Мырзахметов өз кадры үшін жауап бере ала ма?

Соңғы кездері аймақтарда билік шенеуніктерінің тарапынан заң бұзушылық, сыбайластық жемқорлық азаюдың орнына белең алып барады. Мұндай оспадарсыз қылыққа бір рет кешіріммен қарауға болады, ал ондаған қылмысқа жол бергендердің кінәсі мен оның түпкі жауапкершілігі облыс әкімінен басқа кімнен сұралмақ? Оңтүстікте Отырар ауданының экс-әкімі Әлімжан Құртаевтың өз орынбасарының жасаған қылмыстық әрекетінен соң, арызын жазып отставкаға кеткен әрекетін қайталаған жан болмай тұр. Құртаевтық өзіне-өзі жасаған қатаң шараны басқалар қашан қайталар екен деген заңды сұрақтың жауабының ауылы әзірге алыс болып тұр.

Әңгімеміздің әлқиссасының басын біраз елді әуре-сарсаңға түсірген топан судан бастасақ, оның айналасындағы көз көрген, құлақ естіген, ел абыр-сабыр болған талай тірліктің тірелер жері облыстың басшысына барып тоқтайды. Бүгінде мұқым Қазақстан атын жаттап алған Темірлан ауылы мен ондағы Найман арық, Қызылкөпір, Бадам, Монтайтас секілді Нұқ пайғамбардың заманындағыдай болмаса да, талайларды сан соқтырған топан судың жанды жаралар жауапкершілігін қазір ешкім мойынымен көтерер емес.
Жақында ғана Темірланға арнайы барғанымызда біз су шаруашылығы саласында ширек ғасыр еңбек еткен, оның ұнғыл-шұңғылын білетін Аман Сағымбеков деген қариямен жүздестік. Әкімдер ойламағанды ойлап, олар білмегенді біліп, айқайын аттандап айтып, 2011 жылы күзде-ақ су тасқыны болмай тұрып, Ордабасы ауданы әкімнің орынбасарлары Төлебаев пен Құрманбековтың табалдырығын тоздырып, ұсыныс хатын беріп, апаттың алдын алудың кестесін түзген елдің бір қариясының айтқанына әу деген, назар аударған басшы болмаған. Айтып келмейтін апаттың алдын алуға билік, аудан әкімі Шоқан Кенжеевтің командасы мүлдем жауапсыз қараған. Әкімнің өз ісіне салғырт қарауының салдарынан ел әбіржіді, талайлар баспанасыз қалды, қора-қопсысынан айырылды. Ал жауапкершіліктің жайын айтқанда қолға ұстайтын басшы табылмай қалды. Әшейін кезде үлкен әкімнің даусы қаттырақ шықса «больничныйға» «қашуды» дағдыға айналдырған Ордабасы ауданының әкімі Шоқан Кенжеев қазір қайда қашарын білмей жүргендей сыңай танытып жүр. Елбасының өзі Оңтүстіктегі елінің жағдайына Арқаның төсінде отырып қатты алаңдады. Мұндай біле тұра апаттың жолын қимай, жұртты әбіржіткендерге шара көру керектігін қатаң ескертті. Шыққан нәтиже жоқ. Сонда Елбасы сол әңгімелерді сөз таппағаннан айтты ма? Ертең анау халықтың қираған үй- жайы мен қора-қопсысының өтеуіне берілетін қаржыны елдің ортақ қоржынынан емес, жауапсыздардың, өз ісіне салғырт қарап жүрген аудан әкімі Ш.Кенжеев секілділердің жанқалтасынан әперуге облыс әкімі өз дәргейіндегі өкімін шығарса, сонда ғана жауапкершілік артып, әділеттілік туы асқақтар еді. Бірақ дәл осы мәселеге келгенде, әңгіменің түйіні шейеленген күйде қалады. Себебі… Себепті алыстан іздеуден керегі жоқ, облыс әкімі өзінің сонау Мақтарал ауданынан алып келіп, бақандай орынға балпанақтай қылып, былқ дегізіп отырғыза салған Шоқан Кенжеевтей кадрын қанша өзін ұятқа қалдырса да, «тастанды баладай» оның «төбесінен қарап отырған» облыс әкімі «сүйікті» кадрына қандай шара көрерін әлі ойланбаған сыңайлы. Біз басшы азаматтың өз ісіне деген жауапкершілігі, іскерлігі, талапшылдығы мен тындырымдылығы жөнінде әңгімені көп айтқанмен, далаға тастай алмайтындығы және белгілі. Жалпы Мырзахметов мырзаның кадр саясатына салғырт күймен сараптама жасай қалсаңыз көп мәселенің өз деңгейінде болмай жататындығына «басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздайды». Әуел баста «көкелердің сөзімен» ағайындардың жақсы әңгімесімен «қалпағы түзу» азаматтар ойып тұрып «омпиған» орындарды меншіктеп алады. Ал соған өзінің оң қолымен, сол қолымен қос пәрменді бұйрық берген әкім, өз айтқанына өзі қарсы шыға алмай пұшайманның күйін кешіп келеді. Кейде ашуланып тұрып, әкімді де аяйсың. Оу, ол да Құдайдың пендесі, ағайын мен тамыр-таныс үшін күн кешіп жүрген жанның бірі ғой. Бүгін Шоқан Кенжеевті жағаға лақтырып жіберсе, ертең «ақсүйектердің» ауылынанда  жоғын жоқтайтындар да табылары хақ. Осы жағынан келгенде Асқар Мырзахметовтың де сүрінгісі келмейді. Әйтпесе кадрлық саясатты кешегі бір ғана қаптаған топан судың аясында шешуге болатыны екінің