СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергісін келтіретін ең өзекті мәселенің бірі. Тіпті, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Кеден, құрылыс, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жемқорлықпен күресуге баса мән беру керек. Жауапты министрліктер осы бағыттар бойынша жемқорлықты жүйелі негізде жою жөнінде жоспар әзірлеуі қажет. Бұл жоспарды бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мұқият пысықтап, ұсынуды тапсырамын. Барлық іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісу қажет. Құзырлы органдардағы бірінші басшылардың жұмысын жемқорлықпен күрес көрсеткіші арқылы да бағалайтын боламын» деген болатын.
Сондықтан еліміздің әрбір өңірінде аталған салада атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Мәселен, бүгін Түркістан қаласы білім бөлімінің «Оқушылар сарайында» Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілі Тұңғышбаев Ерұлан Икрамұлының төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша кеңес өтті. Ерұлан Икрамұлы өз баяндамасында «Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері туралы» Заңда қамтылған және толықтырылған бірқатар өзгерістер турасында тарқата баяндап өтті. Оны ішінара тарқатар болсақ, жаңа заң жобасы бойынша ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасап, сотталған азаматтарға бұдан былай шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану мүмкін емес. Яғни бұл өзгеріс алдағы уақытта заңнан аттап, қара бастың қамын күйттеу арқылы жеке бастың мүддесін ойлаудың жазасы ауыр болатынын аңғартады. Мұның өзі қазынаның қыруар қаржысын жымқырудың, сонымен қатар жеке мүдде үшін мемлекеттің игілігіне қол сұғудың алдын алады деген ойдамыз. Бұған дейін жемқорлық үшін сотталғандар бірден қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберілетін. Енді бұл артықшылық та болмайды. Сәйкесінше, талапқа томпақ келетін әрекетке барып, соттылы болған азаматтар өзге де қылмыскерлермен бірге ешқандай артықшылықсыз жазасын өтейді. Бұған дейін қоғам арасында құқық қорғау органдарының қызметкерлері және сот судьяларының да жемқорлық фактілері кездесіп тұратын. Сондықтан да болар, қоғам арасында бұл органдарға деген сенім аса жоғары емес. Шынтуайтына келгенде, демократиялық қоғам дәл осы екі институт арқылы құрылады. Сондықтан да заң заң бойынша құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар үшін сыбайлас жемқорлық үшін жаза күшейтілді. Мұның өзі аталған салада қызмет ететіндердің әр ісін ойланып, асқан байыппен істеуіне жол ашады.
Сонымен қатар өткен жиын барысында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілі Ерұлан Икрамұлы «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» ТБН-4 жобаларын орындау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар турасында да тарқата баяндады. Жобалық басқару – біріншіден, лауазымды азаматтардың жауапкершілігін арттырады, нақты нәтижелерге қолжеткізуге ықпал етеді, сонымен қатар жылдар бойы жүйені тамырына сіңген инстуциналдық формализмнен арылуға көмектеседі. Департамент өкілі өз сөзінде ТБН-4 шеңберінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі жұмысын ұйымдастыру сапасын арттыру үшін мүмкіндіктер ашылатынын айтты. Келелі кездесу соңында «Оқушылар сарайы» директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Орынша Қалшабекова осы талқылаудағы басты бағыттар сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасамау үшін, барлық мүмкін жағдайларды болдырмау, заңды бұзу фактілерінің алдын алу болатынын айтты. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, қоғамда, ұжымжа жемқорлыққа қарсы ішкі мәдениетті арттыру бойынша жұмыстардың алдағы уақытта белсенді түрде жалғасатынын жеткізді. Бұдан бөлек, келген қатысушыларға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері анықталған жағдайда, басшылыққа, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірыңғай Колл орталығына, яғни 1424 нөміріне дереу хабарлау керектігін ескертті.