Отыз жылғы еңбегіне ешбірі пысқырмады да

Тендер талайларды тентіретіп, талайларды жардан құлатып жатса, базбіреулерге майдай жағып, тендер арқылы төрт құбыласын түгендеп жатады. Тендерге телміргендер мемлекеттік тапсырысты орындаудан бұрын өздерінде қалатын олжаны көбірек ойлайтыны да өтірік емес. Бұл туралы ел де бірдеңені білген соң да: «Тендер деген- жеңдер деген» ,- деп жүргендері. Жылдан аса әділдік іздеп, талай мекеменің  табалдырығын тоздырған ана тендердің «құрбаны» болғанына емес, өзін түсінетін жанның жоқтығына, отыз екі жылғы еңбегіне ешбірінің пысқырып та қарамағанына ашынады. «Әділдікке жетудің жолы ауыр екен» дейді іштегі сырын  бөліспекке «Уақытқа» арнайы келген педагог-ұстаз Дана Орманова.

— Мен қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын. Барша ұстаздар қауымына бас-көз болып, бағыт-бағдар береді, жас ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөледі деп сенген білім басшыларына, істің ақ-қарасын ашады, әділ шешім қабылдайды деп үміт артқан құқық қорғау органдарына қапамын. Адамның тағдыры тәлкек емес, менің ар-намысыма, конститутциялық құқығыма, денсаулығыма қаншалықты нұқсан келді. Жолы жіңішке, әлсіз әйелге шамалары келгендеріне мәз солардың  тірліктерінен түңілгенім сол, ұл-қыздарымды мемлекеттік қызметке шақырса да жібергім жоқ. Құйтырқы әрекеттердің құрбаны болып кетулерінен қауіптенемін.
— Ашулысыз ғой, кімнен қысым көріп, кімге өкпелеп жүрген жайыңыз бар?
— «Алпыс келер жасым ба еді, быламық ішер асым ба еді?»,- демекші, зейнеткерлікке шығуға 2 жыл уақытым қалғанда керек емес адамдай лақтырып тастағандарына күйінемін. 32 жылдан бері ұстаздық қызметте болып, бірде-бір рет сөгіс немесе ескерту алып көрмеппін. Есесіне, ұзақ жылғы еңбегім орынды бағаланып, жергілікті, облыстық, республикалық білім, кәсіподақ салаларының 24 Мадақтама, Алғыс хаттарын иеленіппін. «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығматуллиннің Алғыс хаты да тектен-текке берілмеген болар? Көпжылдық тәжірбиемнің арқасында мұғалім, психолог болып істедім. 2004 жылы Түркістан қалалық педагогикалық –психологиялық  түзету кабинетіне меңгеруші болдым. Ал, 2011 жылы Түркістан көмекші мектеп-интернатына конкурста таза жеңіске жетіп, директорлық  қызметке тағайындалдым. Менің конкурста таза жеңіске жетуім өзіме сор болып жабысып, қарсыластарымның нысанасына айналдым. «Ойыннан» облыстық  білім басқармасы да шет қалған жоқ, қайта алғы шепте  жүргендері анық. Тіптен, БАҚ өкілдерінің де ойынға тартылған жайы бар.
— Қызық екен, сонда саяси ойынға қатысып жүрген қай әріптестеріміз болды?
