ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ХАТШЫСЫ Н.Бекназаров па, әлде Б.Нарымбетов пе?

371
0

11Шымкент қаласының әкімі ауысқанына көп бола қойған жоқ. Ел-жұрт оны сыртынан Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Келес өңірінде өмірге келгенін, ес білгелі Астана жақта түрлі қызметтер атқарғанын, жас та болса белгілі бір ықпалды топтың мүшесі екенін біліп үлгерді. Бірақ, Дархан Сатыбалды әлі күнге дейін жұрт алдына шығып, жұғымды жұмыс көрсете алған жоқ, не еліміздегі үшінші қалаға айналуға тиіс Шымкенттің жағдайына байланысты белгілі бір дәрежеде ауыз ашып, ештеңе деген жоқ. Сөзінен ісі мығым дейтіндей де ауыз толтырып ештеңе айта алмаймыз. Есесіне… 
Қайрат Молдасейтов Шымкентке әкім болып келерден бір күн бұрын қаланы сол кезде басқарған Арман Жетпісбаевтың қызметтік көлігіне қарсы оқ атылған деген әңгіме бар. Ал, Қайрат Молдасейтов қала әкімі қызметінде бір жылдан сәл-ақ аса уақыт отырып, денсаулығына байланысты, өз арызымен қызметтен босады. Жұрт әне-міне дегенше Астана жақтан Дархан Сатыбалды сарт етіп, қала басшысы қызметіне отыра кетті. Қала әкімі ауысқаны басқа, қалалық әкімдікте ауыспайтын бір адам бар. Ол— Шымкент қаласы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Б. Нарымбетов. Б. Нарымбетов қалалық әкімшілікке келгелі нардың жүгін көтеретіндей қызмет атқарып, үлкен іс тындырып жатыр деу тағы ыңғайсыз секілді. Газетіміздің кешегі санында осы Нарымбетов пен қаланың су жаңа әкімі— Д. Сатыбалдының «Нұр Отан» ХДП ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары А. Мамытбековтің анасының қырық күндік асына «футболка» киіп келгенін жазған едік. Аты дүрдей лауазым иелерінің ақылдасып алғандай бірдей киініп келгенін көрген біз «ол екеуі ағайын» деген әңгіменің шындыққа жанасатынын байқағандай болғанбыз. Қалай десек те, жыл сайын мемлекеттік тапсырыс үшін бөлінетін азын-аулақ қаражаттан «аздап» болса да «азық» қылып жүре тұра, сол тетікті ұстап отырған қала әкімінің орынбасарына деген сынымызды жарияламасқа тағы болмайтын болып тұр. Бәлкім, Нарымбетов бізді сол қаражаттан қысатын шығар, оны да көрейік. Бірақ, шындық тұрған жерде қаражатқа қарап телмірудің болмайтынын шенеунік дұрыс түсінетін шығар. Сонымен…
Кешегі апталардың бірінде «Нұр Отан» ХДП Шымкент қалалық филиалының Бюро мәжілісі өткенін өткенде жазғанбыз. Сол жиыннан соң бас қосқан мәслихаттағы фракция мүшелері мәслихат хатшысы Н. Бекназаровтың жұмысына «қанағаттанарлықсыз» деген баға беріп, оның қызметінен кетуін дұрыс деп шешкен. Ал, Н. Бұқарбаев мәслихат хатшысының ауысқанын қалаған жоқ көрінеді. Мәселе, әрине, депутаттардың не шешіп, не қойғанында емес. Мәселенің маңыздысы – сол фракция отырысына дейін болған оқиғада болып тұр. Ертең фракция отырысы дегеннен бір күн алдын Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Б. Нарымбетов қалалық мәслихаттың бір топ депутатын өзіне шақыртқан. Олардың аты-жөндерін тізбелемей-ақ қояйық, негізгісі – Б.Нарымбетов мырза алдына барған халық қалаулыларына «тап қазір ондай жиынның өткізілуі маңызды ма еді? Қала әкімінің келгені кеше, ол да мен келе сала мынадай болғаны қалай деп, өкпелеп жатыр» деген сыңайдағы әңгіме айтады. Бұл, бірінші кезекте, қаланың идеологиясын басқарып отырған адамның өз қызметін атқарды дегенге келеді деп ойлағандар бар болған шығар. Былайша, шенеунік пен депутаттың арасында жүргізілген диалог, бұл қандай диалог демеске тағы амалың жоқ. Заң шеңберіне келсек, тағайындау мен сайлаудан тұратын қоғамда халық қалаулысы өз ойын ашық білдіріп, сайлаушыларының күйін күйттейтін тұлға болуы шарт. Оның тағайындалған топтың алдында есеп беруі немесе әр қадамын сонымен келісіп отырып шешуі шарт  емес. Ол, сондықтан