Мақтаралдық әйелдерге әлімжеттік жасапты

1-4Мақтарал ауданы облысымыздың қиыр шығысында орналасқан республикадағы ең үлкен аудандардың бірінен есептеледі. Мақтасымен мақтана алатын Мақтарал ауданының орталығы — Жетісай қаласы. Қалада елу мыңнан астам халық болса, ал аудан халқының саны үш жүз мыңнан көп. Жергілікті халықтың күнкөріс көзі негізінен диқаншылық болып табылады. Ер азаматтарға қарағанда, қыз-келіншектер жағы жұмыспен аз қамтамасыз етілген.

Сондықтан да, әйелдер қауымының көпшілігі үй шаруашылығындағы жұмыспен айналысқандықтан, үкімет тарапынан берілетін жәрдемақыға қарап қалған.
Таяуда Мақтарал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен үлкен дау шықты. «Даудың басы Дайрабайдың ала сиыры» демекші, дауды туындатқан осы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегі көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау жөніндегі инспекторлар болыпты. Жәрдемақы тағайындау барысында бөлім инспекторлары ардақты аналарымыздан әр бала үшін екі мың теңгеден ақы сұрайтын болған. Ол қаржы біреуде болса, ол біреуде жоқтың қасы екенін айтпасақ та — ақиқат. Шарды да мөлшерінен артық үрлесең, жарылатыны рас. Төзімдері таусылған аналарымыз бұл қыңыр істен шаршаған болар шамасы, Мақтарал аймақтық қаржы полициясына шағымдануларына тура келгенге ұқсайды.
«Қыңыр істің қиығы қырық жылдан соң да қаралады» дегендей, мақтаралдық жәрдемақы  тағайындаушы «қырқымбай» инспекторлардың қыңыр ісіне тосқауыл қойылды. Қаржы полициясындағы қырағы қызметкерлер жең ұшындағы жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың түбіне жетті-ау, әйтеуір!
Қазіргі таңда мақтаралдық инспекторлардың қыңыр ісі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Ендігі жұмыстың түп тамырына нүкте қоятын құқық қорғау органдары болар. Ең маңыздысы, Мақтарал ауданындағы аналардың қуанышында шек жоқ…

Талғат БЕКТӨРЕЕВ.

ПІКІР ЖАЗУ