Жаназа шығаратын депутаттың дау-дамайы…
Шұбарсу ауылы халық тығыз қоныстанған елді-мекен ретінде көпшілікке жақсы таныс. Осы Шұбарсуда тұратын Ордабасы аудандық мәслихатының депутаты Әбдіраман Тұрмағанбетов төңірегінде шыққан дау-дамай бізге де жетті. Мәселенің анығына жету үшін Шұбарсуға ат терлетіп бардық. Ауыл әкімі Жанғозы Сәмбетовке және бір топ ауыл ақсақалдарына жолығып, мәселенің мән-жайын сұраған едік.
Ауыл әкімінің сөзіне қарағанда, Ә.Тұрмағанбетов депутат болып сайланғаннан кейін өзінің сайлаушыларының үстінен арыз-шағым бере бастапты. Содан ауыл дүрлігіп, ел арасында іріткі пайда болған. Арыны қатты депутатты ауыл әкімі де, беделді ақсақалдар да сөзбен тоқтата алмапты. Тіпті арашаға түскен депутат Әділхан Исабаевтың да, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтың да оны тоқтатуға құдіреттері жетпеген. Олардың қатысуымен болған жиналыстарда достасып, татуласады, бірақ артынша қайтадан араздасады. Шұбарсу шуы облыс орталығына дейін жетіп, қаладағы бір газеттің тілшісі ауылға келіп, бірнеше адамдармен сұхбаттасқан. Оның ішінде Ә.Тұрмағанбетов те бар. Ж.Сәмбетов, т.б. ақсақалдар шындықты айтып, басылымға сұхбат бергеннен кейін, депутат бұлардың үстінен сотқа шағым түсірген. Қазір өзара соттасып жатыр. Ауыл имамы Шәймерден Ергешовпен пікірлестік. Ә.Тұрмағанбетовтың неке қиятын, жаназа шығаратын және адам емдейтін молдалығы бұрыннан бар екен. Депутат болғаннан кейін де осы кәсібін жалғастырыпты. Оның бұл кәсібіне ауылдың заңды молдасы Ш.Ергешов тікелей бақталас болып, оған жақпай қалады. Содан Тұрмағанбетов пен оның жақтастары Ж.Махановтың басшылығындағы Шұбарсу ауылдық ардагерлер кеңесінде №6 хаттама толтырып, оны имамдықтан шығарып тастайды. Ж. Сәмбетов дер кезінде жөнсіздікті түзетіп, оның орнында қалу-қалмауын аудан имамы шешетінін айтып, Шәймерден ақсақалды қайтадан өз орнына бекітеді.
Әбдіраман Тұрмағанбетовтің сайлаудағы сенімді өкілі болған Төленбай Мырзақұлдың айтуынша, түнгі он екіде сайлау аяқталып, Тұрмағанбетов жеңіске жеткеннен кейін оның ең бірінші жауы өзі болыпты. Депутат болғаннан кейін күрт өзгерген оның басты мақсаты – мандатына сәйкес елдің сөзін сөйлеу емес, қайта ықтырып, жұмса жұдырығында ұстау арқылы ауылға өз дегенін істету көрінеді. Сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген міндеттерінің бірде-бірін әлі іс жүзінде жүзеге асырмапты. Осы сайлауалды бағдарламасындағы жазылған өмірбаянында қай жерден діни білім алғандығы жөнінде ақпарат жоқтың қасы. Зейнеткер Жақсылық Жалиевтің ойын тыңдадық. Әбдіраман Тұрмағанбетов аудандық мәслихатқа депутат болғалы бері халық үшін ешқандай жұмыс жасамапты. Жұмыс жасау былай тұрсын, тіпті Шұбарсуда жағдайы төмен отбасылардың бар екендігінен бейхабар көрінеді. Халық қалаулысы ретінде әлеуметтік жағдайлары төмен, мұқтаж жандарға көмектесіп, тұрғындарды ұйытудың орнына ел арасына іріткі салып, алауыздық тудырып отыр деді қария. Жанжалдың басы – жаназадан басталғанға ұқсайды. Бір қызығы, депутат мырза мешітте өтетін діни мерекелерге қатыспайды, ал қалта томпайтатын неке қию, жаназа шығару сияқты ел арасындағы жұмыстарға белсене кіріседі екен. Ауыл қариясы Қалдыбек Сүлейменовтің айтуынша, Шұбарсудағы шудың басылмай тұрғанына көп уақыт болыпты. Ауылдағы Б.Нұрлыбеков атындағы мектепте аудан әкімінің орынбасарлары, «Нұр Отан» партиясының өкілі, аудандық «Ордабасы оттары» газетінің редакторы жиналыс жасапты. Мақсаты – А.Тұрмағанбетов төңірегіндегі дау-дамайға нүкте қою екен. Бірақ белгісіз себептермен жиналысқа депутат келмепті. Бұл жөнінде оған айтылған екен. Алайда, халық атынан сайланған Тұрмағанбетовтің халықты сыйламағанын қалай түсінуге болады? Мен де оған сенім артып, дауыс берген едім деген ойын жеткізді Қалдыбек ақсақал. Шұбарсу ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Балғабеков те елдің бірлігін, татулығын қалайтынын жеткізді. Сайлаушысы ретінде А.Тұрмағанбетовтің депутаттық жылдық есебіне көңілі толмаған екен. Тұғырнамада берілген уәделердің құр сөз күйінде қалғандығының куәсі болдық. Өзі атап көрсеткендей, халық алдындағы міндеттерін орындау үшін сессияда мәселе көтеріп, аудандық бюджеттен қаржы бөлдіріп, жүзеге асыруға тиіс болатын. Ал біз сайлаған депутат БАҚ-на өз ойымызды ашық білдіргеніміз үшін үстімізден арыз жазып, бізді сотқа сүйреуден шаршамай келеді деді ол.
