«КӘСІПКЕ ҚЫЗЫҚҚАННЫҢ ТАСЫ ӨРГЕ ДОМАЛАЙДЫ»

745
0
«КӘСІПКЕ ҚЫЗЫҚҚАННЫҢ ТАСЫ ӨРГЕ ДОМАЛАЙДЫ»

20170213_194723-1

Оңтүстік Қазақстан облысында алдын болжайтын, соңын ойлайтын білікті мамандар аз емес. Соның бірі – қазіргі таңда Түлкібас ауданын басқарып отырған Әуелхан Тұрғынбеков десек, қателеспейміз. Әрдайым байсалды қалпынан танбайтын ол бұған дейін Төле би ауданын жеті жылдан астам уақыт бойы басқарып, онда біраз толымды істердің ұйытқысы бола білді. Бүгінде кез-келген істе кең ойлап, кемел пішетін оған артылған жүк ауыр. Жұртшылық тәжірибесі әбден толысқан Әуелхан Елтайұлын Түлкібаста біраз істің басын қайырады деп үміт артып отырған жайы бар. Сол сенімді ақтауда қандай жарқын істер жолға қойылды, нендей жоспар түзілді? Әкіммен болған әңгіме осы бағытта өрбіді.

– Әуелхан Елтайұлы, сіз таулы Төле биді жеті жылдан астам уақыт басқардыңыз. Онда туризмнің дамуы мен өндірістің өркендеуіне өзіндік қолтаңба қалдыра алдыңыз… Қызметіңізді ауыстырғанда көңіл-күйіңіз қандай болды?

– Төле би – өзімнің туып-өскен жерім. «Туған жердің тасы да таныс» деген. Ауданның тұрмыс-тіршілігі жайлы оған дейін де толық білетінмін. Алғаш басшы болып келгенімде жергілікті халықтың қолдап, қуаттағаны, сенім артқаны мені қайраттандыра түсті. «Балам дейтін ел болмаса, жұртым дейтін ұл қайдан туады?!» деп тегін айтылмаған. Ол кісілердің ықыласына лайықты болу үшін ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға барымды салдым. Таңды таңға ұрып жұмыс істеген күндер болды. Еткен еңбек пен төккен тердің арқасында соңғы жылдары Төле би түлей түсті. Шат тірліктер орнады. Алғаш тағайындалғанымда халықтың көгілдір отынмен қамтылу көрсеткіші 12 пайыз ғана болған-ды. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 86 пайызға жеткен. Бұдан басқа тұрғындардың толықтай таза ауыз су тұтынуы, білім мен медициналық қызмет сапасын көтеру бағытындағы көптеген проблемалар өз шешімін тапты. «Көптің тілегі қабыл» демекші, мұның барлығы да ондағы атқарушы биліктің, аудандық мәслихат пен ардагерлер кеңесі ұйымымен бірге бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай келісіп, кеңесіп жұмыс істеудің жемісі деп білемін.
Осыдан бірнеше ай бұрын аудандық Ардагерлер кеңесі жергілікті мәслихат пен аудан әкімдігіне маған «Төле би ауданының Құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсыныс тастаған екен. Ол қолдау тапты. Елге еткен еңбегіңді осылай бағалап жатқаны – мәртебе ғой. Сол ауылдың төл перзенті ретінде ауданның көркеюіне өзіндік із қалдыра алғанымды үлкен бақыт деп білдім. Ал қызметімді ауыстырғанда пәлендей көңіл-күйім түсе қоймады. Оған негіз де жоқ. Себебі, ит арқасы қиянға кетіп жатқаным жоқ, өзіміздің өскен өңірде жүрміз ғой.

– Сіз мемлекеттік қызметтерде көпжылдық тәжірибеңіз бар мамансыз. Сол үшін де Төле би ауданында біраз тыңғылықты тірліктерді тындыра алдыңыз. Сол іскерлігіңізді Түлкібас тұрғындарына таныта алдыңыз ба? Былтырғы жылжабар қорытындылармен бөлісе кетсеңіз.

