ШЫМКЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ 27,8 % СПОРТПЕН ТҰРАҚТЫ ШҰҒЫЛДАНАДЫ

192
0

Шымкенттің спортшылары осы жылдың 6 айында Қазақстан Республикасының чемпионаттары, кубоктары мен біріншіліктеріне қатысып, қоржынға 272 алтын, 256 күміс, 278 қола медаль олжа салған. Бұдан бөлек олар, Азия чемпионаттары мен кубоктарында 32 алтын, 14 күміс және 17 қола медальді иеленіп, намысты қолдан бермеген. Есепті кезеңде үшінші мегаполистің сайыпқырандары Әлем чемпионаттары мен кубоктарында 12 алтын, 6 күміс және 8 қола медальге ие болып, мемлекет абыройын асқақтатқан.

Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев мәлімдеді.

Басқарма басшысы дүбірлі додаларда ел намысын қорғайтын Ұлттық құрамалар сапында ойын көрсететін ойыншылар қатарында шымкенттік спортшылардың да жетерлік екенін, атап айтқанда ұлттық құрамада 433 – ересектер, 413 – жастар және  226 – жасөспірімдер бар екенін айтты.

Қаламызда бабы шыңдалған спорт шеберлері де жыл сайын көбейіп келеді. Спортшылардың тәжірибесін толыстыруда жаттықтырушылардың сіңірген еңбектері зор. Ағымдағы жылдың алты айында қалада 13 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 80 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 161 спорт шеберіне үміткер спортшылардың дайындалғаны соған негіз.

Шымкентте Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің кезекті Жолдауында «2020 жылға дейін қазақстандықтардың 30 пайызы бұқаралық спортқа тартылуы керек» деген болатын. Бұл тапсырманың орындалу барысы туралы Ә. Нұртаев:

– 2019 жылдың 6 айында қала аумағында 222 спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 41 мыңнан астам адам қатысты. Өңірімізде  спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 281 235 адамға жетті. Бұл жергілікті халықтың 27,8% құрайды, -деді.

Саланы дамытуда материалдық-техникалық базаның заман талаптарына сай жарақтандырылуы зор маңызға ие. Бұл бағыттағы жұмыстар да жүйелі дамып келеді. Мәселен, қазіргі таңда қалада 848 спорт нысаны тіркелген. Атап айтқанда, 3 стадион, 1 спорт сарайы, 1 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 6 спорттық құрылғылар кешені, 12 спорт кешені, 32 спорттық манеж (жеңіл атлетикалық-3, футбол-1, ат манежі-1), 1 есу базасы, 5 тир, 1 ату алаңы, 1 хоккей корты, 434 жазықтықты құрылғылар, 23 теннис корты, 1 ипподром, 8 бассейн, 249 спорт зал, 70 орнатылған спорт зал бар.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында спортты дамыту үшін арнайы спорт клубының жұмыс істеуі жолға қойылған. Бұл клубта 600-ден астам мүмкіндігі шектеулі жандар спорттың 18 түрі бойынша жаттығуда.

Шымкент қаласында мемлекеттік меншіктегі 30 спорт мекемелері мен кәсіпорындары және 1 акционерлік қоғам жұмыс атқаруда. Олар: 2 жоғары спорт шеберлер мектебі, 18 балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, олимпиада резервін даярлау орталығы, 3 мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны, 5 спорт клубы, «Ордабасы» кәсіби футбол клубы және дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері. Бұл нысандарда барлығы  61 (37 олимпиадалық, 24 олимпиадалық емес) спорт түрлері дамытылуда.

Осы және өзге де бірқыдыру жетістіктерді тілге тиек еткен басқарма басшысы жыл басынан бері Шымкентте 10-нан астам респбуликалық және халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шаралар жоғары деңгейде өткізілгенін мәлімдеді.

uakit.kz