Тасада тұрып тұлғаларымызға тас ата берсек тәуелсіздік тарихын жаза алмаймыз
17 ақпан 2015 жылы «КТК» телеарнасының тілшісі Бек Әбиевтің «Шымкенттік ғалым мектепте Аслан Мусиннің өмірбаянын оқытуды ұсынды» деген бейнебаянын көрсете отырып, журналистің сұхбат барысында көптеген жайттарды бұрмалап, теріс ақпарат бергендігіне байланысты өзімнің пікірімді телекөрермендерге жеткізгім келеді.
Мен сұхбат беруге келіскен себебім, жақында ғана аяқтаған «Білім беру жүйесінде Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру» бағдарламасымен көпшілікті таныстыру болатын. Бағдарлама автордың 25 жыл бойы тынбай ізденістерінің нәтижесі болып табылатын 150-ге жуық оқу-әдістемелік құралдарды қамтиды. Алайда, бұл бағдарлама туралы журналист аузын ашпады. «Бұл маған қажет емес, «Тұлғатану» керек» деген сөзінен оның арнайы тапсырыспен келгені анық болды.
«Тұлғатану» бағдарламаның құрамдас бөлігі болып табылады, сондықтан да түсінікті болу үшін бұл бағдарлама туралы телекөрермендерге баяндап беруге тура келеді. Жаңа Қазақстандық Патриотизмді(Ұлттық дүниетанымды) қалыптастыру бойынша жастарға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып жүр. Әйткенмен, олардың тиімділігі өте төмен. Сондықтан да біз үшін патриотизмді қалыптастырудың бірден-бір жолы – білім беру жүйесінің барлық сатыларында (балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында) оқу процесіне енгізу керек.
Қазақстан Республикасындағы этникалық-мәдени бiлiм тұжырымдамасында жан-жақты мәдениеттi тұлғаны тәрбиелеу және көп тiлдi жеке адамды қалыптастыру этникалық-мәдени бiлiм берудiң негiзгi мiндеттерi екендiгi атап көрсетiлген. Яғни, мәдениеттi тұлғаның жалпыадамзаттық және ұлттық дүниетанымын бiрдей қалыптастыру керек. Осы тұжырымдаманы негiзге ала отырып, 1-11 сыныптарға арналған «Ұлттық дүниетаным» бағдарламасын жасадым. Бағдарлама «Әдеп әлiппесi», «Әдеп негiздерi», «Әдеп», «Әдеп және жантану», «Қазақ халқының салт-дәстүрлерi», «Кәусар бұлақ» бағдарламаларын негiзге ала отырып жасалды. Бұл бағдарламалар қазақ халқының тек әдебi мен салт-дәстүрiн қамтыса, ал «Ұлттық дүниетанымда» халқымыздың ұлттық болмысын жан-жақты (үй-жайы, тұрмыстық бұйымдары, кәсiбi, шаруашылығы, салт-дәстүрi, тұлғалары, т.б.) қамтитын ұлттық ұғымдар мен атаулар тұтас енгiзiлген. Бұған дейiн елімізде ұлттың болмысын толық қамтитын, философиялық тұрғыдан қарастыратын бағдарлама болмаған.