– Түлкібас ауданына әкімдік қызметке келгеніме жарты жыл уақытқа енді жуықтады. Осы мерзім ішінде елді- мекендер мен ауылдарды аралап, жалпы ауанды байқадым. Көз қаныққан, көңілге түйген мәселелер бойынша алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоспарын жасадым. Барлығы да сәтімен іске асады ғой. Қолымнан не келетінін сол кезде халық көріп, біле жатар.
Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша, көптеген салаларда даму, ілгерілеу бар. Мысалы, ауданның жалпы өңірлік өнімі 62,1 млрд. теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 8 млрд. 100 млн. теңгеге артты. Түлкібасқа тартылған инвестиция көлемі 17 млрд. 342 млн. теңгеге жеткен. Аудандағы өнеркәсіп кәсіпорындары 17 млрд. 297 млн. теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексі 103,8 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы өнім көлемі 27 млрд. 432 млн. теңгеге жетті. Тамшылатып суғару мен терең копсыту технологиясы бағытындағы жұмыстар талапқа сай атқарылды. Былтыр ауданда 16274,8 тонна ет, 48454,3 тонна сүт, 17,5 млн.дана жұмыртқа өндіріліп, меже артығымен орындалды. Жоспарға сәйкес «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 430 саулық мал, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 447 зеңгі баба тұқымы, «Құлан» бағдарламасы бойынша 155 бас жылқы аналықтары мен асыл тұқымды айғырлар сатып алынды. Өткен жылы 19 құрылыс нысаны бойынша республикалық, облыстық, аудандық бюджет есебінен 2 млрд. 549 млн. теңге қаржы қаралды. Соның аясында Түлкібас, Керейт, Келтемашат елді мекендерінде емхана, дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Жаңаталап, Т.Рысқұлов, Күмісбастау, Шарафкент елді мекендеріндегі мектептердің құрылысы жүрді. Т. Рысқұлов ауылы Жанкент мөлтекауданында 280 орындық балабақша құрылысына да қаржы қаралып, ол толығымен орындалды. Жалпы, өткен жылы инженерлік инфрақұрылым, ауылдарға қосылған көшелерді табиғи газбен қамтамасыз ету, ауызсу жүйелерін жөндеу бағыты үшін бөлінген қаржылар толықтай игерілді. Ауданда 62 елді-мекен бар болса, соның 99,7 пайызы орталықтандырылған ауызсу құбырына қосылған. Яғни, от пен су иектің астында. Барлық саланы қамтып өте берсек, әңгімеміз бүгін-ертең түгесілмек емес. Қол жеткізген жетістіктер де бар, кемшіліктер де жоқ емес. Мәртебеміздің аласармауы жолында білек сыбана атқаратын жұмыстар күтіп тұр.

– Бүгінде Түлкібас облыста көгілдір отынмен 100 пайыз қамтылған жалғыз аудан болып тұр. Бұл – қуанарлық көрсеткіш. Бірақ, ауданда әлі де шешімін таппай отырған мәселелер өте көп. Өткен жылы облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы ауданға келген кезекті іссапары барысында көптеген сын-ескертпелер айтқан еді. Ол өнеркәсіп өнімі көлемінің төмендеуі, шағын және орта кәсіпкерлік нысандары санының азаюы, күздік егіс жұмыстарының межеге сай атқарылмауы секілді мәселелер болды. Бұдан қандай қорытынды шығардыңыздар?

– Иә, рас. Әкімнің сын-ескертулерінен дер кезінде қорытынды шығардық. Оған жоғарыдағы келтірілген мәліметтерді алға тартуға болады. Жыл қорытындысымен өнім көлемі арттырылып, біршама мәселелер қайта қалпына келтірілді.

– Аудандағы индустриалды аймақтың жай-күйі туралы айтып өтсеңіз. Ондағы өндірісті алға қарай дамыту бағытында қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? Облыс бойынша инвесторларды тарту мүмкіндіктеріңіз қай деңгейде?

– Алып мемлекеттердің озық өнегесін үйрену бағытында жасалған Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша ауданның табиғи ерекшелігін ескере отырып, біз тамақ өнімдерін өндіруге көп екпін беріп отырмыз. Осы бағытта өткен жылы индустриалды картаға 8 жоба енгізілді. Оның 4-і іске асты. Аталған жобалар бүгінгі таңда 70-100 пайыз қуаттылықпен жұмыс жасауда. Қалған жобалар 2017-2019 жылдары жүзеге асырылады. Соның аясында ауданда тауық етін өндіретін өндіріс кешені, құс фабрикасы, мал бордақылау алаңы, мал сою және ет өңдеу цехы мен күйдірілген кірпіш шығару зауыттары жұмыс істейтін болады. Бұл 1000-нан астам жанның екі қолға бір күрек табуына жол ашады. Бұдан бөлек аудандағы индустриялдық аймақта да бірқатар жобалар бойынша газдалған, газдалмаған табиғи сусындар өндіру, ауылшаруашылық, сүт өнімдерін қайта өңдеу мен бидайды терең өңдеу цехтары қарқынды жұмыс істейтін болады.