біріне аян. Ордабасы ауданындағы су тасқанының алдын алу жайлы өзінің жоспарын аудан әкіміне нақты ұсыныстарымен аудандық газетке мақала дайындаған Аман Сағымбеков өткен жылы жарық көрген мақаласын былай аяқтапты: «… мақала жазуымның себебі-мұның бәрі тек маған керек емес, мақсат тиісті орындарға ескерту жасау, есіне салу. Халық халаулылары аудан әкіміне қозғау салып, арна тазалайтын азаматтарға қысқа мерзімде қаржыдан көмек берілсе, сөйтіп тосын оқиғалалардың алдын алу бағытында тиімді іс-шаралар жүзеге асырылса деген ой» депті. Егер аудан әкімі осы ұсынысты дер кезінде қолға алып, одан тың нәтиже шығарғанда, мүмкін Темірлан ауылында су тасқыны орын алмайтын ба еді?! Бірақ олай болған жоқ. Қарияның жергілікті әкімге оның орынбасарына айтылған ұсыныстарын немқұрайды қарауының салдарынан қаншама қарапайым халық шығынға ұшырады. Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысында 102 елді-мекен тасқынға ұшырап, 648 үй мен 14 әлеуметтік нысан су астында қалды. Осы апаттардың түпкі жауабын сұрауға келгенде облыс әкімінің «дымы» шықпай қалатыны түсініксіз.
Облыс әкімінің орынбасары  Сәкен Қаныбеков Асқар Мырзахметовтың өзі кезінде Ордабасы ауданы әкімдігінен алып тастаған бұрынғы кадры. Бұл азаматтың да қазақшалап айтсақ, жұрттың берген бағасы «сайда саны, құмда ізі білінбейтіндердің» бірінен саналады. Сәкен Әсембекұлы тасқынның зардабымен қайта айналып соғар қауқары жөнінде облыстағы тұлғалы басшысы ретінде «мынаның алдын алдық» деп әңгіме айтудың орнына бар қауіпті Тәңірдің өзіне «таңып қоятындығына» не күле алмайсың, не жылай алмайсың. Осы жерде апатқа байланысты жауапты азаматтарға «жаны бар» жаза қолдануға тиіс облыс әкімінің өзі «… 120 елді мекенді су шайып кету керек еді, (сонда бұл міндетеме ме, әлде жоспар ма-ред.) біз өзімізге тапсырылған қызметті жақсы атқарғандықтан 52-ақ елді мекенді су алды» деп мәлімдепті. Бұл не? Көрегендік пе, сәугейлік пе? Оның орнына «Біз алдын алу үшін мынаны істедік, алдын алмағандарға мынандай шара көрдік» дейтін сөз облыс басшының аузынан шығуы керек емес пе еді?!
«Айтқанның аузы жаман, сөйлегеннің сөзі жаман» демекші, басшының атына бірер асылық пікір айтылып жатса оны онша елемей, кешіріммен қарауға болады. Ал талай билікте жүрген азаматтардың жауапқа тартылуы, сыбайлас жемқорлыққа жол беруі, аттарына жағымсыз әңгіменің еруі көбейіп кеткен жерде бірінші басшының ықпалы мен беделі жөнінде де адамдар ойланады, өздерінше топшылау жасайды. Басшы бәрінің басынан сипап, арқасынан қағуға тиіс емес. Өзі таңдаған кадры жөнінде қателескен болса, одан дер кезінде нәтиже шығатын шешім қабылдап жатса – оның әбестігі жоқ. Ешкім оны сөкет көрмейді. Керісінше көп мәселеге көзін жұмып қарап, қызметте немқұрайдылық танытса – ол басшының аты мен арына сын. Үш жыл аз мерзім емес, Асқар Мырзахметов бүкіл облыстың ойы мен қырын бес саусағындай білетін жағдайға келді. Бірақ алғашқы қарқынының қазір епкіні бәсең тартып, шаршаған секілді қимылсыз әрекеттің, нақты және жедел шешімнің аз болуы бізді осындай солғын ойға алып келді. Әйтеуір бұл  әңгіме Ақордаға дейін жетіп, бұл жағдайлардан Елбасымыз хабардар болып, оның нәтижесінде Асқар Мырзахметовтың өзі тағайындаған, өзі таңдаған кадрлар оның өзінің түбіне жетіп жүрмесін деген игі, әрі жанашырлық тілек қой біздікі. Әйтпесе, үш жылға тарта уақыттан бері кімнің қолынан не келетінін, кімнің қандай ауамен тыныстап жүргенін білмеді, сезбеді деуге сенудің өзі қиын.
Мың күн мен түннен астам уақыт осыншама ауқымды индустриясы мен өнеркәсібі, мал және егін шаруашылығы дамыған, қай жағынан алғанда да талай жылдар бойы талай тарлан басшылар қалыптастырып кеткен облысты басқару оңай болғанмен, оны бүгінгі дағдарысы табалдырыққа таяп тұрған кезде одан әрі жаңаша серпінмен қозғалту қиыннын қиыны. Мүмкін ұзақ мерзім басшылардың басқаруға деген қабілетін кемітіп, бірізділікке, ет өлетін тірлікке дағдыландыруы да ғажап емес. Екінші жағы ет пен сүйектен жаралған адам қажиды, шаршайды, шалдығады, ынтасы келмейді. Бүгінде қожыраңқылығы артқан, белбеуі босаған облыстың тынысына осы себептердің қайсысы көбірек ықпал етіп отыр екен? Оның жауабын А.Мырзахметовтен ғана сұраған дұрыс болар.

Қыдыр ҚАЛИЕВ,
Оңтүстік Қазақсатан облысы.

ПІКІР ЖАЗУ