Бастауыш сыныптарға арналған (1-4 сыныптар) ұлттық дүниетанымды оқыту құралдарында ұлттық болмыс атауларының аттары, мән-мағынасы туралы оқушының қабылдауына жеңiл етiлiп қысқаша түсiнiк берiлдi. Бұл материалдарды мектепке дейінгі тәрбиеде пайдалануға болады. Баланың өсу процесiне қарай әр сыныпта түрлi тақырыптар сөз болады. Айталық, 1-сыныпқа арналған оқу құралында әдептiлiкке үйрету, жақындық атаулары, бес саусақ бойынша негiзгi ұғымдар мен ұзындық өлшемдерi, санамақ ойындары, күн мен ай аттары, төрт түлiк пен жануар төлдерi және олардың дыбыстауы сияқты жәйттер қамтылды. Бұл жерде бес саусаққа қатысты және төрт түлiк, жануар төлдерi атаулары алғаш рет енгiзiлдi. 2-сынып оқушылары үшiн жетi ата, қазақша тәулiк және жыл мезгiлдерiн, туыстық атауларды, үй мүлiктерiн, төрт түлiк малға қатысты ұғымдарды, тереңдiк өлшемдерiн бiлген дұрыс деп ойладым. 3-сыныптағылар қазақ халқының тарихи тегi, ұлттық тағамдары, ыдыс-аяғы, егiншiлiк құралдары, саз аспаптары, ұлттық ойындары жайында бiлгiсi келетiнi сөзсiз. 4-сынып оқушысының түсiнiк-танымын тереңдете түсу мақсатымен Қазақ мемлекетi, хандары, би-батырлары, шешендерi, ақын-күйшiлерi, қару-жарақ және ат әбзелдерi, аңшылық, ұлттық киiмдер жайлы мәлiмет берiлген.
Оқу құралдары баспадан шыққаннан кейiн ұстаздар қауымынан оқу құралдарына оқыту әдiстемесi жазылса деген ұсыныстар түстi. Осыны ескере отырып 1-4 сыныптарда ұлттық дүниетанымды оқыту әдiстемелерi дайындалды. Бағдарлама бойынша дайындалған оқу құралдары мен әдiстемелерi таңдау пәнi ретiнде Астанадағы №48, №51, Алматыдағы №105, Шымкенттегi №63, №24 және Сайрам ауданының мектептерiнде, сондай-ақ, жоғары оқу орындарында кеңiнен қолданылуда.
5-7-сыныптарға арналған оқу құралдары қазақ халқының дәстүрлi қолөнерiне арналып, хрестоматия түрiнде дайындалды. Олардың жалпы саны –15. Бұл оқулықтарда халқымыздың сәулет өнерi, киiз үй, ағаштан жасалатын бұйымдар, өрмек тоқу және арқан-жiп есу, киiзден, терiден, сүйек, мүйiз, тастан бұйымдар жасау, металл өңдеу, зергерлiк, бояу жасау, кесте тiгу, ши тоқу өнерi, қазақтың ою-өрнектерi мен киiм-кешегi жайында сөз етiледi.
8-9-сыныптарға арналған оқу құралдары хрестоматиясында қазақ халқының кәсiбi мен шаруашылығына арналып хрестоматия (жалпы саны-7), аңшылығы, қару-жарағы, ұлттық өнерi, сазгерлiк аспаптары, ұлттық тағамдары, т.б. қамтылды. «Қазақ халқының батырлық салты» хрестоматиясында ежелгi батырлардың әдебi, олардың жекпе-жекке шығу дайындығы, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берiлген. Бұл тақырыптардың оқылымды болуы үшiн Моңғолияда жинақталған экспедиция материалдары пайдаланылды.
10-11-сыныптарға арналған оқу құралдары (жалпы саны-16) қазақ халқының әдет-ғұрып және салт-дәстүрлерiне арналып, хрестоматия және көмекшi оқу құралдары түрiнде дайындалды, әрi орыс, ағылшын, түрiк, өзбек тiлдерiне аударылды.