– Түлкібастағы түйткілді проблеманың бірі – бала өлімі. Өткен жылы ауданда 21 бала өлімі тіркелген екен. Бұл жәйт облыс әкімдігін де бей-жай қалдырмағаны белгілі. Осы бойынша қандай жұмыстар қолға алынуда?

– Аудан басшысы ретінде ана мен бала өлімі мені де толғандырады. Біздегі сәби өлімінің себептерін экологиямен байланыстыру қисынға келмейді. Себебі, Түлкібастың шөбі шүйгін, суы тұнық, ауасы саф. Былтыр біз осы бағытта тиісті мамандардың басын қосып арнайы жиын өткіздік. Сонда проблеманы шешудің жолдары айтылды. Нәтиже күтеміз. Өз басым, ана мен бала өлімін тек ақ желеңді жандарға арта салуға тағы болмайды деп ойлаймын. Арагідік олардың ішінде де жұмысына атүсті қарайтындары бар шығар. Бірақ бәрі емес. Бойға біткен баланың дүниеге аман-сау келуі ананың өзіне, оның күтіміне алған тәрбиесі мен туған-туыстарына да тікелей байланысты.

– Кез келген қоғамда идеологиялық жұмыс жұтаң тартса, ол қоғамның іштей бүлінуіне жол ашады. Яғни, бұл салаға селқос қарау қылмыстың артуына да әсерін тигізеді. Бұл Сізге мәлім дүние. Бүгінде ауданда жасөспірімдер қылмысы күн тәртібіндегі мәселенің біріне айналған. Бұған не айтасыз? Жалпы идеологиялық бағытта қандай жұмыстар жолға қойылуда?

– Жуырда осы саланы тізгінге алатын орынбасар (Жанар Бектаева) тағайындалғаны сізге мәлім. Оның осы салада біраз жылдық еңбек өтілі бар. Ол өзіне тиесілі жұмыстарды ой елегінен өткізіп, аталған саланың жадау-жүдеу жағдайда тұрған тұстарын зерттеп, нақты іске кіріседі деп үміттенеміз. Жұрттың жадын жаңғыртатын жұмыстардың жүйелі орындалуын әрдайым назарда ұстаймын.
Жасөспірімдердің қылмысқа бару факторлары терең талдануда. Түптеп келгенде мұның барлығы отбасындағы тәрбиеге байланысты. Қазіргі таңда барлық баланың қолында смартфон, планшет бар. Желден жүйрік мына ақпарат заманында ол жерде кез келген мәліметке қол жеткізуге болатыны анық. Ақпараттардың денін баланың болмысы саналы түрде қабылдауға әлі дайын емес. Көпшілігі жасөспірім психологиясына кері әсерін тигізеді. Мұның өзі көптеген келеңсіздіктерге алып келеді. Жасөспірімдер қылмысының артуына осы жағдай да себеп болып отыр. Сол үшін ата-аналар жауапкершілігін арттырып, бақылауды күшейту керек. Біз өскелең ұрпаққа материалдық байлықтың емес, рухани құндылықтың бәсі әрдайым жоғары болатынын құрғақ айтып ғана қоймай, сол үшін олардың әрқайсысын қызылды-жасылды дүниелерден бойды аулақ ұстауға үйрету қажет. Өйткені, олар оңай олжа табамыз деп орға түсіп жатады. Ата-аналар комитеті мен мектеп арасында біте қайнасқан байланыстың тұрақты қалыптасқаны абзал. Тағы бір айта кетерлік жәйт мен осы жерде 15-20 жыл бойына мектеп директоры болып жүргендерді көрдім. Ондай жерде тәрбие бәрібір босаңсиды. «Маман алғашқы жылы барын салады, екінші жылы көп нәрсені үйренеді, үшінші жылы ол нәтиже береді, төртінші жылы коррупцияға, жемқорлыққа жол береді» деген ұғым бар. Бұл сөздің жаны бар. Бір қызметте 4-5 жыл істеу керек. Одан соң жұмысы талданып, көрсеткіштері таразыға салынып, «қызметін ауыстыру», «босату», немесе «қайта жалғастыру» сынды шешімдер қабылдануы тиіс.

