«О БАСТАН-АҚ ЖАНЫМ ҚАРСЫ КҮНШІЛГЕ»

Асқар МАМЫРБАЕВ, сәулетші-дизайнер, «Қазақстанның құрметті сәулетшісі», ақын:

Асқар МАМЫРБАЕВ, сәулетші-дизайнер, «Қазақстанның құрметті сәулетшісі», ақын:

Бұл пәнидің есігін ашып, «шыр етіп дүниеге» келген жанның маңдайына Алла Тағалам тағдырын жазып, таңба басатыны рас, шығар. Көнеден жеткен осы сөздің көңілге қонымды тұсы барына ешкім де шек келтірмесе керек. Осыған орай, біреуге бақ қонады, біреуге тақ қонады. Енді біреулерге өнерді серік қосса, әлдекімдер бәрінен мақұрым қалып, өзін қоғамға керексіз жандай сезінеді. Әсіресе, өнерге жақын жандарға Алла күш-қайратты, қарым-қабілетті, білім-білікті молынан беретінге ұқсайды. Оны өмірден көріп те жүрміз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз мемлекеттік қызметкер санатында болғанымен, бәрібір оның бойындағы туа бітті талантты жанын жай таптырмайды, буырқанып асып-тасып, жыр боп төгіліп жатады. Жүрегі ізгілікке жақын осы азамат жайлы теріс пікір қалыптастырғысы келгендер де болыпты. Бұл жайлы Асқар Смайылұлымен болған сұхбатта толығырақ қамтуға тырыстық.