Осылардың ішінде «Қазақы тыйымдар мен ырымдар» кiтабының орны ерекше. Бұл кiтапта қазақтың ұлттық болмысына қатысты түрлi тақырыптағы тыйымдар мен ырымдар ғылыми жiктелген. Қазақ халқының үйлену дәстүрiнде байланысты көптеген деректер келтiрiлген. Үйленетiн жастарға қойылатын талаптар аз емес. Айталық, жiгiт пен қалыңдық жетi атадан асқаннан кейiн ғана қосыла алады. Екiншiден, жастардың жас ерекшелiгi, сымбаты мен көркi, iскерлiгi, шаруаға ептiлiгi ескерiледi. Үйлену тойы жазда, ел жайлауға көшiп барғаннан соң өткiзiлетiндiктен, оны жұрттың бәрi көруге мүмкiндiк алған. «Той десе қу бас домалайды» деген мақал осыдан шыққан. Бүгiнде заман ағымына сай той өткiзу дәстүрi көп өзгерiске ұшырады. Әйтсе де бiздiң санамызда көшпелi өмiрдiң сарқыншақтары сақталып қалған. Мысалы, отырыста, не тойда «Шаңырақтарың биiк, керегелерiң кең, босағаларың берiк болсын» деген тiлек айтамыз. Киiз үй пайдаланылудан шығып қалса да, осы тiлек әр қазақтың жүрегiне жақын.
«Қазақ халқының билiк айту және жазалау салты» кiтабында халқымыздың билiк айту және жазалау салты – осы күнге дейiн зерттелмей келе жатқан сала екендігіне кеңінен түсінік бердік. Кiтапта жазалаудың ең қарапайым түрi «бетiне түкiру» және «аяғына жығылу» салттары келтiрiлген. «Бетiне түкiру» – ұрмай, соқпай, балағаттамай қорлаудың бiр жолы. «Аяғына жығылу» – кешiрiм сұраудың ең ауыр түрi. Дүре салу да жазаның ауыр түрiне жатады. Қазақ даласында түйеге асып өлтiру жазасы қолданылған. Сондай-ақ, өте ерте заманда қолданылған құлақ кесу, қылбұрау салу, жардан лақтыру, тасборан, мырзақамақ, адырғыға отырғызу және т.б. бүгiнде ұмытылып кеткен жазалау әдiстерi берiлген. Оқырмандар үшiн «қолды тарақтамау» тыйымының мәнiн айта кетейiн. Жаугершiлiк заманда қолға түскен тұтқынға мiндеттi түрде қолын тарақтатып қояды екен. Қолды тарақтау – тұтқынға түсу белгiсi.
11-12 сыныптарға арналған «Этноперсонология («Ұлттық тұлғатану» бағдарламасы) – «Ұлттық дүниетаным» бағдарламасының құрамдас бөлiгiнiң бiрi. Тұлғатану атауының басқа тiлдерде де түсiнiктi болуы үшiн «Персонология» ғылыми атауын ұсындық. Латын тiлiнде persona – тұлға, грек тiлiнде logos – iлiм дегендi бiлдiредi. Сондықтан «Ұлттық тұлғатану» атауын «Этноперсонология» деуге болады.
Бағдарлама жасау маған оңай болған жоқ, 8 жыл тынымсыз еңбек етуге тура келді. Бағдарлама 2700-ге жуық тұлғаны қамтиды. Олар ұлтымыздың мақтанышына айналғандар, сондай-ақ, олардың 200-ге жуығы шет елдерде (АҚШ, Ресей, Қытай) тұратын ұлтымыздан шыққан тұлғалар.
Бағдарлама «Қазақ ғалымдары», «Мемлекет және қоғам қайраткерлерi», «Тарихи тұлғалар», «Ақын-жазушылар», «Өнер қайраткерлерi», «Қазақ спортшылары» деген алты салаға жiктелген.
«Қазақ ғалымдары» саласын (25 топтамадан тұратын) ғылыми бағытына қарай төрт топқа бөлдік:
1.Жаратылыстану (физика, химия, биология, геология, география, информатика, математика) ғылымдары;
2.Қолданбалы (медицина, ауыл шаруашылық, ветеринария, техника, экономика) ғылымдар;
3.Қоғамдық (тарих, этнология, философия, әлеуметтану, саясаттану) ғылымдар;
4.Гуманитарлық (археология, антропология, антропонимия, әдебиет зерттеуші және өнертану, педагогика, психология, филология, құқық) ғылымдар.
