НҰРСӘТ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ АЙТҚАН ӨТІНІШ ОРЫНДАЛДЫ

Қоғамның билікке деген сенімі, ең алдымен, тұрғындардың күнделікті өміріндегі нақты мәселелердің шешім табуына тікелей байланысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты ел ішінде ашық диалог пен жауапкершілікке негізделген жаңа басқару мәдениетін қалыптастыруда. Бұл қағидат Шымкент қаласы, Қаратау ауданында нақты іспен дәлелденіп келеді.

Соңғы осындай мысалдардың бірі Нұрсәт шағынауданының №22 көпқабатты тұрғын үйі төңірегінде орын алған мәселенің сәтті шешілуі болды. Тұрғындар тарапынан келіп түскен өтінішке әкімдік пен партия өкілдері жедел әрекет етіп, нақты нәтиже көрсетті. Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаевтың жеке қоғамдық қабылдауы барысында Нұрсат шағынауданының тұрғыны №22 үйдің шатырынан қыста су ағатынын айтып, шатыр астына арнайы қара қағаз төсеп беру жөнінде өтініш білдірді. Мұндай жағдай суық мезгілде тек қолайсыздық тудырып қана қоймай, үй ішіндегі қабырға, төбе және электр желілеріне зиян келтіріп, тұрғындар қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін. Аталған мәселе бойынша аудан әкімі Алмас Емелтайұлы мен «AMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалының төрағасы Бауыржан Кеңесұлы бірге ақылдасып, бұл мәселені назарға алып, тұрғынның өтінішін оң шешуге тырысатындарын айтты. Бұл — жергілікті билік пен партия арасындағы үйлесімді әрекеттестіктің, ортақ жауапкершіліктің көрінісі. Тек тыңдап қоюмен шектелмей, нақты іс-қимылға көшу — партия мен әкімдік арасындағы серіктестіктің нәтижелі екенін айғақтайды. Қоғамдық қабылдау нәтижесінде, Нұрсат шағынауданындағы №22 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры астына арнайы қара қағаз төсеп беру жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстар жергілікті тұрғындар үшін қысқы маусымда қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруге мүмкіндік береді. Бұл — азаматтың жеке мәселесінің мемлекеттік деңгейде назарға алынып, қысқа мерзім ішінде нақты шешім табуының жарқын үлгісі. Сонымен қатар, бұл жағдай өзге тұрғындар үшін де мемлекетке сенім артып, мәселені дұрыс арнада көтерудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Тұрғынның өтініші инфрақұрылымдық жағынан шағын мәселе болып көрінуі мүмкін. Алайда бір тұрғынның тұрмыстық жайлылығы мен қауіпсіздігі – мемлекет үшін маңызды. Шатырдан су ағуы — жай ғана тұрмыстық түйткіл емес, ол тұрғын үйдің техникалық жағдайына әсер ететін құрылымдық проблема. Оны дер кезінде шешу арқылы әкімдік тек бір мәселені ғана жойған жоқ, тұрғындар қауіпсіздігін сақтап, өз міндетіне адал екендігін де көрсетті. Бұл жағдай «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жергілікті деңгейде қалай жүзеге асып жатқанын айқын көрсетеді. Қаратау ауданы әкімдігі мен «AMANAT» партиясы тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, олардың ұсыныс-тілектерін шынайы түрде тыңдап, нақты нәтиже беріп отырғаны — сенімді басқарудың үлгісі. Мұндай тәжірибе тек бір тұрғынның емес, бүкіл қоғамның билікке деген сенімін нығайтады. Ал сенім тұрақтылықтың, тұрақтылық — дамудың алғышарты.