«ДӘСТҮРІҢ МЕН ДІНІҢ АСТАСЫП, ЖАСТАРЫҢ БІЛІМДІ, ИМАНДЫ БОЛСА – ОЛ БАҚЫТ»

405
0

Қоғамда болып жатқан бұзықтық және сотқарлық әрекеттерге статистика бойынша көбіне жасы 18 бен 23 аралығындағы жастар барады екен. Өйткені, жасы үлкен адамға қарағанда оң-солын танып үлгермеген жастарды теріс жолға тарту оңай. Жалпы бұған не істеуге болады? Осы сұрақтар бойынша дінтанушы Асылбек Әуезханұлымен (суретте) аз-кем сұхбат құрған болатынбыз.

– Асылбек Әуезханұлы, еліміздегі діни ахуал ең күрделі мәселелердің қатарынан шығып үлгерді. Кейбір бауырларымыз қазақтың дәстүрі шариғатқа сай емес деп жатады. Сіз осы жөнінде не айтасыз?

– Бүгінгі таңда кейбір бауырларымыз қазақтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары ешқандай ислами негіздерге сүйенбейді, оның негізі жоқ, сондықтан одан барынша аулақ болған жөн деген көзқарасты ұстанады. Бұл өте сауатсыз және білімсіз түсінік. Негізінде, қазақтың көптеген дәстүр-ғұрыптары тікелей исламмен және оның асыл құндылықтарымен байланысып жатыр. Бұл тақырыпты айтудан бұрын бір мәселеге тоқталу керек. Ол қазақтың «қазақ», арабтың «араб» немесе өзге ұлттардың болуы, ең алдымен Алланың қалауы, Алланың пәрмені. Қасиетті Құранда «Уа, адамдар біз сендерді ұлттар және ұлыстар еттік» дейді («Хужрат» сүресі, 13-аят ). Алла Тағаланың өзі адамзатты осылай, ұлттар мен ұлыстарға бөлген. Тағы бір аятта: «Алланың бар және бір екендігінің белгілерінің бірі сендердің тілдеріңнің және түр, түстеріңнің алуан болуында» дейді («Рум» сүресі 22-аят). Яғни, жер бетіндегі адамдардың тілдерін, түр, түстерін, нәсілдерін түрлі-түрлі етуі, бұл Алланың қалауы. Оған ешкім ештеңе істей алмайды. Құранда «Уа, адамдар, мен сендерді бір еркек және бір әйелден тараттым, содан соң олардан көптеген адамдарды өрбіттім», — делінген. Ендеше, адамның ер және әйел болып бөлінуі қандай заңды болса, олардың түрлі ұлттар мен ұлыстарға, руларға бөлінуі де дәл сондай Алла Тағаланың жер бетінде орнатқан заңы. Оған тірі адам қарсы келе алмайды. Бұл мәселе шешілді. Ұлттар бар екен жер бетінде. Ал енді сол ұлтты ұлт ететін не нәрсе? Оның тілі, тарихы, жері және ең бастысы салт-дәстүрі. Егер бір елдің дәстүрі болмаса, ол ел болмайды. Ол бағыты белгісіз, тарихы беймәлім, келешегі бұлыңғыр жай ғана тобыр саналады. Әр ұлтты дінге байлап тұратын бір жібі ол – дәстүрі, әдет-ғұрпы. Бұл өте маңызды нәрсе. «Ғұрып» деген сөздің негізі де Исламда жатыр. Құранда мынадай аят бар: «Қарапайым бол, жақсылықты бұйыр және надандардан бет бұр» дейді. Осы жерде жақсылықты бұйыр дегенді «ъұрф» деген сөзбен келтірген Алла Тағала. «Ъұрф» деген сөз қазақтың «ғұрып» дегенімен сай келеді. Яғни, ғұрыпты бұйыр деген сөз. Ғұрып деген белгілі бір халықтың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі, олардың басып өткен ізі және ұрпағына қалдырған жемісі. Соны ұрпақ көзінің қарашығындай сақтауы керек. Әрине, қазақ салт-дәстүрді көктен алмаған. Бүкіл дәстүрлеріміздің астарын қарайтын болсақ, онда тазалыққа, жақсылыққа, адалдыққа, туралыққа шақыру жатыр.