– Түлкібастың табиғаты туризмді дамытуға қолайлы мекен. Табиғаттың бұл тартуын тиімді пайдалану мақсатында нақты қандай жоба-жоспарларыңыз бар?

– Түлкібаста туризм-негізгі табыс көзі болады деп айтуға толық негіз бар. «Ақсу Жабағылы» қорығы, Қарсат үңгірі, Машат шатқалдары мен «Тянь-Шань» тауларының сілемдеріндегі ерекше көріністер мен тамаша табиғат туристердің үлкен қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Мұнда туристерге қызмет көрсететін 2 қонақ үй, екі шипажай, 8 маусымдық балаларға арналған лагерь мен бірнеше қонақ қабылдау үйлері бар. Бұдан бөлек бұл салада құны 600 млн. теңгелік 1 жоба іске асты. Осы жылы «Мөлдір бастау» демалыс аймағынан 1200 шаршы метрді алатын салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында аквапаркті пайдалануға беру жоспарлануда. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша саумалмен емдеу сауықтыру орнын ашу үшін жобалық сметалық құжаттар әзірленуде. Туристерге қызмет көрсету орталықтарына былтыр 13 мыңнан астам саяхатшы келген. Оның 716-сы ғана шетелдіктер. Біз қызмет көрсету сервисін жандандыруымыз қажет. Коммуникация, инфрақұрылым мәселелерін жақсартуымыз керек. Туризмді дамытуда мүмкіндігі зор жерлер бар. Бірақ жекенің қолына өткен. Мақсатты пайдаланылмай жатыр.

– Әуелхан мырза, сөз басында ауыл-ауылды аралап, халықпен жүздесіп, көп нәрсені көңілге түйгеніңізді, соған сүйеніп жоспар жасағаныңызды айттыңыз. Осы жайында аз-кем ақпарат беріп өтсеңіз. Жалпы, осы халықпен тығыз байланыста болу үшін неге технологияның көмегіне жүгінбеске деген ой келіп отыр. Мәселен, өзге әріптестеріңіз әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін пайдаланады. Бұған Сіз не айтасыз?

