ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА АУҚЫМДЫ АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

43
0

Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарының бірі – тұрғындар үшін қолайлы, жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру. Бұл мақсатта қалада «Халық қатысатын бюджет» секілді жобалар сәтті жүзеге асып келеді. Аталған бағдарлама аясында тұрғындардың тікелей ұсынысы мен дауыс беруі арқылы жүзеге асырылып жатқан жобалар – халық пен билік арасындағы өзара сенім мен ашықтықтың нақты көрінісі.

Солардың бірі – Қаратау ауданына қарасты Шапырашты тұрғын алабында салынған жаңа гүлзар мен спорт алаңшасы. Бұл нысандардың ашылуы тек инфрақұрылымдық жетістік емес, сонымен қатар тұрғындардың мәдени-әлеуметтік өмірінің сапасын арттыруға бағытталған үлкен қадам саналады. Жобаның басты ерекшелігі – «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуы. Бұл – қарапайым тұрғындар өз ұсынысын білдіріп, қандай нысанның қайда салынатынын таңдауға мүмкіндік алатын демократиялық тетік. Мұндай тәсіл халықтың өз ортасын жақсартуға деген қызығушылығын арттырып, жауапкершілік сезімін нығайтады. Шапырашты тұрғын алабының тұрғындары да осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, аумақты абаттандыру туралы ұсыныс түсіріп, оның нәтижесін қысқа мерзім ішінде көріп отыр. Гүлзар мен спорт алаңшасы барлық қауіпсіздік талаптарына сай салынған. Бұл – жай ғана эстетикалық көрініс емес, көпшілікке ортақ жайлы кеңістік. Ашылған жаңа нысандар – Шапырашты тұрғындары үшін бос уақытты тиімді өткізуге, балалар мен жастардың дене тәрбиесіне көңіл бөлуге таптырмас мүмкіндік. Гүлзар – отбасылық серуенге, қарттар мен балалардың демалысына, табиғат аясында тынығуға ыңғайлы орта болса, спорт алаңшасы – жастардың спортқа бет бұруына, бұқаралық спорттың дамуына серпін береді. Қаланың жасыл аймағын кеңейту мен экологиялық ахуалды жақсарту бағытында бой көтерген гүлзар – қала мәдениетінің дамуына қосылған үлес. Мұндай шағын, бірақ маңызды жобалар арқылы елді мекендердің келбеті көркейіп, тұрғындардың өмір сүру сапасы артады.

Нысанның ашылу салтанатына қаланың зиялы қауым өкілдерінің арнайы шақырылып, халық қуанышымен бөлісуі – бұл жобаның маңызын арттырып, оған деген қоғамдық назарды күшейтті. Жергілікті жұртшылықтың алғысы мен ризашылығы да орынсыз емес – өйткені олар бұл өзгерістің тікелей қатысушысы әрі бенефициары. 2025 жылы Қаратау ауданында жалпы саны 12 гүлзар, 24 балалар ойын алаңшасы және 3 спорт алаңшасының құрылысы жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін олардың 13 балалар ойын алаңшасы мен 6 гүлзар ел игілігіне беріліп үлгерді. Қалған 11 балалар ойын алаңшасы мен 6 гүлзар биылғы жылдың соңына дейін толық салынып, пайдалануға берілмек. Бұл — тек құрылыстың көлемі емес, аудан әкімдігінің жоспарлы әрі жүйелі жұмысының нәтижесі. Әрбір жаңа нысан – қаланың көркеюі мен азаматтардың әл-ауқатының артуына бағытталған нақты қадам. Шапыраштыдағы гүлзар мен спорт алаңшасының ашылуы – Шымкент қаласында тұрғындардың ұсынысына сүйене отырып, қоғамға қажетті жобалардың жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Мұндай бастамалар жергілікті халықты қаланың дамуына белсенді түрде араласуға ынталандырып, әлеуметтік жауапкершілікті арттырады. «Халық қатысатын бюджет» – жай ғана қаржылық құрал емес, бұл – қоғамдық келісімнің, өзара түсіністік пен сенімнің көрінісі. Ал осындай жобалар арқылы қаламыз жайлы, қауіпсіз әрі дамыған мекенге айнала бермек.