– Нақты бір мысал келтіріңізші. Қазақта келін түсіру, беташар деген әдемі салт-дәстүр бар. Енді осы сан ғасырлық тарихы бар құндылығымызды, бұл қазаққа тән емес деп шықты кейбір жастар, осы жайында сөз қозғасаңыз.

– Беташар — ол тұнып тұрған Исламның құндылықтарының бірі. Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ең ірі сүннеттерінің бірі — танысу. Имам Термизидің хадис жинағында «Зухд» деген бөлім бар, сол жерде былай делінген: «Бір адаммен бауырлас болғыларың келсе, алдымен оның атын, әкесінің атын және қайдан, кімнен тарайтынын біліңдер», — деп айтқан. «Бұл сендердің бір-бірлеріңді жақсы көрулеріңе себеп болады», — дейді». Бұл жерде қысқаша айтқанда танысыңдар деп тұр. Ал енді келін бөтен рулы елден, бөтен рулы елге келеді. Сол жаңа келген жас келінді қалай таныстырады? Оны көшемен көше, үймен үй жүріп, мынау біздің келін деп айта ма? Олай айтуға мүмкіндік жоқ. Өйткені қарға тамырлы қазақ өте көп үйден тұрады. Ағайын-туыс, құда-жекжат, нағашы-жиен, көрші-қолаң, айта берсең өте көп. Соның бәрін аралап мынау біздің келін демейді, бәрін шаңырағына шақырып, өзінің келінін таныстырады. Бұл таныстырудың әдемі түрі. Олардың алдына шығарған жас келінді қалай болса солай алып шықпай оның басына орамал жауып, қазақи киім кигізіп шығарады. Сөйтіп перденің арғы жағында тұрған кешегі жас қызға сол елдің үлкен ақсақалдарынан бастап, бүкіл жұртты таныстырады. Танысу сүннет, діннің үлкен талабы.

Екінші мәселе неке қию. Бұл келінмен сол ауылдың жігіті неке қиюы тиіс. Ақ некенің шегізгі шарттарының бірі — жариялау. Міне, біз үйлендік немесе менің ұлым үйленді деп жария жасау. Егер, ерлі зайыпты немесе ер мен әйел жұрт көрмейтін бөлменің ішінде отырып «кел, екеуміз үйленейік» деп бас қосатын болса, бұл толық некеге жатпайды. Тіпті кейбір ғалымдар бұлай неке қию мәкруһ, жек көрінішті іс деп айтқан. Міне, мен үйлендім дегенді ер адам мойнына алуы керек. Болмаса, жұрт оған ертең неге сен әйеліңе қарамайсың деп дұрыс сөз айта алмайтын болады. Ақыретте де оған жүктелмейді. Сондықтан ол іс жария болуы тиіс, неғұрлым куәлердің, куәгер адамдардың көп болғаны абзал. Ал енді қазақ дүйім жұртты шақырып, «біздің ұлымыз үйленді, әулетімізге келін түсті» деп жария жасайды. Ендеше, жария жасау шариғаттың талабы.

