Тағаеваны тағайындаудың астарында қандай «гәп» бар?

569
0

Өткен апта Оңтүстік Қазақстан облысында үлкен бір тағайындау болды. Талайдан бері талай басылымдар өздеріне саяси басшылық жасайтын облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Батырбек Қаратайұлы Жалмұрзаевтың тірлігі жөнінде, оның басшылық стилі турасында, мемлекеттік тендер жайындағы заңсыздықтар туралы жаза-жаза, ақыры оны жылы орнынан басқа жаққа сырғытты. Басшылық бар жерде бақталастықтың да қатар жүретіні белгілі. Президент аппаратындағы Ішкі саясат бөліміне Дархан Мыңбай сынды азамат басшы болып тұрған кезде ауылдас ағайыны облыстың ішкі саясатын басқарды. Бір есептен мұның да болғаны дұрыс шығар. Осы қызметтің жалына жармасқан жылдарда Жалмұрзаев баспасөз сынына ең көп ұшыраған басшылардың көшін бастап тұрды. Айтылған сынға еті өліп кеткен ба, әлде алыса берсем, әлде біреудің «астына түсіп қаламын» деп жасқанды ма, жоқ «ит үреді, керуен көшеді» деген қасаң қағиданы ұстанды ма, әутеуір Батырбек мырза батыр болып тұлғаланып, батыл бір шешім қабылдамай-ақ кетті.

Соңғы бес-алты жылдың көлемінде облыстың идеологиясын Дархан Мыңбай мен Әли Бектаев сынды екі азамат алма кезек ауысып басқарып келді. Әрқайсысы бұл қызметті яғни облыс әкімінің орынбасарлығын екі реттен иемденді. Былай қарасаң мұнда тұрған ештеңе жоқ секілді. Әшейін ауыс-түйіс, орын алмасу секілді көрінгендей. Ал, арғы жағына тереңдеп еніп, пайымды түйінге жүгінсең, олардың әрқайсысының сол үлкен лауазымды қызметті иемдену үшін «арқа еттері арша, борбай еттері борша» болғандығы бесенеден белгілі.  Олардың қарауындағы азаматтардың кімге бүйрегі бұратын кадрлар екендігін де назардан тыс қалдырмаған ләзім. Д.Мыңбай мәдениет министрлігін басқаруға кеткен соң, өзі тікелей басшылық салада ұстап келген облыстық ішкі саясатта Жалмұрзаевтың ұзақ тұрақтамайтындығын сәуегейлер ай бұрын айтып қойған. Оның орнына тағайындалған облыстың саясатына енді басшылық жасауға келген азаматша Гүлмира Тағаева бас идеолог Ә.Бектаевтің елінен екендігі де біраз әңгімеге азық болып тұр. Әйтпесе мамандығы бойынша экономист-ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырушы, мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры болып келетін Г.Тағаеваның облыс аумағында танымдылығы, салмағы және саясаткерлігі бұған дейін танылмаған тұлғалардың деңгейінде екені жасырын емес. Жалмұрзаев идеологияға, саясатқа мұғалім ретінде бір табан жақын болса, оның орнына келген басшының бұл салалармен көрші қонуы сәл томпақтау. Облыс аумағындағы сан жүздеген БАҚ-тармен жұмыс істеу, оларға мемлекеттік тапсырыс беру, соған сай ұдайы дауы арылмайтын тендер өткізу, басылымға басшылық жасап оған дұрыс бағыт беріп отыру күні кешегі бір ауданның әкімінің орынбасары лауазымынан келген жанға оңайға соқпайтындығы белгілі.
Осы кадр саясаты жөнінде әңгіме бола қалған кезде идеология мен саясаттың басшылығында кімдердің отырғандығы кейде ойландырмай қоймайды.
Жақында ғана облыс әкімі А.Мырзахметов өзінің бес бірдей орынбасарына облыстағы мекемелерді басқару міндетін қылдай қылып бөліп берді. Әли Бектаевтің қарауына жылға жақын уақыт бұрын берілген денсаулық сақтау мен ішкі саясат басқармалары басқа орынбасардың қарауына көшіп кетті. Әли Бектаевқа мәдениет, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларына, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар салалары көшті.
Облыс басшысының орынбасарларына басқаруға берген салалардың кейбірі олардың бұрынғы атқарған жұмыстарына да, мамандықтарына да мүлдем сай келмейтіндігі. Бір қызығы облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Оспановқа облыстың ішкі саясат басқармасына басшылық жасау жүктеліп отыр. Енді ол кісі облыстың бас идеологы саналады. Бұған қоса Берік Серікұлы жастар саясаты мен БАҚ-тардың жұмысын да өзіне еншілеп алды.
Болатбек  Әлиев сынды тағы бір орынбасарға бұл жолы үлкен-үлкен мекемелерге басшылық жасау тапсырылды. денсаулық сақтау басқармасы мен автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы Болатбектің қарауында болмақ.
Біз бұл міндеттердің бәрін не үшін қайталап, тізбелеп жатуымыздың да  өзіндік себептері бар. Әр жыл сайын мекемелер мен басқармалар орынбасарларға шүлен таратқандай үлестіріледі. Өзіне бейтаныс саланың қыр-сырын енді ғана меңгеріп, оны өзіне тонның ішкі бауындай жақындастыра бергенде, сала басшылығы басқа орынбасарға ауысып кетеді. Міне сондықтан да мұндай жиі ауысулар жүйеге қалыпты басшылық жасауға, жұмысты толық қуатында ары қарай жалғастыруға тың идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермей жатады. Бұл өз кезегінде қандай да болсын мекеменің бір ырғағпен табысты жұмыс істеуіне кері әсерін тигізетіні сырт көзге айтпай-ақ белгілі. Мейлі, әр басшының басшылық жасаудағы әдісі мен тәсілі бар дегенмен, істің оңтайлы жағына қарай ойысқанның зиянынан гөрі берер пайдасының мол болатындығын облыс басшысының білмеуі мімкін емес. Пікіріміз жеке адамның дара сөзі емес, ол көпшіліктің арасында күнделікті болып жатқан келелі әңгімелерден ой түюіміздің  нақтылы қорытындысы деп қабылдағанымыз жөн. Сонда ғана кадр саясаты өзіміз ойлағандай қалыпты деңгейде ілгерілемек.
Біз тақырыпты да, мақаламыздың кіріспесін де Тағаева ханымнан бастағанымыздың себебін басқа жақтан астар іздемей, шындықтың бетіне тура қарағанда ғана, оның толыққанды жауабын табарымыз сөзсіз. Дәл осы тағайындау арқылы Асқар Мырзахметов өңірдің саяси өміріне қандай тың леп алып келуді ойластырды екен? Осы жағы да саясат ауылына қоңсы қонған, оның майын ішкен талай азаматтарды ойландыру үстінде. Ең өткір қару-БАҚ-пен жұмыс істеу, сөз жүзінде айтуға жеңіл болғанмен, іс жүзінде екінің бірінің қолынан келетін тірлік емес. Осы жағын ел басқарған азаматтар өзінің биік деңгейлі қағидасы етіп ұстанғаны жөн болар. Ойымызды қысқаша ғана тұжырымдамалармен қорытындылай келе, бізге келіспеушілік болса ащық пікір айдынында өзгелердің де айтар уәждеріне қарсылық танытпаймыз.

Қыдыр ҚАЛИЕВ, Шымкент.