ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК – ДАМУДЫҢ БАСТЫ ТЕТІГІ

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының бастамасымен ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы – еңбек ұжымдарымен тікелей байланыс орнатып, кәсіподақтың шынайы қолдауын көрсетудің тиімді құралына айналды. Осы бастаманың аясында «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалы өз мүшелерімен кездесулер өткізіп, салааралық байланыстарды нығайтып келеді.

Жуырда осындай маңызды кездесу Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы, оған қарасты музейлер бірлестігі мен Шымқала тарихи кешенінің қызметкерлерімен өтті. Кездесуге «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов арнайы келіп, аталған мекемелердегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелерімен ашық диалог жүргізді. Мекемелердегі еңбек жағдайларымен танысып, еңбек қатынастары мен жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы құқықтық қатынастар туралы заңнамалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мәдениет, архив және музей салаларында еңбек ететін мамандар – мемлекеттің рухани іргетасын қалыптастыратын маңызды тұлғалар. Алайда, бұл саладағы еңбек, әдетте, тасада қалады. Осы тұрғыдан алғанда, кәсіподақ тарапынан олардың еңбегін бағалау мен моральдық қолдау көрсету – әділеттілік пен әлеуметтік әділет қағидаларын іске асырудың нақты көрінісі. Кездесу қорытындысында Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынбасарұлы Орынтаевқа «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының «Еңбек озаты» төсбелгісі табысталды. Бұл марапат – басқарма басшысының ұжымға жасаған жағдайы, қызметкерлердің құқықтарын қорғаудағы қолдауы мен әлеуметтік серіктестікті нығайтуға қосқан үлесінің лайықты бағалануы. «Еңбек озаты» төсбелгісі – салалық кәсіподақтың ең жоғарғы марапаттарының бірі болып есептеледі. Бұл тек формалды сыйлық емес, нақты еңбек нәтижесіне берілетін моральдық әрі қоғамдық мойындаудың белгісі.

Кездесу соңында Бауыржан Орынтаев сөз сөйлеп, кәсіподақтың ұжымға жасап жатқан шынайы қолдауы мен құрметі үшін алғыс білдіріп, өз кезегінде мекеме тарапынан кәсіподақпен бірлескен жұмыс жалғаса беретінін айтты. Бұл мәлімдеме – мәдениет саласындағы әлеуметтік әріптестіктің нығайып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай кездесулер – тек пікір алмасу емес, кәсіподақ пен жұмыс беруші арасындағы нақты іс жүзіндегі ынтымақтастықтың жаңа белесі. Бұл өзара сенім мен жауапкершілікке негізделген қатынас – еңбек адамының құқығын қорғауда, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауда шешуші рөл атқарады. Шымкент қаласының мәдениет, архив және тарихи мұра бағытында еңбек етіп жүрген қызметкерлерге жасалған бұл құрмет – рухани мұраны сақтап келе жатқан еңбек иелеріне деген шынайы алғыс. Ал «Қызмет» салалық кәсіподағының бастамалары бұл құрметтің жүйелі сипат алып, еңбек адамының мәртебесін арттыру жолындағы маңызды тетікке айналып келе жатқанын көрсетеді.