Қазіргі мектеп оқулықтарында қазақ ғалымдары туралы ақпараттар өте аз. Мысалы: Президентіміздің экономика ғылымдарының докторы, сенат төрағасы Қ.Тоқаевтың тарих ғылымдарының докторы екендігін көпшілік біле бермейді. Егер біз сабақ кезінде қазақ ғалымдары мен олардың еңбектері туралы қосымша мәліметтер беретін болсақ, біліммен бірге ұлтжандылық тәрбиесін береміз.
«Мемлекет және қоғам қайраткерлерi» саласы. 9 топтамадан тұратын бұл салаға кеңестiк кезеңдегi және егемен елiмiздiң мемлекет қайраткерлерi, Қазақстан Президентi, қоғам қайраткерлерi, қайраткерлiк дәрежеге көтерiлген қазақ байлары, Алаш ардақтылары, қазақ генералдары мен әскери қайраткерлер, шетелдердегi қоғам қайраткерлерi мен дiн қайраткерлерi ендi. Айталық, Мао Цзе-дунның оққағары болған генерал Хасен Рүстемұлы, Ресей губернаторы Аман Төлеев, Хасен Оралтай, сондай-ақ, патшалық Ресейдегi қазақ генералдары туралы қызықты мағлұматтар берiлген. «Тарихи тұлғалар» саласында алғаш рет тархан, датқа, уаң атақтары және осы атаққа қолы жеткен қазақ батырлары жайында айтылады.
«Тарихи тұлғалар» саласы 7 топтамадан турады: Қазақ хандары мен сұлтандары, қазақтың би-шешендері қазақ батырлары, тархан, датқа, уаң атақтарын алған қазақ батырлары,ұлт-азаттық қозғалысы басшылары, Кеңес Одағының батырлары, Қазақстанның Халық қаһармандары, Социалистік Еңбек Ерлері, халық шеберлері мен халық емшілері. Әр топтама кітапша түрінде дайындалған және оған көрнекілік үшін А-4 форматында қосымша суретті парақ беріліп отыр. Суретті парақтағы тұлғаның аты-жөнін білу оңай емес, ол үшін оқушыға ізденуге тура келеді, яғни ол кітапшаны ашып оқуға мәжбүр болады
«Ақын –жазушылар» саласы 14 топтамадан турады: Қазақ топырағында дүниеге келген ортағасырлық ойшылдар, Қожа Ахмет Иасауи және оның сәулет кешені, қазақ жыраулары, зар заман ақындары, ағартушылық идея мен сыншылдық бағытты дамытқан қазақ ақындары, Абай және Шәкерім: ұрпақтары мен шәкірттері, ұлы жырау Жамбыл: ұрпақтары мен шәкірттері,қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушы ақын-жазушылар, XIX ғасырдағы қазақ ақындары, XX ғасыр ақындары, қазақтың көрнекті жазушылары, шетел қазақтарының ақын-жазушылары, айтыс ақындары, қазақтың көрнекті журналистері. Бұл салада орта ғасырлардан бастап, күні бүгінге дейін ақын-жазушылар тарихи кезеңдерге бөліп қарастырылған, сондай-ақ шетел қазақтарының ақын-жазушылары жинаққа еніп отыр.
«Өнер қайраткерлері» саласы 11 топтамадан турады: қазақ актерлері, қазақ әншілері, қазақ бишілері, қазақ дирижерлері, қазақ композиторлары, қазақ күйшілері, қазақ музыканттары, қазақ режиссерлері, қазақтың сал-серілері, қазақ сәулетшілері мен мүсіншілері, қазақ суретшілері.
Қазақ спортшылары 2 топтамадан тұрады: қазақ балуандары мен спортшылары, қазақ спорты мен ұлттық ойындар. Бұл саланы спорт түрлеріне қарай: қазақ боксерлері, қазақ самбошылары, қазақ футболшылары деп талдап, жіктеуге болады. Бұл жіктеу көп жұмысты қажет етеді. Сондықтан оны келешектің үлесіне қалдырайық!
