Тілге тұсау кімнен?

5b167c9994a9c
Осы мемлекеттік тілдің мәртебесі қайтсе көтеріледі, тұсауын оның кім шешеді? Сананы жаулап алған осы сауал 28 жылдан бері жанымды жай таптырар емес. Жетімнің күйін кешіп, босағадан сығалаған қайран тілім қашан төрге барып жайғасып, өзінің мықтылығын дәлелдейді деген үміт оты бір сөнегн емес. Айтылып та, жазылып та жауыр болған осы тақырып жөнінде ойымды тағы бір ортаға тастап, көпшіліктің де пікірлерін білуді жөн көрдім.
Мемлекеттік тіл – ол мемлекеттің құндылығы, байлығы, тұғыры. Мемлекеттік рәміздерімізбен бірдей дәріптелетін осы байлығымыз неге өз орнын таппай жүр дегенге келетін болсақ, мен төрдегі төрелерді кінәласам, бір танысым әркім өзінен бастауы керек дейді. Мемлекеттік тілді білу міндетің екен, неге біздің үкіметіміз әлі күнге шүлдірлеп, жас баланың тірлігін жасайды. Тілдері бұралған оларға қарағанда менің немерелерім жақсы сөйлейді. Елбасы: «Қазақпен-қазақ қазақша сөйлессін» десе, олар ерегісіп, орысша сөйлеседі. Отбасында да сол. Олар үлгі болуы керек, өнеге көрсетуі қажет. Олардың былдырлаған тілін тыңдап отырып, ойға қаламын. Заңға өзгеріс керек. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді білуге, сыйлауға, құрметтеуге міндеттеліп, мемлекеттік қызметке тек қана мемлекеттік тілді таза білетіндер емтихан арқылы іріктеліп қабылданса, соның өзі де жетіп жатыр.
Мемлекеттік туды терезесіне жапсырса, жазаланады. Ал, мемлекеттік тілді мазақ етіп жүргендерге жаза жоқ. Түсініп көріңіз! Бірі патриот болғысы келеді, бірі мемлекеттік құндылығын аяқасты еткісі келеді. Көше бойы толған алабажақ жазулар, өріп жүрген қателер. Көз жұма қараймыз. «Сенің тіліңді ұрғаным бар ма…» дегенге де ләм-мим дей алмаймыз. Деп көріңізші, табан астында «ұлтшыл» атанып шыға келесің. Жауапқа тартады. Халық қалаулылары да дәл осы тақырыпқа келгенде күмілжіп, нақты бір нәтижеге жету жолынан айналып қашады. Қазір қазақ тілі тек ауылды жерге, ауыл адамдарына ғана қажетті құрал ретінде қалыптасқан да, қалалы жердің жасы да, кәрісі де ресми тілде сөйлеуге машықтанып барады. Тағы бір танысым айтады: «Ресми тілді қолданыстан алып тастамай, көрген күнің осы» дегенді. Оныкі де жөн. Бір мемлекетте қос тілдің қосарланып жүруі қауіпті. Әйтеуір біреуі жеңуі керек болса, ресми тілді жақтайтындардың қарасы көбірек екені рас. Оның үстіне үкіметіміздің де мемлекеттік тілге қарағанда ресми тілге бүйрегі бұратындай. Ойлана келе, Қазақ тілінің құдіретін көтеретін бір-ақ күш бар дегенге тоқтадым. Ол – «Тілдер туралы» Заңға өзгеріс енгізіп, ресми тілді қолданыстан алу керек. Сонда ғана мемлекеттік тілдің тұсауы шешіліп, көсіле шабар күн туары анық.

Е. Сұлтан.