Беташар жыры тек таныстырудан тұрмайды, жас келінге өсиет, жақсы-жақсы кеңестер айтылады. «Ерте тұр, үйіңнің тірлігін жаса, айналайын ақ келін, сауысқаннан сақ келін, өзің жатып, байыңа тұр-тұрлама келінжан, қаптың аузы ашық деп құрт ұрлама келінжан» деп, беташарда айтылатын әзіл болса да оның астында үлкен тәрбие жатыр. Егер насихат айтпайтын болса, тәрбие қалай жайылады? Осылай келген күннен бастап жас келіннің құлағына жақсы сөздерді құяды. Бұл кеңестерді тек келін ғана естіп қоймай, сол жердегі жас қыздар тыңдайды, бой түзейді. Кейін біз де бір елге келін боламыз деп. Қарасаңыз қазақтың бір ғана беташарында қаншама тәрбие жатыр. Ата-анаңды сыйла, үлкенге құрмет, кішіге ізет, мейірімді бол, балаңды дұрыс тәрбиеле, әдепті бол, ибалы бол, иманды бол деген сөздер тұнып тұр. Бұл өсиет исламның негізгі дәстүрлерінің бірі. Мұнда қай жерінде исламға қарсы әрекет бар? Қазақтың салт-дәстүрі исламмен біте қайнасып жатыр дейтініміз содан.
Әрбір аты аталған адамға келін сәлем салады, құрмет көрсетеді. Бұл да исламның негізгі талаптарының бірі. «Үлкенді құрметтемегендер, кішісіне ізет көрсетпегендер бізден емес» деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с). Өте ауыр сөз, бізден емес деген сөз мұсылмандардың санатынан аулақ жүреді дегенмен пара-пар. Демек үлкенді құрметтеу исламда бар. Бұл жерде келін сәлем салып өзінің ибасын білдіріп тұр. Тіпті қайындарына сәлем салады. Бұл құрмет, бұл ізет. Қайын жұртына келгенде ат тергейді. Қайын ағаларының атын атамау, қайындарын еркелетіп ат қою. Бұл келіннің алғырлығын көрсетсе, бір жағынан үлкенді сыйлаудың белгісі. Сыйлағаннан жас келіннің еш жері кеміп қалмайды. Кейін өзі жеңге, абысын, ене, бір елге ана болады. Оны өзгелерде дәл солай сыйлайтын болады. Беташардың астарында осындай саналы мағыналар жатыр.Бұл іс-әрекеттердің қайсысы шариғатқа теріс? Керісінше, осындай әдемі дәстүрге шариғаттың көптеген құндылықтарының басын жинап, ұрпақтан ұрпаққа сол жақсылықтарды жалғастырып келе жатыр. Бұл қазақтың даналығы, хикметті жақсы білетіндігі, бала тәрбиелеу, адам тәрбиелеу не екенін өте жақсы білетіндігі. Осыны дұрыс түсіну керек кейбір бауырларымызға.

– Қазіргі кезде кейбір жастар әдептен ада болып бара жатқандай көрінеді. Дастархан тәртібін дұрыс орындамайды. Бұрын үлкендер қариядан бата алмай дастарханнан тұрмайтын. Сіз не дейсіз?