– Түлкібаста табиғи газ, ауыз су сынды әлеуметтік мәселелер шешімін тапқан. Бірақ тіршілікте проблема деген тоқтамайды. Бүгін жарап тұрған дүние ертең істен шығатыны сөзсіз. Яғни, алмастыруды қажет етеді. Олардың қатарына жол, мектеп, балабақша және тағысын тағылар жатады. Елбасы саясатының арқасында жасалған түрлі бағдарламалар мен реформалар аясында ол мәселелер уақыт өте келе өз шешімін табатыны анық. Осы жылы біз Түлкібас, Састөбе, Балықты, Майтөбе елді мекендерінің орталық көшелерін абаттандыруды, көптеген тұрғын үйлерді, қоршауларды ретке келтіруді жоспарлап отырмыз. 10 елді мекендегі бірқатар көшелерді жөндеу де қолға алынбақ. Үш ауысымдағы мектептер жанынан қосымша ғимараттар салу, типтік емес үлгідегі білім ұяларын типтік санатқа өткізу жұмыстары жүргізіледі. Майтөбе ауылынан бала бақша ашу жоспарлануда. Тастұмсық және Көктерек ауылдарында акушерлік-фельдшерлік бекеттердің құрылысы басталмақ. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша азаматтарға тұрғын үй салу бағытында жоспарлы түрде жұмыстар атқарылады. Тұрғын үйлер салынумен қатар жер кезегінде тұрған 2500 адамның мәселесі күн тәртібінде болады. Кәсіпкерлер жұмысын жандандыру, шетелдік және отандық инвесторларды тарту арқылы өнеркәсіптің өрісін кеңейту – барлығы назардан тыс қалмайды. Келер күндерге негізделген осынау жұмыстар негізінен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр. Бірақ жергілікті жұрт «мемлекет жарылқайды» деген масылдық психологиядан арылуы қажет. Еңбекке жарамды адам кәсіптің көзін табуы керек. Көп адам қазір әкімдік, мектеп, емхана сынды орындарда жұмыс істегісі келеді. Тамыр-таныс іздеп, сол төңіректерді торуылдаумен әлек. Бұл бекер тірлік. Ол жұмысты алға қарай сүйрей ала ма, жоқ па, онымен ісі жоқ. Қазіргі кезең кәсіптік-техникалық мамандықты меңгергендердің заманы. Кімнің қолынан кәсіп келеді, соның тасы өрге домалайтын уақыт келгелі қай заман?! Бірақ, мұны түсінбейді. Артық қимылдаудан қиналатын адамдар халық арасында өте көп. Өмір қозғалыстан тұрады. Қоғамды дамыту тек әкімшіліктің жұмысы емес. Әрбір тұрғын өз үйін, өз ауласын таза ұстап, таза ойлап, бойды жинақы ұстайтын уақыт туды. Қоғамда өз орныңды тапқың келсе, адал еңбек етіп, тәртіпті жүр. Заңға бағын. Сонда жоғалмайсың. Бойкүйездіктен арыл. Жастарымыз бойдан қуат, қолдан күш кеткендей дел-сал болып жүреді. Соларды үйіргелік ауламызды таза ұстауға, үйдің іші-сыртын әрлеуге жұмылдырғанымыз жөн. Қамауда қалған қара терлерін шығаруымыз қажет. Халықпен кездесуде осындай ой тастаймын. Оны халықтың қабылдауы жақсы. Нәтиже шығатын күн алыс емес деп сенемін.
Ал екінші сұрағыңызға келсек… Өз басым әлеуметтік желіде отырғанды көңілім қалай бермейді. Өйткені, онда өздерің сынды жастар көп отырады. Яғни барлық буынды қамти алмайсың. Сол үшін мен жергілікті жұртпен кең сөйлескенді құп көремін. Жақсы мен жаманды ой безбеніне сала білетін аға буынмен кездесіп, емен-жарқын кеңескен дұрыс сияқты.

– Әуелхан мырза, Түлкібасты түлету жолында еткен еңбектеріңізде ниет пен тілек табысып, мақсат пен мүдде қабыса бергей!

Сұхбаттасқан:
Т.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ.

Редакциядан:

Осы жүздесу өтіп, сұхбат кезекті нөмірге дайындалып жатқан кезде, нақтысы арада бірер күн өткенде Әуелхан Тұрғынбеков ОҚО әкімі аппаратының басшысы болып жаңа қызметке тағайындалды. Бұл кадр облыс жұртшылығына жақсы таныс. Ол соңғы жылдардың бедерінде облыс әкімі аппаратының басшысы, облыс әкімінің кеңесшісі, облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Шардара, Сайрам, Төлеби ауданы әкімі қызметтерін абыройлы атқарған. Өткен жылы экотуризм бағыты бойынша келешегінен көп үміт күттіретін Түлкібас ауданына басшы болып тағайындалған болатын. Жұмысты жүйелендіріп, тірлікті тындыра алатын Әуелхан Елтайұлымен сол кезде алдағы жоспары жайында сұхбат алу ниетіміз болған еді. Бірақ, карт-бланш деген түсінік бар. Бұл жаңадан келген басшыға сол төңіректің жай-жапсарын біліп алып, бағдар түзуіне мұрсат беру дегенді білдіреді. Біраз уақыт өткен соң қасиетті Түлкібасқа бет алып, ол кісімен тілдескен едік. Облыс басшысы тәжірибелі маманға жаңа қызмет ұсынғанын естідік, тілеулес жан ретінде оны қолдап, қуандық та. Ал мынау сұхбатты Түлкібастың күні кешегі басшысымен болған қалпында, сиясы кетпеген күнінде оқырман қауымға ұсынуды жөн санадық. Өйткені, ауданның болашағы туралы тірліктен ел хабардар болғаны абзал. Ал кезекті әкім болса Әуелхан Тұрғынбековтың ұйытқылығымен бастау алған жұмыстың лайықты жалғасын табуына мұрындық болуы керек.

(«Уақыт» газеті №5 (224).