Сансызбай ағаны сағындық

IMG_4909Адамдардың танылуы қиын, ол үшін көп еңбек керек, үлкен жолдардан, биік баспалдақтардан өтеді. Халықтың қадіріне бөленбесең, сол халыққа қызмет етіп, еңбегің сіңбесе, көзің жұмылғаннан кейін ұмытылуың лезде. Біз бұл әңгімені кешегі жексенбі күні дүйім ел, қазақтың қаймақтары мен қайраткерлері бас қосқан еске алу кезіндегі жүрегімізден шыққан тебіреністі ойға байланысты айтып отырмыз. Сол күні Шымкент қаласындағы Қазақстанның зияткерлік «Бәйтерек» мектебінде жас бала мен жасамыс аға, қадірлі қария, елге тұлға болар азаматтар бас қосып, бір аймақ емес, қазақтың талайы таныған тарланбоз азаматты еске алды,  оның рухын тербетіп, тебіреністі, әрі ғибратты сөздерді айтты. Жүрек дірілдеді, тамаққа өксік тығылып, көзге мөлдір жас үйірілді. Сансызбай Абдуллаұлы Бекбосынов атты азамат жайында бірер ауыз айта кетсек, біздің әңгімеміз толыға түседі.

Сонау тәуелсіздіктің таңы атып, қазақ деген халық өзінің ендігі жүрер жолының бағытын жаңадан ғана бағамдап жатқан алмағайып кез елдің әлі есінен шыға  қойған жоқ. Бұрынғы социалистік дәуір келмеске кетіп, елдің өмірінде жаңа кезең басталды. Тұңғыш президент Нұсұлтан Әбішұлы сол ертеңі жарқын болатын жаңа дәуірдің ұлы көшін бастаған кезде сол команданың белді мүшелерінің бірі, тұлғалы азаматтардың сапында жүрген Сансызбай атты азамат та ұлы көштің тізгінін ұстағандардың арасынан табылды. Социалистік биліктің барлық сатысынан өткен, әбден ысылған, біліктілігі мен білімі астасқан азамат бұған дейін талай ауатком мен аупаткомның бірінші басшылығының тізгінін ұстап, халқына хәлінің келгенінше қызмет істеп, тер төгіп, еңбегін сіңіріп үлгерген болатын. Елудің ауылына енді қонып, бергенінен гөрі беретіні мол болған сол азамат Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Биліктің арбасын сүйреу, халқына қызмет істеу Сәкеңдей алып тұлғалы, айбынды азамат үшін таңсық нәрсе емес еді. Көш тізгінін бірден алып кетті.
Тағдыр деген нәрсе туған кезде-ақ адамның пешенесіне жазылып қояды делінеді. Әсті, сол рас-ау, еңсесін енді тіктеген еліне құлшына, бел шеше кіріскен басшы азаматты  тағдыр ары қарай еліне еңбегін сіңдіруге мұрша бермеді. Қос бірдей көлік апатынан болған ауыр зардап ажалдың аулын жақындатты. Ақыры алып жүрек соғуын тоқтатты. Одан бері де 20 жыл уақыт өтіпті. Тарихтың дөңгелегі айналуын тоқтатпайды. Уақыт алға озады, замана көші жаңарады, ұрпақ алмасады. Бүгінгі ат жалын тартып мінген жастар Сансызбай атты аталарының атын білмеуі мүмкін. Бірақ ол аға ұрпақтың санасында, тарих парақтарының беттерінен өшкен жоқ. Біздің дәл осылай кесіп айтуымызға себеп болған нәрсе, елінің ерін есіне алып, құранын бағыштап, рухына тағзым етіп, С.Бекбосынов атындағы он жылдан бергі өтіп келе жатқан дәстүрлі футбол турнирінен де көрініс тапты.
«Бәйдібек» мектебінде облыс аудандарының мектептерінен келген жасөспірімдер арасындағы бәсеке спорт алаңында қызып жатты. Оның көрермендері де аз болған жоқ. Сонау Арқадағы Астананың төрінен арнайы ат арытып, жол шегіп, Қазақстанның бұрынғы Премьер-министрі Сергей Терещенко, халық қалаулылары Сатыбалды Ибрагимов, Уәлихан Бишімбаев бастаған алқалы топ турнирдің белсенді жанкүйерлері, еске алу сәтінің құрметті қонақтары болды. Ас беру сәтінде өткен жылдардың есте қалған жақсы сәттері қайыра бір жадыға алынды. Бұл келген қонақтардың барлығы да Сансызбай Бекбосыновпен тізе қосып, қол ұстасып, қолтықтасып елдің еңсесінің тіктелуі, халықтың жағдайының