— «Голос Республики» газетінің қызметкері Ғ.Қаракөзов деген мен
«7 Арна» телеарнасының тілшісі А.Ақбаева. Оларды осы ойынға  араластырып отырғандар тап, облыстық білім  басқармасындағылар деп шамалаймын. Мен директорлық қызметке кіріскен күннен бастап-ақ конкурста қарсылас болып, өте алмай қалған мектеп-интернат директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары З.Жолдыбаеваның маған: «Менің айтқаныммен жүресің, әйтпесе жұмыс істетпеймін» дегені бар. Оның ықпалынан  бірқатар мұғалімдер мен  директордың  тәрбие жөніндегі орынбасары С.Теңізбаевтың да шыға алмайтындықтарын байқадым. Басшылық қызметке барғаннан қырық жыл бойы қалыптасып қалған қағиданы өзгерттім, қала әкімінің қыр соңынан қалмай жүріп, заман талабына сай жаңа ғимаратқа қол жеткіздік. Еліміздің  заңнамаларына сәйкес мүмкіндігі шектеулі балаларға бар жағдайды жасауға тырыстым. Воронков әдісін тәжірбиемізге  енгіздік. Билік басындағылар мектеп меншігіндегі 4 гектар жердің 1,5 гектарын мемлекеттің иелігіне өткізу туралы ұсыныс  жасағанда бас тарттым. Балалардың несібесін жырымдағым келмеді. Менің осындай әрекеттерім мен талапшылдығым өзгелерге ұнамады. Жан-жаққа арызды қарша  боратты. Қысқа мерзімде 12 тексеру келді. Ешқандай дәлел таппаған соң аяқтан шалушыларым тендер арқылы тұралатпақ болды. Мектепті қысқы маусымға дайындау үшін облыстық білім басқармасы веб-порталы арқылы Түркістан мектеп-интернатына « жанар- жағар май сатып алу» бойынша баға ұсыныстарын сұрату тәсілі мен хабарлама орналастырып, соған сәйкес ең арзан  бағаны ұсынған «VIP  House строй  compani» ЖШС-і 6663,0 мың теңгемен мемлекеттік сатып алу жеңімпазы болып танылады. 08.09.2011 жылы мектеп-интернат пен аталмыш серіктестік арасында N1 санды келісім шарт түзілді. Осы шартқа байланысты жеткізуші тарап 78388 литр дизельді отынды 31.12.2011 жылға  дейін жеткізіп беруге міндеттелген. Осы жылғы қыркүйек  айының соңында облыстық  білім басқармасы  бастығының  орынбасары  Н.Байғұт барлық мектеп есепшілеріне дизельді отынға байланысты белгіленген қаржыны жеткізіп берушілерге толығымен аудару жөнінде ауызша нұсқау берген. Осыған орай, қаржыны аудару туралы құжатқа қол қойдым. Бірақ серіктестік қарашаның 4-не дейін 2044,3 мың теңгеге 24051 литр дизель отынын ғана жеткізіп берумен шектелді. Қалған дизельді отын түрлі сылтаумен жеткізілмеді. Мен басшы ретінде  балаларды жауратпау мақсатында қарызға дизельді отын сатып алып, жылуды қалыпты жағдайда  ұстадым. Жеткізушіні іздеп, Шымкент қаласынан әзер таптым.
Атағы дардай серіктестіктің кеңсесі де жоқ болып шықты. Бір үйден директорды әзер таптым. Директоры бар-жоғы 19 жаста екен. Бір жоғары оқу орнында күндізгі бөлімде оқитынға ұқсайды. Ол өзінің кепіл хаты мен түсінік хатында: «Маған танысым Елнұр Стамбеков тендерге қатысуға ұсыныс жасап, облыстық білім басқармасы әкімшілік бөлімінің бастығы тарапынан тендерді жеңіп алғандарын айтты. «Бәрін өзім реттеймін» деп уәде берген Е.Стамбеков менің атымдағы серіктестіктің есепшотына түскен 6663055 теңгеден маған 100мың беріп, қалғанын өзі алып кетті» дейді. Мұнан соң мен 2012 жылғы наурыз айында ЖШС-і директорын ОҚО ауданаралық  экономикалық сотқа беруіме тура келді. Сот «VIP House  строй compаni» ЖШС-ін кінәлі деп тауып, мемлекеттің қаржысын қайтару туралы шешім шығарады.
Дәл осы аралықта Түркістан қаласының прокуратурасы «Сенім телефоны» арқылы арыз түсті» деген  себеппен мектеп-интернатқа тексеру жіберді. 2012 жылдың сәуірінде прокуратура Қаржы полициясы, Қаржылық бақылау мекемелерінің қорытындыларын күтпестен облыстық білім басқармасына «Мектеп- интернаттың директоры Д.Ормановаға шара көру» тұрғысында ұсыныс жолдаған. Сәуірдің 17-і күні «Сөгіс» берсе, 19-ы күні  NK -58 бұйрығымен жұмыстан босатып тынды. Мамырдың 15-і күні бұйрықты заңсыз деп тану туралы сотқа арыздандым. Абай аудандық соты облыстық білім басқармасының бұйрығын заңды деп тапқандықтан, мен ОҚО аппеляциялық сотқа шағым түсірдім.
— Әлгіндегі, журналистерге деген ренішіңізді айтпадыңыз ғой.