– Дастарханға отырудан емес, келуден бастайықшы. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Тамақтың алдында және тамақтан кейін қол жуыңдар» дейді. Ал біз не істейміз? Келген қонақтың алдынан шығып, қолына су құямыз. Жас балалар қолына орамалын алып, тағзым етіп тұрып үлкен кісілердің қолына су құяды. Олар ізгі тілегін айтады, бата береді. Бұл кішкентай салт сияқты, бірақ мұнда үлкен сүннеттер жатыр. Кәзір үлкен кісілер үйге кіріп ас ішеді, солар қолын жуғанын жұрт көрсін, қолымен тамақ жегенде бір-бірінен тіксініп жиіркенбесін деген сөз. Жеп болған соң да, үлкендер тұрып әуре болмасын деп, жастар үйге кіріп, қолына шлапшынын орамалын алып, су құйып шығады. Міне мұнда екінші сүннет орындалады. Осының бәрі дәстүрімізде жатыр. Тамақ ішіп болған соң, сол жерде қызмет етіп жүрген келіндерге сарқыт береді. Ол не үшін? Сарқыт беру жаңағы ішілген, желінген ас бекерге ысырап болып қалмасын деген сөз. Көрдіңіз бе, қандай керемет салтқа айналдырып жіберген. Егер сол асты барып көшеге төгетін болса, кейбір еуропалықтар сияқты, онда бұл ысырап болар еді. Құранда «Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап етпеңдер, шын мәнінде Алла Тағала ысырап етушілерді жақсы көрмейді» деген аят бар. Ысырап еткендерді жақсы көрмейді, енді не істейміз қалған тамақты? Өзіміз жомарт халықпыз, келген қонаққа асты молынан саламыз. Тақұл-тықыл қылмаймыз. Малды сойып тастап, өзіміздің кең пейілді екенімізді білдіреміз. Сол үшін қалған асты «сарқыт» деген дәстүрмен келіндерге береміз немесе «асату» деген дәстүрмен жігіттерге асатамыз. Үлкен кісілер жастарды шақырып, міне кім қанша рет асайды екен деп, ет асатады. Қандай жақсы дәстүр. Ас қалмайды. Осы жерде бір жағы жастармен үлкендердің арасында диалог, байланыс болады, тәрбие жайында айтылады. Шариғаттың тағы бір ысырап етпеу туралы талабы орындалады. Біздің дәстүрлеріміздің астары осындай қайсысын алсақта. Мысалы, асарды айтсақ. Асар мұсылманның бауырмашылдығын білдіреді. Құранда: «Мұсылмандар, мүміндер бір-біріне бауыр, олай болса бауырластықтарыңды арттырыңдар» дейді. Оны қалай жүзеге асырады? Бір мұсылман үй салып, шөп жинап немесе бір іс жасап жатса, қасындағы ағайыны қарап отырса, бұл не болады? Дұрыс болмайды әрине. Сондықтан асарды ұйымдастырады. Бәрі келіп, бүгін бұл үйде, ертең арғы үйге көмек береді. Сонда он күн жасайтын жұмысты көптің көмегімен бір күнде бітіресің. Бұл жақсы ғой. Мұның бәрі тікелей дінмен тамырласып жатқан дәстүрлер. Яғни негіз жоқ екен, қазақ деген адасып жүрген ел екен деген сөз дұрыс емес. Қазақ мұсылмандықты жақсы біледі. Тамақты оң қолмен жейді, ол да сүннет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларға бір табақтан ас ішуді кеңес еткен. Не үшін? «Уа, Алланың елшісі, біз кейде тамаққа тоймай қаламыз» дегенде, «Олай болса, бір табақтан жеңдер және «бисмилләһ» деп жеңдер» деп айтқан. Қандай тәрбие қарасаңыз. Тұнып тұрған әдеп. Үлкендер асқа қол салмай жатып, ас жеуді бастамайды. Бұл да Пайғамбарымдың (с.ғ.с) сүннеті. Өкінішке қарай, соңғы кездерде дәстүрдің қисық жерлері бар. Мысалы, құдалықта ең сыйлы құдамыздың дорбасына тентек суды, арақты саламыз. Бір дәстүрге айналып бара жатқандай. Бұл өте қате нәрсе. Бұл қазақтың сан ғасырлы келе жатқан ұлы дәстүрін бұзу, бүлдіру. Одан аулақ болу керек. Арақ-шарап адамға еш уақытта бақыт әкелмейді. Тентек суды Алла Тағала, бүкіл ғұламалар бір ауыздан «харам» деген. Біз сол харамды ең сыйлы, жақсы көретін қонағымызға береміз бе? Бұл барып тұрған пасықтық, бұзықтық. Ол адамды алға сүйремейді. Ертең бір ғасыр өткеннен кейін, біздің ұрпағымыз осылай дорбаға арақ салып отыратын болса, онда біздің өте үлкен қателік жасағанымыз. Бізге бабаларымыз тек жақсы дәстүр қалдырды ғой. Тазалықпен, адалдықпен тәрбиеледі. Ал енді өзіміздің ұрпаққа не көрсетіп жүрміз? Сондай арам нәрсеге тәрбиелейтін болсақ, бұл өз тамырымызға, өзіміз балта шапқанмен тең.

– Ұлттық сана, қазақи тәрбие қалай басталуы керек. Біздің ұстаздар оқушыларға қосымша нені үйреткен дұрыс?