Бағдарламамен танысу барысында «КТК» журналисі Бек Әбиевтің 2700 тұлғалардың ішінен Мемлекет және қоғам қайраткерлері топтамасындағы А.Мусин мен Б.Тілеухановтар туралы халыққа тұспалдап теріс пікір қалыптастыру мақсаты бар екенін байқадым. Өзі жасаған бейнебаянда менің пікірімді сұрамай, бірден эфирге шығарған. А.Мусин мен Б.Тілеухановтарды қылмыстылар етіп көрсеткісі келген. Оған «Ендігі жетпегені Мусинді оқыту еді немесе кімді кім деп бағалаған жөн?» деген «Уақыт» газетінде 19.02.2015 ж. №05 (146) жарияланған мақала авторы Б.Отарбай қосылған. А. Мусин Президентіміздің командасында жұмыс істеген болса, онда бұл журналистер Елбасыға сенімсіздік көрсетіп отыр. Б.Отарбайдың «шет жердегі кішкентай бір елшілігін басқарып отырған Аслан Мусин», «Бекболат Тілеухан қазақтың өнерін дамытуға азды-көпті үлес қосқан» деген пікірлері дәлелді емес. Кезінде елшілікті басқарған тау тұлғалы тұлғалар М.Шаханов, О.Сүлейменовтер болған. Бұл журналистердің жоғарыдағы тұлғаларды кемсітуіне қандай дәлелдері бар? Екеуі де журналистік этиканы бұзған. Екеуі де ол азаматтардан кешірім сұрауы керек. «КТК» телеарнасының басшыларынан журналистік этиканы бұзған Бек Әбиевке шара қолдануын талап етемін.
Бағдарлама жасауда тұлғалар туралы мәліметтер негізінен 1998-2007 жылдары шыққан «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясынан (ҚҰЭ) алынды. Ондағы 10- томдағы 212-бетте «Мусин А.Е. Саяси қайраткер» деп, ал 8 том, 632 бетте «Тілеуханов Б. қоғам қайраткері» деп тайға таңба басқандай жазылған.
Сондықтан тұлға туралы пікір айтушыларға сол тұлға туралы «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясын бір қарап шықса деймін, ойына келгенін айтып былжырамай!
Энциклопедияға енген деген сөз тарихымызға енген деген сөз. Тасада тұрып тұлғаларымызға тас ата берсек, тәуелсіздік тарихын жаза алмаймыз!
Қазақ тарихында осы күнге дейін тұлғалар ғылыми жіктелген емес. Осы үлкен жұмысты атқаруды (бір ғылыми-зерттеу институтының немесе орталықтың атқаратын жұмысы) Алла тағала маған жүктепті. Зерттеу жұмыстарын ары қарай жалғастыру үшін келешекте Тұлғатану ғылыми-зерттеу институтын ашу керек.
Тұлғатану бағдарламасына енген тұлғалар туралы біреуден пікір сұрасаң міндетті түрде ұнамсыз пікір айта бастайды. Кімнің аузына қақпақ боларсың! Ал мен үшін әрбір қазақ – жалғызым. Жалғызымды ешқашан жамандамаймын. Тірі жүргенде пендешілікке бармайық, ағайын! Құдай күншілдіктен сақтасын!
Аюбай ҚҰРАЛОВ,
профессор, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық институтының доценті.
Редакциядан:
Біз профессор Аюбай Құраловтың телеарна мен газеттегі айтылған ойларға байланысты жазған жеке пікірін жария еттік. Оны көпшілік назарына ұсыну барысында автордың қолтаңбасына мүлдем тиіспедік десек те болады. Алдағы уақытта редакция өз оқырмандарынан, ғалымдардан, зерттеушілерден, тарихшылар мен әдебиетшілерден осы тақырыпқа байланысты тың ұсыныстар күтеді. Соларды топтастыра отырып, нақтылы тұжырымға құрылған қорытынды мақаланы «Уақыт» сол кезде беретінінен көпшілікті құлағдар еткіміз келеді.