– Асқар аға, әркез әндеріңізді естіп, жырларыңызды жаттап өскен қарындасыңызға өзіңіз жөнінде кеңірек айтып бере аласыз ба?
–Мен анау айтқандай танымал ақын болмасам да, Құдайдың берген талантын тасада қалдырғым келмегені анық. Жастайымнан-ақ өнерге жақын өстім, әдеби кітаптарды құмарта оқыдым. Мектеп партасы, студенттік шақта да қатарластарымның алды болып, мүсін жасауға, түрлі сызбаларға әуестеніп өсуім де осы өнерге бір табан жақын екенімнің белгісі болса керек. Поэзияны серік етуім өз алдына бір төбе.
1957 жылы ОҚО, Келес ауданының, Қаратөбе ауылында өмірге келіп, 1974-1979 жылдары Алматыдағы Политехникалық институттың архитектура факультетінде оқып жүргенімде, талай танымал тұлғалармен дәмдес-тұздас болдым, олардың шығармашылық әлеміне тереңірек үңілдім. Алғашқы еңбек жолым Шымкент қаласындағы «Южгорсельпроект» жобалау институтының сәулетшісі, сәулетшілер тобының жетекшісі болудан басталып, бірсыпыра қызметтерді атқарыппын. Мемлекеттік сәулет, құрылыс бақылау департаментінің директорлығына дейін көтерілдім. Түркістанның бас сәулетшісі болып, онда да өзімдік қолтаңбам қалған екен. Уақыттың тапшылығына қарамастан, сол кездері жазған жырларымды оқырман қауым жылы қарсы алды. Мәселен 2000 жылы  «Дүние мұз еріп кетер десек те» атты өлеңімде:
Көре алмайтын бопты ғой деп жүрсің бе,
О бастан-ақ жаным қарсы күншілге.
«Аузы қисық бай баласы сөйлеген»,
Қалталылар әкім болды бұл күнде… – деп, қоғамымызда орын алған әділетсіздікке қарсы қалам тербеген екем. Менің бір қасиетім, жан-жағымда болып жатқан келеңсіз құбылыстарға бей-жай қарай алмаймын. Мейлі ол кім болсын, сыртқа теуіп тұрған міні болса, айтып саламын. «Орыс тілді бауырыма», «Ой-хой заман», «Қазақпын», «Мұз сүңгі», «Жаман індет» атты өлеңдерім осыған дәлел. Менің сөзіме жазылған Лесбек Амановтың «Мұз сүңгі», «Той әні», Нұрғали Мырзахметовтың «Туған жер», «Сағыныш әндері» көпшілікке тез таралып, жиын-тойларда жиі айтылып жүр.
– Поэзияға жақындығыңызды, өнерді қалай бағалай білетіндігіңізді біліп, тәнті болдық. Енді өз салаңызға қатысты не айтасыз?
– Сәулетші-дизайнер екендігімді жоғарыда айттым. Бүгінде  Сайрам ауданының бас сәулетшісімін. Сәулет өнерінің қыр-сыры қатпар-қатпар, өте бір бір нәзік сала. 1989 жылы КСРО Сәулетшілер одағының мүшелігіне қабылданғаным бар. Қазір ҚР Сәулетшілер одағына мүшемін. Қазақстан дизайнерлер және сәулетшілер одағының ОҚО филиалының төрағасы болғанмын, дәл қазір осы одақтың қатарындамын. Шымкент қаласындағы балалар теміржолының, облыс орталығындағы «Отырар» ықшам ауданының, «Домалақ ана» кесенесінің бірінші нұсқасының, «Ордабасы», «Қасірет», Жамбыл облысындағы «Аңырақай» мемориалдық кешендерінің, Шымкент қаласы Елтаңбасының, «Аквапарк», «Қиял әлемі», туристік кешендердің, демалыс аймақ, сауда кешен, мейрамхана мен тарихи-этнографиялық орталық жобаларының авторы бола жүріп, бірінші кезекте жергілікті ұлттың ерекшелігіне, ұлттық нақыштарға ерекше мән беруге тырыстым. Сайрамда да ауыз толтырып айтарлықтай қолтаңбам қалғанына қуанамын. Мәселен, орталықтағы «Мәртөбе» гүлзары, ҰОС, Ауғанстан ардагерлеріне, Семей және Чернобыль құрбандарына арнап тұрғызылған ескерткіштер мен мерекелік шаралар өткізу алаңы, Неке сарайы, Спорт кешендері аудан орталығының көркіне көрік қосқаны анық. Мұнан бөлек, Қарабұлақ, Манкент ауылдарының бас жоспарына қатысты сәулеттік концепциясы, Ақсукент ауылының орталығын қайта құру жобалары тұрғындардың талғамдарынан шығып, еңбегімнің өтеуі еш кетпегеніне қуанамын. Басқа да қолға алған жұмыстар көп. Мемлекеттік рәміздер алаңы «Қайрат» спорт кешені, мешіт, демалыс кешендерінің жобалары да сайрамдықтарға сый ретінде пайдалануға берілді.
Мен өзіме жүктелген міндеттің маңызы мен жауапкершілігін жете сезінетін жанмын. Жершілдікті, екіжүзділікті, көреалмаушылықты, бағаламаушылықты, есебін тауып екі асаушылықты о бастан қаламаймын әрі жек көремін. Сондықтан істеген ісімнің сапалы, тап-тұйнақтай болғандығын қалаймын. Елу алты жасымда жақсымен де, жаманменде жолдас бола жүріп, түрлі әділетсіздіктерді бастан кешірдім. Өзіме жасалған қысастықтарға да мойымадым. 1998 жылдары жазған:
