НҰРБОЛ ТҰРАШБЕКОВ: «СЫБАЙЛАСТЫҚҚА ЖОЛ БЕРІЛМЕУІН ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАҢЫЗДАР»

1379
0

Бүгінде жергілікті атқарушы билікке қойылып отырған талап қатаң. Тарқата баяндасақ, әкімдік қызметі ашық болуы керек. Өңірдегі өзекті мәселелер кезек күттірмей шешімін табуы тиіс. Бұл ғана емес, қоғамның тамырына сіңген, талапқа томпақ келетін әрекеттермен күрес шаралары қарқынды жүруі шарт. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстар орасан. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қазіргі уақытта белсенді жұмыс істеп келеді. Қала аумағындағы түйткілді түйіндер де рет-ретімен шешімін табуда. Ең бастысы, шаһар басшысы қарамағындағы қызметкерлерге жұмысты сапалы істеуді, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді жиі тапсырып келеді. Тарқата баяндайық…

Жуырда қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде атқарылған жұмыстарды талдап, бөлім басшысы Эльмира Бейсенованың есебін тыңдаған болатын. Шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, бөлім тарапынан учаскелік комиссияның жұмысына, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың шынайылығына мониторинг жүргізілді. Құжаттарды қайта зерделеу барысында 8 отбасына атаулы әлеуметтік көмек заңсыз тағайындалғаны анықталып, қаржыны қайтару бойынша хабарлама жолданған. Сонымен қатар, тұрақты жұмысқа жолданғандардың жұмыстан жалтару деректері орын алмауы үшін қадағалау жалғасуда. Атаулы әлеуметтік көмек алушы азматтардың мәртебесінің шынайылығына зерделеу тұрақты атқарылуда. Жылдың алғашқы тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда азайды. Мүгедектігі бар азаматтарды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасының 2024 жылғы жоспары бойынша, қосымша қажетті 1812 құралға облыстық басқармаға ұсыныс жолданып, республикалық бюджетке өтінім рәсімделуде.

Жұмыспен қамту шаралары туралы «Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Түркістан қалалық мансап орталығының басшысы Нұрсұлтан Жүсіпбаев баяндады. Құрылыс басқармасынан ашылған 2 жобада – 14, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінен басталған 8 жобада – 30, қалалық құрылыс бөлімінен ашылған 2 жобада 19 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы өңірлік карта аясында 63 адам жұмысқа орналасты. «Күміс жас» жобасы аясында 171 азамат жұмыспен қамтылған, тұрақты бос жұмыс орындарына – 1205, қоғамдық жұмыс орындарына — 1006, әлеуметтік жұмыс орындарына — 140, Жастар практикасына 96 адамға жолдама берілді.  Жалпы белсенді еңбек шараларына қатысқандар саны — 2748. Нұрбол Әбдісаттарұлы жиын соңында белгіленген жоспарлардың толық орындалуы тиіс екенін ескерте келе «Сыбайластыққа жол берілмеуін қатаң қадағалаңыздар. Мұқтаж отбасылардың несібесіне қол сұғушылар заңмен жазаланады. Көмек сұрап келген әр тұрғынның жағдайын зерттеңіздер. Атаулы әлеуметтік көмекті қалай алуды білмейтін, құжаттары жоқ шын мұқтаж адамдар болады. Мұндай жағдайда құқықтық кеңес беріп, құжаттарын рәсімдеуге көмек беру керек» деді. Бұдан бөлек, әрбір тапсырма бойынша орындалу мерзімі қойылып, тиісті шараларды дер кезінде көру және өзекті мәселелерді шешу тапсырмасы жүктелді.