САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МАМАНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Осы мақсатты көздейтін ішкі талдау жұмыстары мемлекеттік мекемелерден бастап оқу орындарына дейін жүргізілуде. Оның нәтижесінде мекеме басшыларына ескертулер мен ұсынымдар беріліп жатқанын бұған дейін жазған тарқата жазған едік. Бұл ғана емес, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілерге ақпараттық-түсіндірме жұмыстары да үздіксіз жүргізіліп келе жатыр. Жуырда осындай шараның бірі өтті. Тарқатайық…
Түркістан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің әдеп жөнідегі уәкілі Закридин Әлімқұлов Түркістан қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандарымен кездесті. Келелі жиында сыбайлас жемқорлық, әдеп, тұрмыстық зорлық-зомбылық, діни экстремизм және лудомания мәселелері талқыланды. Басқосуда сөзді бастап берген Закриддин Нұрмаханұлы «Бүгінгі таңда қоғамдық проблемаға айналған сыбайлас жемқорлықты жоюға әрбір мемлекеттік қызметші атсалысуы тиіс. Әр маман өзінен бастап елге адал қызмет көрсету, кез келген жағдайда әдепті және қарапайым болуға әрекеттену қажет. Бұл – ең басты талап. Жұмысшыларға қолайлы орта жарату арқылы елге сапалы қызмет көрсете аламыз. Ол үшін отбасымыздағы тыныштық, берекені сақтай білуіміз керек. Сонда ғана жұмысымыз өніп, нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз» деп атап өтті.
Жалпы кездесуде қазіргі уақытта қоғамның өзегінде қайнап жатқан лудомания және діни экстремизмнің қасіреті сынды өзекті мәселе сөз болды. Салалардың дамуына тосқауыл болып отырған жемқорлық сынды күрмеуі қатты түйткілдің заң алдында жауапкершілігі бары түсіндірілді. Басқосуға келген сала мамандары тарапынан спикерге сауалдар қойылып, нақты жауаптар берілді. Жиынды қорытындылаған Түркістан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің әдеп жөнідегі уәкілі басқарма мамандарына қызмет алушылармен және тұрғындармен диалогқа түскенде мейлінше кішіпейіл болуға шақырды. Бұдан бөлек, жұмыста және одан тыс уақыттарда мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын сақтауы керегі айтылды.