МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТТАР – ҚОҒАМНЫҢ ТОЛЫҚҚАНДЫ МҮШЕСІ

Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік мәселелерін шешу бағытында нақты әрі пәрменді қадамдар жасалып келеді. Соның жарқын мысалы – жақында «Самғау» оңалту орталығында өткен жеке қабылдау шарасы. Облыстық прокуратура өкілдері ұйымдастырған бұл кездесу тек бір реттік іс-шара емес, мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершіліктің, әлеуметтік әділеттілікке деген ұмтылыстың көрінісі.
Қабылдау шарасына Түркістан облыстық прокуратурасының Басқарма аға прокуроры Серікболсын Заурбеков пен облыс прокурорының көмекшісі Дидара Абдрасилова арнайы қатысып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жеке қабылдады. Бұл – билік пен қоғам арасындағы ашық диалог орнатуға бағытталған маңызды бастама. Кездесу барысында азаматтар күнделікті өмірде кездесетін әлеуметтік, құқықтық кедергілер жайлы ашық айтты. Олардың ішінде көлікпен жүру жеңілдіктерінің сақталмауы, әлеуметтік төлемдерге қол жеткізудегі бюрократиялық тосқауылдар, қолжетімді инфрақұрылымның жоқтығы, жұмысқа орналасу мүмкіндігінің аздығы секілді мәселелер көтерілді. Прокурорлар әрбір өтінішті мұқият тыңдап, заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бірқатар шағымдарды өз бақылауларына алды. Бұл – билік өкілдерінің формальді емес, шынайы жанашырлықпен әрекет етіп отырғанының белгісі.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Түркістан облысы бойынша 101 557 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Бұл – республика көлемінде айтарлықтай жоғары көрсеткіштердің бірі. Демек, бұл топқа қатысты мемлекеттік саясатты, құқықтық нормаларды орындау – стратегиялық маңызға ие. Облыс прокуратурасы бұл саладағы заң бұзушылықтарды жүйелі түрде тексеріп, кемшіліктерді қалпына келтірумен айналысып келеді. Соңғы тексерулер нәтижесінде Жетісай, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласында қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру құқығының бұзылғаны анықталған. Прокуратураның араласуымен 3263 азаматтың құқығы қалпына келтірілді. Мұндай фактілер – әкімшілік және әлеуметтік құрылымдар тарапынан кемсітудің әлі де орын алып отырғанын көрсетеді. Алайда, прокуратураның ұдайы қадағалау жұмыстары мен азаматтардың белсенділігінің арқасында әділеттілік қалпына келтіріліп отыр. Облыстық прокуратура «Заң мен Тәртіп» қағидаты негізінде мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық өмірге толық араласуына мүмкіндік жасауға, инфрақұрылым мен қызметтердің қолжетімді болуына, еңбекке жарамдылығына қарамастан әлеуметтік кепілдіктерге ие болуына ықпал етіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыс тек ресми кездесулермен шектелмейді. Прокуратура органдары медициналық-социальдық сараптамалардың заңдылығын, әлеуметтік жәрдемақылардың уақытында төленуін, инклюзивті орта мен кедергісіз инфрақұрылымның сақталуын да назарда ұстап келеді.
Қоғамдағы шынайы теңдік пен әділеттілік мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған қарым-қатынаспен өлшенеді. Елімізде соңғы жылдары осы салаға назар артып келе жатқаны қуантады. Бірақ әлі де шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, көптеген қоғамдық орындарда пандустар мен лифтілер талапқа сай емес. Денсаулық сақтау мекемелерінде арбамен жүретін азаматтарға арналған арнайы жабдық жетіспейді. Көптеген жұмыс берушілер ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдаудан қашады. Цифрлық қызметтер кейде бұл азаматтарға ыңғайлы етіп бейімделмеген. Осы олқылықтардың орнын толтыру – тек прокуратураның ғана емес, тұтас қоғамның, әр мекеме мен азаматтың ортақ борышы.
«Самғау» оңалту орталығындағы қабылдау – әлеуметтік осал топтардың құқықтық қолжетімділігін арттыру жолындағы үлкен қадам. Ендігі мақсат – мұндай кездесулерді тұрақты форматқа айналдыру. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтарға арналған заң кеңестерін беру орталықтарын ашу, жергілікті әкімдік пен прокуратура арасында үйлестірілген әрекет ететін мониторингтік топтар құру, әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігіне арналған рейдтер жүргізу, қоғамдық көлікке қатысты нормативтердің нақты орындалуын қадағалау сынды бастамалар маңызды. Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қатысты құқықтық бақылау мен әлеуметтік қолдау күшейіп келеді. «Самғау» орталығындағы қабылдау бұл бағыттағы жұмыстың бір көрінісі ғана. Мемлекет пен қоғам бірлесе әрекет еткенде ғана мүгедектігі бар азаматтардың құқығы толық қорғалып, олар да қоғамның белсенді мүшесі ретінде өз орнын таба алады. Ең бастысы, азаматтың мүгедектігі емес, мүмкіндігі маңызды деген қағидатты қоғам болып бекем ұстансақ, инклюзивті, әділетті Қазақстанның іргесі берік болары анық.