МЕТАЛЛУРГИЯ ЗАУЫТЫН АШУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗ ӨТТІ

Түркістан облысы еліміздің өндірістік әлеуеті жоғары, ресурстық базасы бай өңірлерінің қатарында. Соңғы жылдары аймақ экономикасын әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өндіріс секторын жандандыру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Осы бағыттағы ірі бастамалардың бірі – Түлкібас ауданында металлургия кластерін дамыту бойынша ұсынылған жаңа өндіріс орны жобасы болмақ.
Бұл бастама жақында облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен «Resource Invest» компаниясының өкілдерімен өткен кездесуде талқыланды. Инвесторлар қатарына ресейлік, қазақстандық және италиялық кәсіпкерлердің қатысуы жобаның халықаралық сипат алатынын көрсетеді. Кездесу барысында «Resource Invest» компаниясының өкілдері Евгений Клюев, Яшар Латыев және италиялық инвестор Вессио Раффаэле Түлкібас ауданында металлургия кластерін құру бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Жоспарланған жоба – өңірде бұрын-соңды болмаған көлемдегі өндірістік нысан. Металлургия зауытының қуаттылығы – жылына 403,2 мың тонна өнім, ал құрылатын жұмыс орындарының саны – 400. Бұл – облыс экономикасына тікелей ықпал ететін, әлеуметтік және өнеркәсіптік маңызы зор қадам. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірге шетелдік және отандық инвестиция тартуға баса мән беріп отырғанын айтты. Кездесу барысында ол «Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Біз жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз. Мақсатымыз – өндіріс орындарын көбейтіп, халықты жұмыспен қамту. Сіздердің ұсыныстарыңыз мұқият зерделеніп, тиісті шешім қабылданады» деп атап өтті. Айта кету керек, Түркістан өңірінде 19 индустриалды аймақ, 5 өндірістік субзона, сондай-ақ «Түркістан» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Бұл инфрақұрылым – инвесторлар үшін тиімді логистика мен салықтық жеңілдіктер ұсынатын маңызды алаң.
Металл кластерін дамыту жобасы бірнеше жылдық кезеңге жоспарланып отыр. Бұл зауыт тек шикізат өңдеумен ғана шектелмей, жоғары технологиялы, экспортқа бағытталған өнім шығаруға бейімделеді деп күтілуде. Аталған жобаның сәтті жүзеге асуы арқылы Түркістан облысының өнеркәсіптік өнім көлемі артады. Аймақтың экспорттық әлеуеті нығаяды. Импортқа тәуелділік азаяды. Жергілікті халыққа тұрақты жұмыс орындары ұсынылады. Облыс әкімі жоба нақтыланған соң арнайы Жол картасы әзірленуі қажет екенін айтып, бұл бағытта үйлестіру мен мониторинг жүргізу жұмыстары басталатынын жеткізді. Соңғы бір-екі жылда Түркістан облысы өндірісті дамыту бойынша айтарлықтай серпіліс жасап келеді. Жоспар көп. Атап айтқанда «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы арқылы 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. 57 ірі инвестициялық жоба іске асырылады. Индустрияландыру картасы жасалып, 322 млрд теңгеге жобалар жүзеге асырылады. Ендігі кезекте металлургия саласына да қадам басу – облыстың ауыр өнеркәсіпке бет бұрғанының белгісі. Бұл тек облыс емес, жалпы Түркістан өңірінің индустриялық трансформациясына негіз болады.
Түлкібас ауданында металл кластерін құру – Түркістан облысы үшін тарихи әрі стратегиялық шешім. Бұл жоба жүзеге асқанда өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстанның индустриялық картасында жаңа бір маңызды нүкте пайда болатыны сөзсіз. Ал мұндай маңызды бастамалар, ең алдымен, инвесторларға ашық әрі қолайлы жағдай жасай білген өңірлік басқару тетігінің нәтижесі екенін атап өткен жөн. Түркістан – тарих пен өндірісті ұштастырған өңірге айналуда.