— «Голос Республики» деген газетті бұрын-соңды естіген емеспін. Журналист өз этикасын сақтап, мектеп-интернатты тексеріп, жазуы үшін қолында негіз болуы керек. Мекеме басшысы ретінде  Ғани Қаракөзов менімен жолықпақ түгілі, кім екенімді білмейді де ғой. Жаппаған жаласы, жақпаған күйесі қалмаған. Оның жазғандарының ешбірі дәлелін таппай, сыртымнан ғайбаттағандардың  сөздеріне сүйенген. «БАҚ туралы» Заңды белден басып, екі жақтың пікірімен санасқылары келмегендері былай тұрсын, облыстық білім басқармасы тарапынан құрылған комиссия «Голос Республики» газетіндегі дәлелсіз мақаланы негізге алған. «7 Арнаның» тілшісі А.Ақбаева зерделеу жұмысына қатысқан қызметкерлер кеңесіне қатыстырылған. Осыдан соң журналистерді де «ойынға» қатыстырмағандарына қалай сенбессің?
Облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары, кеңес төрағасы Н.Байғұт бастаған комиссия мүшелері алдын ала дайындалған «сценарий» бойынша қойылымды тамаша орындап шығып, дегендеріне жетті. 30 жылдам астам жас ұрпақ тәрбиесіне жұмсаған еңбегіме, алған марапаттарыма да пысқырып қарамаған облыстық білім басқармасының сорақы тірліктеріне қатты қапа болдым. Менің бар айыбым, дизельді отынды дер кезінде жеткізіп беру туралы құжатқа қол қойғаным ба? Кінәлі табылды, қаржы қайтарылды, ал менің жазығым не? Мүмкін кемшілігім болған шығар, бірақ табан астында қызметімнен алып тастайтындай не бүлдіргеніме таңым бар. Аппеляциялық соттың шешіміне де қанағаттанған жоқпын. Енді Жоғары сотқа шағымданудан басқа мүмкіндігім қалмады. Ал, «Голос Республики» газеті мен Ғ.Қаракөзовты және «7 Арна» телеарнасымен қоса тілші А.Ақбаеваны толық сотқа беруге құқылымын. Олар   ешбір дәйексіз мен туралы бүкіл Қазақстанға теріс мәлімет таратты.
— Осы оқиғадан соң облыстық білім басқармасы тарапынан сізге қызмет ұсынылған болар?
— Менің сотқа шағымданып жүргенімнен хабардар болған соң шақырды, бардым. Бір мектепке психолог маманы болуға ұсыныс жасады. «Егер тыныш жүрмесеңіз, бұл күніңізге де зар болып қаласыз» деуді де ұмытқан жоқ. Басқарма бастығы А.Елшиеваға кірмекке қанша әрекеттенсем де, оған мүмкіндік бермеді. Айтар сөзім, келтірер уәжім көп еді. Басқарма тарапынан бюрократизмнің иісі мүңкіп тұрғанына кімнің де болса көзі жетері анық. «Сыбайлас жемқорлыққа жол берді» деген негізбен жұмыстан босатылған менің орныма мамандығы сәйкес емес С.Теңізбаевты директор етіп тағайындаудың астарында да бір сыр жатқандай. Кезінде білім басқармасын басқарған С.Барақова, Е.Сарманов, т.б. шын мәнінде өз саласының білгір мамандары еді. Олар   қарамағындағы қызметкерлерді терең түсінетін, іскер басшыларды орынды бағалай білетін, қолдауға да, қорғауға да тұрарлық болатын. Бүгінгі білім басшыларынан түңілдім, қолдауға емес, қорлауға бейімдіктерінен. Түбінде бәрібір әділдік салтанат құрары даусыз. Зейнеткерлікке шығуға шамалы уақыт қалғанда шырылдатып, лақтырып тастайтындай адам тағдыры ойыншық болғаны ма? Біліктілік емес, біліксіздік үстемдік құрып тұрған мына заманда әділдікке жету қиынның қиыны екенін түсіндім.
— «Үмітсіз — сайтан» демекші, әлі-ақ бәрі орнына келіп, бұл күндеріңіздің де артта қаларына сенетін боларсыз?
— Сенімім аз, әйтсе де шындық үшін шырылдап, әділдік үшін алысып өтерім анық. Қаншама салмақ арқалап, жүйке жұқарып, денсаулығым бұзылып жатса дағы, тірі адам тіршілігін жасауы керек екендігін түсіндім. Мүмкін бәрі қалпына келуі де, оны уақыт көрсетеді.

Ердәулет СҰЛТАН.

ПІКІР ЖАЗУ