Осылайша, біз сайлаушыларынан Әбдіраман Тұрмағанбетов жөнінде біржақты пікірлерді естідік. Депутаттың өз ойын білу мақсатында ұялы телефонына хабарласқан едік. Бірақ тұтқаны көтерген депутат өзінің ауылда жоқтығын айтып, сұхбаттаса алмайтындығын жеткізді. Екінші жақтың тарапын білейін деген оймен оның жақтасы саналатын Сәрсенбай Қабылбековтің үйіне бардық. Сәрсенбай ақсақал үйінде жоқ екен. Есік алдында жүріп, бізге сәлем салған ибалы келіні осылай деген соң қалаға қайттық. Таңертең С.Қабылбековтің өзі бізге телефон соғып, үйіне сұхбат алуға барғанымыз үшін біздің үстімізден шағым түсіретінін айтып, бізді өзінше қорқытпақ болды. Жала да жапты – келіні жүкті екен, біз «атаң бар ма?» деп сұрасақ, қорыққанынан түсік тастап жіберіпті… О заманда бұ заман, жөн сұрағанға түсік тастап жіберетін келінді, үйіне барғанымыз үшін сотқа беретін ауыл қариясын көрсек көзіміз шықсын?! Үйге рұқсат сұрап кірсең де, мылтықпен қарсы алатын Еуропада емеспіз, қонақжай, қазақы салтынан айнымауға тиіс Сәрсенбай қарияға не болғанын түсіне алмадық. Қайта телефон шалып, болған жайды айтып түсіндіре алмадық. Одан сайлаушысы ретінде А. Тұрмағанбетов жөніндегі ойын білгіміз келіп, сұхбат беруін сұрадық. Қайта С. Қабылбеков одан бетер өршеленіп, депутатқа өзінің ешқандай қатысы жоқ екенін, адвокаты — нағашысы екенін айтып, бізге сес көрсетті. Жарайды, адвокаты кім болса да олар заңды білуге міндетті: ҚР БАҚ туралы Заңының 20-бабында былай делінген: «Журналист ақпаратты іздестіруді жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға (егер мемлекеттік құпия болмаса) құқы бар».
Соның артынша, Шұбарсу ауылының учаскелік инспекторы бізбен байланысты. Айтысынша, С.Қабылбеков біздің үстімізден арыз жазыпты. «Жаза берсін, кейін сотта жолығармыз» дедік. Кейін білгеніміздей, Қабылбеков жазған арызын бермей, адвокатымен ақылдасамын деп кетіп қалыпты. Осыдан кейін санамызды сансыз сұрақ мазалады. С.Қабылбеков ұялы телефонымызды қайдан алды? Келінінің түсік тастағаны рас болса неге сол күні емес, ертеңіне хабарласады? Логикаға салсақ, біз Шұбарсуда журналистік зерттеу жүргізген күні депутат А.Тұрмағанбетовтен басқа ешқандай ауыл тұрғынына телефон шалған жоқпыз. Демек, С. Қабылбеков А. Тұрмағанбетовпен (әрине адвокаты да бар) өзара ақылдасып, біздің үстімізден жоспар құрғанға ұқсайды. Жарайды, жалақорға дауа жоқ енді. Күні бүгінге дейін олар кіммен соттаспай жатыр. Алайда, өзін таныстырмаған, аты-жөні белгісіз учаскелік полицейге жөн болсын? Өзі заңның адамы болса да, жұмысын жақсы білмейді-ау шамасы. Арызды қабылдамай жатып, бізге неліктен телефон шалды? Үстімізден түскен арызды қабылдағаннан кейін, бізбен хабарласуы керек еді. Өзі біздің журналистік қызметімізге кедергі жасап, қанша моральдық шығын келтіргенін біле ме екен? Оның үстінен аудандық прокуратураға арыздануымызға құқымыз бар.
Қазақта «Ет сасыса тұз себеміз, тұз сасыса не себеміз?» деген тәмсіл бар. Елдің тұзы, яғни үні, ұйытқысы саналатын халық қалаулылары осындай былықтың басында тұрса, кімге сенеміз? Біз оның аудандық газет бетіне шыққан «Тұғырнамамның басты негізі – ауылымның өркендеуі!!!» деген сөзден басталған сайлауалды тұғырнамасына көз жүгірттік. Әр тармағына тоқталмай-ақ қояйық, орындалып жатқан жоқ деп сайлаушылары айтты ғой. Тек, «жалпы тәртіпсіздікке қарсы күрес ашу» деген үзінді сөзі оның бүгінгі тірлігіне сай болып тұрмағанын білдік. «Тентегін» тыя алмаған Ордабасы аудандық мәслихаты қайда қарап отыр?
Дәурен Мұстафин.
Редакциядан: «Естімеген елде көп деген», егер ордабасылық депутаттың әрекеті анық осындай болса, оның жақтастарының тірліктері анық жоғарыдағыдай болса, онда шұбарсулықтардың маңдайларының сорлары бес елі екен. Енде ше, бетіне қарап сөйлегенге жала жауып, арағайындық танытпақ болғандарды сотқа сүйрей берсе… Аудандық, облыстық мәслихат хатшылары неге осы мәселеге мойын бұрып, елдің ынтымақ – бірлігін сақтауға күш салмайды? Әлде бұл да бір «саяси ойын» ба? Осы «ойын» арқылы аудан әкімінің беделіне нұқсан келтіру ме? Данияр Тілеубергеновтің тірлігі онсыз да жеткілікті емес пе?