жақсаруы жолында еңбек еткен азаматтар еді. Сол жақсы күндердің, тәтті кездерден естеліктер айтылды. Әсіресе,  Сансызбайдай дара тұлғаның аудан мен қаланы басқарған кездегі қауымнан алған алғысы, атқарған қызметі, еткен еңбегі, қарақан басының емес халқының қамы үшін төккен тері, адамгершілік қасиеті, адамды алаламайтындығы, алғырлығы мен айбындылығы турасындағы естелік әңгімелер талайлардың жүрегіне жүк түсірді. Сансызбайсыз өткен жиырма жыл ол кісіні ұмыттырмапты, қайта қасиеті мен қадірін арттырыпты. Аға ұрпақтың дуалы аузынан шыққан әңгіме бүгінгі жастарға ғибрат боларына осы бір салиқалы сәт айқын айғақ болатындығына біз сендік.
Еске алу асына келген қазаққа белгілі ақын, Акбар қажы Рахым Балабиевтың туған құдасы Сансызбай Абдуллаұлына арнаған алты шумақ өлеңі асқа жиналған екі жүздей адамның жандарын  тебірентіп, саналарына үлкен тебіреніс алып келді. Тағы бір айтар мәселе, депутат Қуаныш Айтахановтың  зайыбы Айман ханымның қайынағасымен бірге Сансызбай Бекбосыновтың өз жұбайымен отыз жыл бұрын түскен фотосуретті жаңартып, жаңғыртып алып келіп, ұрпақтарына табыс еткен сәті болды.
Еске алу асында Сансызбаймен тағдырын тоғыстырып, жақсы күндерді бірге өткізген жары Салиха бәйбішенің жүрегінен шығып, жүректеріне жеткен сөзі қысқа болса да ешкімді бей-жай қалдырмады. Сол күнгі турнирдің қорытындысына асқа келгендер түгелдей қатысты. Он үш жастағы өрендер жарыстың мәресіне жетіп, жеңістің тұғырына қонды. Жүлделі бірінші орынды Сайрам ауданы, Шапырашты аулындағы Сансызбай Бекбосынов атындағы жалпы орта мектептің аяқдоп командасы ешкімге дес бермей, жеңіп алса, одан  кейінгі екі орынды Шардара ауданының және Төлеби ауданындағы №17 Қызыл байрақ мектебінің командалары иемденді. Тартысты жарыстың жеңімпаздарына арналған жүлдені ел ағалары Ж.Сұлтанов, С.Ибрагимов, У.Бишімбаев, Б.Сүлейменов, Р.Балабиев, А.Әбдірахманов секілді ел таныған, қайраткер азаматтар табыс етіп, жас футболшыларға өмірдің сәттілігін, өнердің биігін тілеп, бата берді. Ешкім марапат қағазы мен бағалы сыйлықтан құр қалған жоқ.
С.Бекбосынов атындағы футбол турнирін өткізу мен еске алу асын ұйымдастырған Бекбосыновтар әулетіне,  Сансызбайдай сара азаматтың  жұбайы Салихаға, қыздары Нұрсұлу, Махаббат, Қарлығашқа және осы іс-шараның ұйытқысы, әрі бас демеушісі болған, елге танымал, жаны асыл азамат Қайрат Рахымұлы Балабиевке ел ағалары мен жиналған қауым шынайы көңілден шыққан алғыстарын білдірді. Көптің батасын алу, бақилықтардың алдында парызын өтеу – ол үлкен сауапты іс. Соны жүрегімен сезініп, өзінің басты парызын орындаған осы жандарды сол көптің батасы мен тілегі көгертері хақ. Көңілімізге демеу болған нәрсе – Сансызбайдай асыл ерін, адал ұлын, халқының адал қызметшісін, асыл жар, ардақты әке бола білген, көптің жүрегінен орын алған, санасынан өшпеген жанның есімі қайыра ардақталып, рухына тағзым етіліп өткен осы бір жиын  елдің есінен көпке дейін шықпайтындығына сендік, қуандық.
Алдағы жылы халқы қадір тұтқан азаматтың туылғанына – 75  жыл толады. Ұрпақтары, жақын туыстары, замандастары, кейінгі іні-қарындастары, жерлестері ұмытпай, рухына бас иетіндігіне осы жиында көзіміз жетіп, көңілімізге бір тоқтық ұялады. Түлкібас, Сайрам аудандары мен Кентау қалалық әкімшіліктері және Оңтүстік Қазақстан әкімдігі ұйымдастырмақ. Жалпыхалықтық деңгейде өтетін іс-шараға, бүгінгі күннен негіз қаланды деген сенімді де көңілге серік еттік.

Серікбай САПАРОВ,
Шымкент қаласы.

ПІКІР ЖАЗУ