Тоғызқұмалақ сайысы

356
2

02878Соңғы жылдары қазақтың ұлттық — ойыны тоғызқұмалақ спорты жоғары қарқында даму үстінде. Төл спортымыздан екі әлем чемпионаты, Азия біріншілігі өткізілді. Оңтүстік Қазақстан облысында да тоғызқұмалақ кең қанат жайған. Осының айғағындай, жуырда Шымкент  қаласындағы Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінде тоғызқұмалақтан оқушылар арасында Қадырбек Сапарбековты еске алуға арналған және Домалақ ана атындағы жүлде үшін ХV республикалық  жарыс өтті. Оған Алматы, Маңғыстау, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен өңіріміздің аудан, қалаларынан жалпы саны 179 спортшы қатысты. Турнирді ҚР Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов пен облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Б.Қырықбаев арнайы келіп тамашалады.

Домалақ ананы құрметтеп, ұлттық спортты насихаттау мақсатында қолға алынған бұл жарысты  алғаш рет тоғызқұмалақтан жоғары дәрежелі жаттықтырушы Қадырбек Сапарбеков ұйымдастырған болатын. Тоғызқұмалақ шеберінің бастамасын оның ұрпақтары мен өзі қызмет еткен Нұрлан Айтмұрзаев басқаратын ОҚО №3 ОРМБЖСМ  ұжымы жалғастырып, турнир өткізді. Сондай-ақ жарыс өткізетін орынды даярлаған А.Сопбеков басқаратын Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі ұжымының да төл өнерімізге деген құрметін айта кеткен жөн.
Жарыстың ашылу салтанатында ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы, спорт қайраткері қызылордалық Еркетай Иманбаев замандасы туралы жылы естеліктер айтса,  Қадекеңнің ағасы, бәйдібектік ұлағатты ұстаз Көшербай Әуелбеков  інісінің ұлттық спортқа сіңірген еңбегі жайлы әңгімеледі. Сонымен бірнеше күнге созылған тартысты бәсекеде 12 жасқа дейінгі ұлдар арасында бәйдібектік Б.Батырбек жеңіске жетті. Одан кейінгі орындарды Н.Жақсыбек (ОҚО) мен Б.Айтмаханов (Қызылорда) ұтып алды. Ал, қыздар арасында қызылордалық Б.Айжарық чемпион атанды. Екінші және үшінші орындарды шымкенттіктер — А.Бөгенбай мен А.Құттыбай иемденді. 15 жасқа дейінгі ұлдар арасында бірінші және екінші орындарды оңтүстікқазақстандық спортшылар С.Жандарбек пен С.Рақышев олжаласа, сонау Қызылорда облысы, Жалағаш ауданынан келген С.Мығымбай үшінші орынды алды.  Осы жас дәрежесіндегі қыздар арасында алғырлық танытқан шымкенттік Ұ.Батырханова жеңімпаз атанды.  Алматы облысының спортшысы Ж. Ахбаева мен маңғыстаулық А.Жұмабаева жүлделі орындарды бөлісті,  18 жасқа дейінгі ұлдар арасында бәйдібектік Е.Ерболған топ жарса, маңғыстаулық Д.Басшы мен оңтүстікқазақстандық А.Бейсен екінші, үшінші орындарды жеңіп алды.  18 жасқа дейінгі арулар бәсекесінде оңтүстікқазақстандық Н.Рахманқұл қарсыластарынан озық өнер көрсетіп, бірінші орынға иелік етті. Қызылордалық Ж. Ермекбай мен шардаралық  А.Төлебай күміс және қола жүлделерді иемденді.
Командалық есепте 34 ұпай жинаған Шымкенттегі ҰСМБЖСМ-1 командасы жеңіске жетті. Қызылордалықтар екінші, ал, ОҚО №3 ОРМБЖСМ-1(Шымкент) командасы қола жүлдегер атанды. Жүлдегерлерге диплом және түрлі бағалы сыйлықтар тапсырылды. Мейрамқұл Ноғайбаев, жарыстың бас төрешісі, жоғары дәрежелі ұлттық төреші (Жамбыл облысы):
— Мен жарысқа 70-80 оқушы келеді деп ойлап едім, бұл турнирге 180-ге жуық спортшы қатысты. Өте жақсы өтті. Қадекеңмен жиырма жылдай бірге жүріп, тоғызқұмалақты дамытуға атсалыстық. Тоғызқұмалақтан жас ерекшеліктеріне сай жарыс өткізу идеясын ең алғаш көтергендердің бірі осы Қадырбек Ұласбекұлы еді. Сондай-ақ блиц, рапид түрлерінен сайыс өткізу туралы бастаманың да авторларының бірі болатын. Осындай тың идеяларымен көзге түсіп, ұлттық спортқа адал қызмет етті. Сондықтан оның ұл-қыздарының бұл бастамасын қолдаймын. Турнир жыл сайын өтіп тұрса деген тілегім бар.
Сабақбай Тілегенұлы, жаттықтырушы, спорт ардагері (Маңғыстау облысы):
— Домалақ ана атындағы дәстүрлі сайысқа Маңғыстау өңірінен бір топ жасты әкелдім. Бір-екі жүлдені де олжаладық. Өзімнің досым әрі замандасым – Қадекеңді де еске алып, іштей тебіреніп, өлең жаздым. Ол жазбамды ұлдарына тапсырдым. Турнирден жақсы әсер алдық.

А. ЖАНДОС.