да, сайланбалы органның адамы. Ал, шенеуніктің депутатқа бұйрық жасауы— оның «сезікті бұрын секіреді» немесе жұмыс бабындағы әлсіздігін көрсетеді деп түсінген дұрыс шығар. Айналып келгенде, Б. Нарымбетовтің «астыртын кездесулері» мен алдын-ала жүргізген «келісімдерінің» нәтижесінде қала деңгейінде адам түсінбейтін «ойындар» басталып кетті. Фракция отырысынан кейін қалалық мәслихаттың депутаты Н. Бұқарбаевтың бұқараға арнаған мәлімдемесі бұрқ етті. Оның нені, қандай әрекетті, болмаса қандай қиыншылық пен қорқытуды меңзегені әлі күнге дейін түсініксіз. Еліміздегі үшінші қалаға айналуға тиіс үлкен мегаполисте халық сенімін арқалап отырған депутатың (оған тұрақты комиссия төрағасы, елге белгілі бизнесмен екенін ескеріңіз) билікке қарап көмек сұрап отырғанын көрген қарапайым адам кімге қарап жалтақтауы керек. Сол мәлімдемеден кейін бірнеше күндер өтті, ел аманатын арқалап жүрген қаншама азамат құқық қорғау органдарынан Бұқарбаевтың басына бұлт үймелеткісі келгендерді табуды талап етіп отыр. Бірақ, басы бүтін анықталып отырған жағдай жоқ. Сонда бұл, баяғы айтқандай, кезекті «саяси ойын» болып шыққаны ма? Мұны бір деңіз.
Екіншіден, әлгінде аты аталған Н. Бұқарбаев қаланың жаңа әкімі Д. Сатыбалдының досы екені белгілі. Олай болса, ол қаланың бас идеологы Б. Нарымбетовке де алыс емес сияқты. Басы істейтіндердің болжамы бойынша, Бұқарбаевтың бас-аяғы жоқ мәлімдемесі Нарымбетов «өткізе алмаған» «ойынның» жалғасы емес пе деген де ой келеді. Оның сыртында, отырған орынды кім жай ғана тастай салады деген де пайым бар. Ендеше, мәслихат хатшысы Н. Бекназаровтың айналып келіп Б. Нарымбетовтен көмек сұрағаны ма, сонда? Өйтпесе, Н. Бекназаров пен оның қызметі сарапқа салынған жиналыстың болмағанын Б. Нарымбетов не үшін қалады? Н. Бұқарбаев не үшін шала бүлінді немесе Бұқарбаевтың отбасына қауіп төндірмек болған кім? Бұлардың арасында қаншалықты сәйкестік, ұқсастық болуы ықтимал? Жалпы алғанда, Б. Нарымбетовке депутаттық корпусқа нұсқау беру құқығын кім берді? Осыдан туындайтын заңды сұрақ, қалалық мәслихаттың хатшысы кім, Н. Бекназаров па, әлде Б. Нарымбетов пе? Бекназаровты өзі сайлаған депутат-әріптестері өздері қаламай отырса, онда Б. Нарымбетовтың жарым жолдан шала бүлінуіне не себеп? Сондай-ақ, Б. Нарымбетовтің заңды аяққа таптап, Елбасының, билік партиясының ішкі ісіне қарсы қимылдауына, араласуына не себеп болды екен?
Егер қаланың бас идеологы Шымкенттегі саяси жағдайдың тыныш болуын қалаған болса, сәл де болса конкурс арқылы мемлекеттің қаражатымен күн көріп отырған «Отырар» телеарнасына анықталмаған, арыз, жазылмаған ақпаратты таратпауды сұранған болар еді ғой. Бір ғана Бұқарбаевтың бас-аяғы жоқ мәлімдемесінен кейін көкейде талай сұрақ қалды. Кешегі аптада қаладан шығатын бір газет «… билік Н.Бекназаровты орнында сақтап қалғысы келеді. Шымкент қалалық мәслихаты соңғы кездері хатшы ауыстырудан республикада «рекорд» жаңартып жүр деуге болады. Мұның алдында хатшы Нұриддин Жарболов қала әкімі Арман Жетпісбаевқа сенімсіздік жариялауға бастамашы болам деп жүріп, ақыр аяғында өзі қызметінен кеткен болатын. Одан кейінгі хатшы Жангелді Махашов та біреулерге ұнамай қалды. «Ж.Махашов ұзамай хатшылық қызметімен бірге депутаттық мандатын да тапсырып кетті» деп ақпарат таратты. Сол Ж. Махашевты орнынан кетіру «операциясының» басы-қасында тап бүгін қызметін қимай отырған Н. Бекназаровтың жүргені, Ж. Махашев атынан ауып түскенде оның орнына Н. Бекназаровтың бірден хатшылыққа отырғаны кешегі күннің ақиқаты. Бекназаровты билік қимаса, Махашевқа істегені алдынан шықты деушілердің де қарасы аз емес. Ендеше, «біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген осы ма екен?

Ағабек ДАТҚАЕВ.