміс, көкөніс шырындарынан басқа нәр татпау қажет. Шырынды қайнаған сумен араластырып, таңертеңгі сағат 8-ден кешкі сағат 8-ге дейін әрбір 2 сағат сайын ішкен жөн. Ішекті тазалау үшін күніне 1 рет клизма жасалады. Осылайша 2-3 тәулік ашыққаннан соң келесі күндерде ас-ауқат жеміс-жидектер болуға тиіс. Негізінен, басы ауыратындар көбінесе жеміс-жидек, көкөністер мен жаңғақтар, астық және сүт өнімдерімен тамақтанса, ол өте пайдалы. Күніне 3 рет емес, аз-аздап 6 рет тамақтанған дұрыс. Тәтті (кондитерлік өнімдер, торттар, т.б.), ащы (тұздалған, қақталған т.б.), қалбырланған тағамдардан аулақ болу қажет.
Бас ауруына В тобындағы дәрумендерді пайдаланады. Сол себепті, әсіресе, көктемде дәрігермен ақылдасып, осы топтағы дәрумендерді қабылдайды. Сұйықты көп ішкенде ол ағзаны улы қалдықтардан, зиянды заттардан арылтып, бас ауруын жазуға шипасын тигізеді.
Кімдердің басы көбірек ауырады? Дәрігерлердің, зерттеуші мамандардың айтуынша, қарапайым тіршілікте алаңсыз жылжи беретін жандардан гөрі, оқыған, нақты мақсаттарға ұмтылған, ойға алған ісін тезірек тындыруға тырысатын адамдардың басы жиі ауырады. Оларды қан қысымы да көбірек мазалайды. Себебі, олар үнемі ой үстінде жүріп, жүйкелеріне көп күш түсіреді. Және де үнемі қорқыныш үстінде жүретіндер, қашанда ешкімге көңілі толмай, ашулы, ызалы болатындар да бас ауруына көп шалдығады.
Бас ауруының қайталануы. Бұл ауруға шалдыққанда адамның біресе оң шекесі, біресе сол шекесі ауырып, көзі «тесіп», басы қозғалтпайды да науқас қатты күйгелектенеді. Сондайда ондай адам бір ауыз сөзді де көтере алмайды, тамаққа тәбеті соқпайды, кейде қатты-қатты лоқсып құсады. Кейбіреулер одан 1-2 сағаттан соң кейбіреулер бір аптадан соң құтылады.
Адамның ең қымбат қазынасы — бұл өмірі, ал байлығы — денсаулық екенін ұмытпаңыздар.

Ы.Шертаева,
Шымкент темір жолы емханасының
невропатолог-дәрігері .