«ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ»ШЫҚ, ИСЛАМ ӘБІШ МЫРЗА!»

Бір кездері биліктің биік баспалдақтарына тез өрлеп, облыс әкімінің бірінші орынбасарына дейін көтерілген Ислам Әбішев бұл күнде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты. Су ресурстары комитетінің төрағасы. Оның алдында орманынан орысы көп Өскеменде әкім болып, Солтүстікке Оңтүстіктің лебін ала барғаны өз алдына бір төбе. Осы азамат соңғы қызметіне қалай барды, содан бері төбесінен қиқу кетпей, қарамағындағы қызметкерлері қисынды-қысынсыз әңгімелер таратып қана емес, «дуэльге» шақыратындары да табылды.Мәселен осы комитетке қарасты Сәтбаев каналының директоры, Ислам Әбішевтің ежелгі досы, қызмет сатысында бірге өрлеген әрі жерлесі Тұрғанбай Сәрсенбаевтың тосын мәлімдемесіне кезінде аң-таң қалмаған, таңырқамаған жан қалмаған болар. «Шынымен-ақ Ислам Әбішев сондай жан ба, әлде арандатушылардың әрекеті ме?»,- деп өзіміз де оқиғаны көзбен көрмеген соң сене алмағанымыз рас. Ол кезде Тұрғанбай Сәрсенбаев қандай мәлімдеме жасаған еді, есімізге түсіріп көрелікші. Оның айтысына қарағанда, Ислам Әбішев Су ресурстары комитетіне төраға болып келгелі өзіне күн көрсетпеуге айналған. Туған күніне арналған дастархан мәзіріне 100 мың теңге төлегені, кабинетіне 318 мың теңгеге жиһаз әпергені, іссапар кезінде 100 мың теңгеге костюм-шалбар әпергені жөнінде дүйім жұртқа жар салып, егер сөзі жалған болса, кеткен шығындарды өтегені туралы қолында түбіртек барын айтып салған. Рас, Ислам Әбішев іскер азамат, көпті көрген көрегенділігі де бар. Оның мұндай майда қадамға барарына көпшілік аса сене қойған жоқ. Сенсе де, «тәйірі, ескі достардың арасында алыс-беріс жүрсе несі айып, соны да сөз деп…» дегендер де болды. Екеуара болған текетірес біраз жерге барып басылғандай еді… Енді тағы бір жүрек жұтқан табылып, Ислам Әбішевті ашық «дуэльге» шақырыпты.
Бұл азамат «Остпроект» фирмасының директоры Андреас Зелвальд. Жобалау жұмыстарымен айналысатын фирма директорының басқа істейтін тірлігі жоқ па, мұнысы несі — десек… Мәселе мынада екен. Ислам Әбішев Су ресурстары комитетіне төраға болып келісімен оңтайландыру жұмыстарын бастайды. Солтүстік Қазақстан облысындағы ауызсуға мұқтаж елдімекендердің саны осының нәтижесінде 3 есеге қысқарып кеткен. Осы облыстағы Булаев топтық су құбыры құрылысына және қайта жөндеу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізбей-ақ, өздеріне қарасты «Қазсуашар» РМК-ына берген. Ал,оның алдында құрылыс және жөндеу жұмыстарына мемлекеттіен 1,9 миллиард теңге қаралған болатын. «Қазсуашар» болса «Есіл су» РМК директоры М.Егеновке сенімхат беруі арқылы тағы да тендер өткізілмей, қосалқы мердігермен келісім жасалған.
Солтүстік тұрғындарының тынышын алған Ислам Әбішевтің бұл әрекетін олар сыбайластыққа балайды, оңтайландыру жұмыстарын жақтырмайды. Андреас Зейвальд мырзаны мазасыздандырған осы әрекеттер болып шықты. Комитет төрағасын «жекпе-жекке» шақырған жүректі директор шын мәнінде жерлестерінің жыртысын жыртып жүр ме, әлде Тұрғанбай Сәрсенбаев сынды атын шығаруды ойлады ма? Бұл жағы бізге беймәлім болса да, комитет төрағасын түртпектей берудің астарында бір сыр жатқандай. Егер Ислам Әлмаханұлының қолы да, ары да таза болса, «жекпе-жекке» шыққаны жөн бе, әлде түртпектей бергендерді тәубеге келтірудің өзге жолын іздей ме? Не десек те, «Болар елдің балалары бірін-бірі батырым» деуші еді, мына тірлігіміз болмас елдің балаларының әрекетіне ұқсап бара жатқандай.

Қыдыр ҚАЛИЕВ. 

ПІКІР ЖАЗУ