Сәулетшімін, біраз жерде байқалдым,
Май шыққанша осы өнерді шайқармын.
Құрылысын  XXI – ші ғасырдың,
Сызып жүрмін сәулесімен май шамның! – деген торыққан кездерім де болғанын жасырмаймын.
– Асқар аға,әділетсіздік демекші өткенде өзіңізге қатысты Н.Сыдықов деген азаматтың мақаласы газетімізде жарияланып, өнер адамының, ақынжанды азаматтың жүрегін жаралап, көңіліне қаяу салып алғандаймыз. Ол үшін өзіңізден ғафу өтініп, осы тұрғыда түсінік беріп өтсеңіз.
–Тек жүрген адамды тобықтан қағып, өмір бойғы жиған абыройын айрандай төге салу бүгінде біреулер үшін түкке тұрғысыз болып қалғанына жаным ауырады. Мақаламен танысып болған соң, жаным күйзелді. Қателеспейтін пенде жоқ, «түймедейді түйедей» ету арқылы ұпай жинау, жеке басының қамын күйттеу, «сындыру» сықылды оқиғалар белең алып барады. Менің бар айыбым, оның тәжірбиесі жоқ баласын жұмысқа алмағанымда болып тұр. Осы арқылы оның маған жақпаған жаласы, жақпаған күйесі жоқ. Мені жемқор де еткен, табысын жасырған шенеунік те етіп көрсеткен, дөрекі де мен, «қазақтың жауы да» мен. Егер баяғы 37-жыл болғанда «халық жауы» ретінде атылып кететінім анық. Ешбір дерек, дәйексіз адамды бұлай масқаралаудың да шеті, шегі болатынын ұмытпайық. Ондайларға не айтуға болады? Сөзімді қор еткім келмесе де:
… Бәз біреу жүр,
Жақының да іштен шалып,
Жету үшін мансапқа.
Ынжықсың деп,
Нұқып өтіп,
Жүрген жанды ар сақтап.
… Опасыз бен
Азғын келіп,
Құшақтасып, табысқан
Шашасына шаң жұқпаған
Жүйріктер де
Жаңылғандай шабыстан…. – деген жыр жолдарым дәл сондайларға арналғандай. Өнер адамдарының жандары нәзік, жүректері жұмсақ келетіні бар. Нәзік жанды жаралап, жұмсақ жүректі жұлмалаған ол азаматтың әлі талайды сан соқтырарына да күмәнім жоқ. Бірақ «Көп асқанға бір тоқтам болатындығын» ұмытпағаны жөн.
– Ел таныған азаматсыз. Мемлекет тарапынан алған атақ-абыройыңыздың, марапатыңыздың саны 10-нан астам. Соның ішінде ҚР Сәулетшілер одағының «Алтын дипломы», ҚР Сәулетшілер одағының Құрмет дипломы, бірнеше медалдар да бар екен. Әрине, мұның барлығы ел алдында атқарған адал еңбегіңіздің жемісі. Басқа да қандай жоспарларыңыз бар?
– Адамда арман таусылған ба? Егеменді ел болғанымызда бөрікті аспанға атып:
Жаныммен де, тәніммен де қазақпын,
Бостанмын мен еріктімін, ғажаппын!
Дәстүрімді қастерлеймін, сүйем Ана тілімді,
Байтақ жерім өзімдікі, бодандықтан азатпын, – деп әлемге жар салғаным әлі есте. Жоспарым көп. Осы қазақ еліне қалтқысыз қызмет етіп, өзімнің күш-жігерімді әсем қала салуға, кескіні келіскен кешендер тұрғызуға, нақышты ғимараттар соғуға жұмсасам деймін. Осы күнге дейінгі жазған дүниелерім «Көңіл кептері» деген атпен «Жебе» баспаханасынан жыр-жинақтары болып басылып шықты. Жеке шығармашылық кешімді өткізіп, өнердегі үзенгілес дос-жарандарым, тыңдарман қауым, еңбектес әріптестерім әділ бағаларын берді, шығармашылық қарымыма сәт сапар тіледі. Өзімде бар нәрсені халыққа беріп, елдің игілігіне жұмсасам деймін. Өнерге жақын болған соң, оның ыстығына күйіп, суығына төзе де білу керек. Талай бұлақтың көзін ашып, биік сахна төріне алып шыққан іні-қарындастарым болды. Солардың бірі әнші Роза Мұса еді. Оған арнап:
…Салса – дағы тағдыр сені тәлкекке,
Алла берген өнеріңді тәрк етпе!
Өнерінің жұлдызы бол қазақтың,
Мәңгі сөнбе, көкке шығып, жарқ ет те!, – деген жыр жолдарын жазғанмын.
– Асқар аға, бұл біздің бірінші де, соңғы да сұхбатымыз болмауы тиіс. Амандық болса әлі талай жолығармыз деген ниеттеміз. Бүгінгі сұхбатымызды қорытындылар тұста оқырман қауымға айтар тілегіңіз бар ма?
–Тілек көп, өтініш одан да басым. Аз ғана қазақ бірін-бірі күндемей, бірін-бірі «жүндей түтпей», өскендерді өшірмей, тек жүрсе, тоқ жүрсе деймін. Ашынып өткен Абайдың сөзінен, күңіреніп өткен Құрманғазының күйінен, мұңға батырар Мұхтардың жырынан сабақ алар уақытымыз әлдеқашан жетсе де, жетесіздерге жетпей жататынына өкінемін. Айтарым:
Тілім, дінім,
Дәстүрім деп шарқ ұрып,
Қанша ғасыр
Азаттыққа ұмтылдық!
Ойлан, қазақ,
Қапы қалма өкініп,
Тағдыр бізге,
Берген кезде мүмкіндік!
– Рахмет аға!

Сұхбаттасқан: Жанар ДУРМАНОВА.

ПІКІР ЖАЗУ