Қоян етін жемедік, қоян ішік кимедік!
ОҚО Прокурорының назарына!
Бірер аптадан соң Жаңа жылды – Жылқы жылын қарсы аламыз. Мереке демекші, мұндайда ойға қайбір жылғы – Қоян жылын қарсы алар шақтағы ел құлағын елең еткізген әдемі жаңалық түседі. Қоян жылы босағадан сығалап тұрған сәтте Жаңа жылдың белгісі ретінде жұрт жапа-тармағай қоянның суретін, маскасын, сондай-ақ, оның бейнесіндегі сыйлықтарды сатып алып жатқанда, Оңтүстік Қазақстан облысында үй қояндарын өсіру қолға алынған болатын.
Түлкібас ауданындағы Керейт дейтін ауылдан ашылған қоян фермасы, расы керек, көпшіліктің қызығушылығын артырып еді. Жоба авторы – «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияна қарасты «Оңтүстік» асыл тұқымды шаруашылығы» ЖШС-ның бас директоры Қанат Сарбасов сол кезде Ресейдің «МИАКРО» технологиясы бойынша өсірілетін ерекше тұқымды қояндарды аузының суы құрығанша мақтап, бүкіл елдің аузының сілекейін ағызған Сарбасов мырза сол кезде Ресейден әкелінген қояндардың емдік қасиеті мол екенін, тез көбейетінін, тез салмақ жинайтынын, бастысы тез арада табыс әкелетінін айтып мақтанған.
Сол кезде Ресейден әкелінген акселерат қояндардың терісінің сапалы болатынын, одан тігілген киімдердің 20 жылға шыдас беретінін де өз құлағымызбен естігенбіз. Сарбасов мырза отандық тері өңдейтін фирмалармен келісімге келіп қойғандарын, алдымен балалар киімін, біртіндеп әйелдерге арналған ішіктер дайындалатынын айтқан.
Сол кездегі мәлімет бойынша, қоян фермасына 20 бас еркек қоян, 100 бас аналық-қалыңдық қояндар әкелінген. Жобалаушылар сол кезде бір аналықтың бір жылда 40-қа дейін көжек табатынын, сол жылдың жазына қарай супермаркеттерде қоян еті сатылымға түсетінін, ал қысқа таман қоян шаруашылығымен айналысушыларға қоянның өзін сататындарын айтып еді. Міне, сол тұста қояндар да, Қанат мырзаның өзі де әп-сәтте БАҚ жұлдызына айналып шыға келді. Жақсы жаңалық облысты қойып, бүкіл республикаға тарады. Қоян жылында салпаңқұлақтың етін жеп, ішігін киетінін жар сала айтып, сүйіншіні біз де сұрағанбыз. Айтқандай, сонда жоба авторлары бір қоянды 25 мың теңгеден сатып әкелгендерін, жобаның жалпы құны 191, 836 миллион теңгеге түскенін мәлімдеген.
Содан беріде тура үш жыл өтіпті. Қоян жылы өтіп, Ұлу кетті. Жыланды шығарып салып, Жылқы жылын қарсы алғалы отырмыз. Алайда, әлі күнге қоян етін жемедік, қоян ішік кимедік. Елді елең еткізген жоба туралы жұрт мүлде ұмытты. Жуырда шаруашылықтың ғаламтордағы сайтына кіріп, байланыс телефонын табуға тырыстық. Онда Ержан Айнабеков деген азаматтың нөмірі беріліпті. Хабарлассақ, шаруашылық тарап кетіпті, қажет етсек қояндарды Астана маңынан 12 мың теңгеден алуға болады екен. Тұтқаның арғы жағындағы адам мини-фермалар сатылатынын жеткізді. Бұл біздің байланысқа екінші шығуымыз еді. Жазда да қоян сұрағанбыз, сол кезде тұтқаны көтерген азамат бір қоянды 3 мың теңгеден сататынын ескерткен. «Қазақтар қоян етін жемейді екен» дегенді естігенбіз сол кезде.
Онысы рас, еріккен қазақ болмаса, дені дұрыс қазақ қоян етін сатып жемейді. Есі дұрыс қазақ қой етін жейді, қара мал мен жылқы етін жейді. Қоян шаруашылығы қолға алынған кезде – ресейлік қояндар 25 мың теңгеден әкелініп жатқанда бұл сомаға екі қой сатып алуға болатын. Айтпақшы, аталмыш жоба облыста индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асырылған болатын. Осы бағдарламаға сүйенсек, 2010 жылдың соңында іске қосылған шаруашылық жылына 66 тонна қоян етін өндіруі тиіс болған екен.
Міне, енді ет те жоқ, қоян да жоқ. Жобаға жұмсалған есіл ақша ол кетті.
P.S.Жалпы, бұл Оңтүстік жақта ұрандатып басталып, көп ұзамай үні шықпай қалатын бастамалардың алғашқысы емес. Бір кездері Төлеби ауданында түйеқұс шаруашылығы ашылған. Жоба авторлары сол кезде де қой етін жеп үйренген қазақтың көп ұзамай түйеқұс еті мен жұмыртқасын пайдаланып, дерттерінен құлан-таза айығып кететініне сендірген. Қайбір жылдары Түлкібас ауданының атқамінерлері Құлан аулынан шошқа фермасы ашылатынын айтып бұқаралық ақпарат құралдарының құлағын біраз шулатып еді. Ұмытпасақ, осы жобаға да бюджеттен азды-көпті қаржы қаралған сияқты еді. Қазақ «көзден кетсе, көңілден де кетеді» дейді. Бүгінде бұл шаруашылықтар туралы ешкім айтпайды, еш жерде айтылмайды. Мақтаған шаруа қайда, мақтанғандар қайда? Редакция осы мәселелер бойынша алдағы уақытта терең журналистік зерттеу жүргізеді және осы шаруаларға қатысы бар мекемелерден тиісті жауаптар күтеді. Шамалы күндерден соң Жылқы жылын қарсы аламыз. Жаратушы иеміз қазаққа Жылқы жылында жылқы етін жеп, қымыз ішіп жүргенге жазсын!
Гүлжамал МҰСАЕВА