АТА-АНАЛАРДЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САБАҚТАРЫ ӨТКІЗІЛУДЕ

Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясында ата-аналарды қолдау орталығының жүйелі сабақтары ұйымдастырылып келеді. Бұл бастама – білім беру ұйымындағы тәрбие жұмысын отбасымен бірлесе жүргізудің заманауи үлгісі. Орталықтың негізгі мақсаты – ата-ана мен бала арасындағы сенімді нығайту, қауіпсіз орта қалыптастыру және әр жас ерекшелігіне сай дұрыс қолдау көрсету мәдениетін дамыту. Мұндай бағыттағы жұмыстар «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының мазмұнымен толық қабысып, отбасылық тәрбиенің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның басты қағидаттарының бірі – баланың бойында адалдық, жауапкершілік, ізгі мінез қалыптастыруда ата-ананың рөлі ерекше екенін мойындау. Отбасындағы тәрбиелік орта қаншалықты дұрыс әрі қауіпсіз болса, баланың тұлғалық дамуы да соншалықты үйлесімді қалыптасады. Сол себепті мектепте өткізілген сабақтар ата-аналардың педагогикалық сауатын арттыруға, бала тәрбиесінде кездесетін қиындықтарды дұрыс түсінуге бағытталды. Алғашқы сабақ «Жеке қауіпсіздік және баланы зорлық-зомбылықтан қорғау» тақырыбында 1-4 сынып ата-аналарына арналды. Бұл кезеңдегі бала – сезімтал, сенгіш, үлкендердің үстем ықпалына тез түсетін жаста болады. Сабақ барысында мамандар баланың жеке кеңістігін сақтау, қауіп тудыруы мүмкін жағдайларды анықтау және өзін қорғау дағдыларын үйрету жолдарын түсіндірді. Бұл мәліметтер ата-аналардың баласына қауіпсіз орта құрудағы жауапкершілігін күшейтеді. «Адал Азамат» бағдарламасында көрсетілгендей, баланың қауіпсіз өмір сүру дағдылары – оның тұлғалық тұтастығын сақтаудың негізгі шарттарының бірі. Келесі сабақ 5-9 сынып ата-аналарына арналды. «Жасөспірімді зорлық-зомбылықтан қорғаудың негізі — сенім мен жеке шекара» тақырыбында өткен кездесуде жасөспірім кезеңіндегі психологиялық өзгерістер, мінез-құлық ерекшеліктері, олардың өз орнын іздеуі сияқты маңызды мәселелер талқыланды. Мұнда ең бастысы – ата-ана мен бала арасындағы сенімді диалогты қалыптастырудың маңызы айтылды. Жасөспірімнің жеке шекарасын құрметтеу ғана оның тұлғалық дербестігін қалыптастыруға ықпал ететіні түсіндірілді. Бұл – «Адал Азамат» бағдарламасында ерекше назар аударылған құндылықтардың бірі. Өйткені өзін және өзгені құрметтей алған бала ғана болашақта әділ, жауапты азамат бола алады.
10-11 сынып ата-аналарына арналған «Шекара мен қолдау жасөспірімге өмірлік сынақтарды еңсеруге қалай көмектеседі?» тақырыбы өзектілігімен ерекшеленді. Жоғары сыныптағы оқушылар маңызды кезең – болашақ кәсібін таңдау, ҰБТ-ға дайындық, психологиялық қысым мен уайым сияқты мәселелерге жиі тап болады. Сабақ барысында мамандар ата-аналарға стресспен күрес жолдарын, баланың эмоционалдық жағдайын бақылау және психологиялық қолдау көрсетудің тиімді тәсілдерін түсіндірді. Бұл бағыт та «Адал Азамат» бағдарламасымен үйлеседі, себебі бағдарлама жас ұрпақты өмірлік қиындықтарды жеңе алатын, төзімді әрі сабырлы тұлға ретінде қалыптастыруды көздейді.