– Ұлттық сананы халықтық педагогика үйретеді. Бұл – өте терең ілім. Қазақ халқының бала тәрбиесі өзгеге ұқсамайды. Өзіндік бір керемет жолы бар. Аят, хадистермен астасып жатады. Бір қарасаң ұқсамайтын сияқты, бірақ мазмұнында сүттің ішіндегі май сияқты болып шариғат жатады. Оны ажырата алмайсың. Қайсысы дін, қайсысы дәстүр. Екеуі бір-бірімен қабысып жатады. Қазақта «құрсақ шашар» деген той бар. Бұл бір үйге жаңадан келін түсетін болса, сол келін жерік болатын кезде, сол үйдің енесі немесе үлкен кісілері дастархан жайып бүкіл ауылдың әйелдерін шақыратын болған. Әр әйел өздерінше ас пісіріп келеді. Сол үйдің өзі де түрлі-түрлі ас пісіреді. Сөйтіп дастарханға жаңағы келінді шақырады. Жерік келін қай асты көбірек сүйсініп жесе, оны байқаған үлкендер сол тамақты көбірек келінге дайындап беретін болған. Әзіргідей келіндер, табан астынан маған тұздалған қияр керек, кәуап жегім келеді деп жария етпеген. Ыммен, ишарамен білдірген. Қазақта мынадай жақсы сөз бар, «әйеліңе балаң жоқ жерде ақыл айт, ал балаңа адам жоқ жерде ақылыңды айт» деген. Міне педагогика, тәрбие, бұл не деген сөз? Балаңның көзінше әйеліңе ақыл айтып, оған теріс сөздер айтатын болсаң, ертең ол бала өз анасын қалай сыйлайды? Ана мен бала арасындағы қадір-қасиет бұзылады. Егер күйеуі әйеліне баласының көзінше ақыл айтып отырса. Соның ымын білдірмей айтудың жолы осы. Балаға да жұрттың көзінше сөз айтып, ақыл үйрететін болсаң, ол психологиялық тұрғыда өзін іштей жейді. Неге менің бойымда осындай кемшіліктер бар, мен жұрттан төмен екенмін ғой деп өзін жейді, ертең бұл жігіт ұяң, тартыншақ болып өседі. Соны қазақ бір ғана сөзбен әдемі айтқан. Енді не үйрету керек дегенге былай жауап берер едім. Қазіргі кезде рухани құндылықтар жұтаңдап тұр. Қазақ жігіттері рухани бай болу керек. Адам өміріндегі бірінші мектеп, бірінші медресе ол – отбасы. Сол отбасында алған тәрбие, оның бүкіл тәрбиесінің ірге тасы болып саналады. Сол жерде уызға жарымаған бала, саналы тәрбие алмаған ұл немесе қыз өскенде түрлі бағытқа кетуі әбден мүмкін. Сол үшін әрбір қазақ отбасында ұлға ұлдың тәрбиесін, қызға қыздың тәрбиесін нықтап санасына құйып, оны ешқандай арам пиғылдылар алдай алмайтын, рухы мықты, парасатты, мейірім дегенді білетін, құрмет жасай алатын, кез-келген теріс ойлыларға қарсы ақыл-ойы күшті қаруланған, сауап-обалды ақылына құйған, ислам құндылықтарын барынша меңгерген осының бәрін ол отбасында білу керек. Еңбекке баулу, бұл да үлкен тәрбие. Жалқаулықтың басты себебі, отбасында еңбекке үйретпеу. Бала жалқау болып өссе, ол өскенде еріншек маман болады. Мүмкін, жалқау мұғалім, жалқау дәрігер, жалқау инженер болса, бұл қасірет. Ол тек әулетке емес, мемлекетке, басқа жандарға зияны тиетін маман иесі болып шығады. Осындай мамандар қазақтың көсегесін көгертпейді. Ал жастай еңбекке үйір болған адамдар, ертең өскенде еліне пайдасы тиетін, сұранысқа ие, елі оның ісіне қызығатын, абыройлы азамат болады. Пайғамбарымыздың да (с.ғ.с) еңбек жайлы айтқан хадистері бар. Бір кісі күн сайын мешітке кіріп, «Ей, Алла, маған несібе бере гөр!» деп дұға етіп отырады екен. Оны көрген Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мен саған керемет бір дұға үйретейін бе, дейді? «Иә, үйретіңіз Алланың елшісі» дейді. «Онда бұдан кейін сен былай де «Уа, Алла Тағалам, кедейліктен және жалқаулықтан саған сыйынамын, осыдан сақтай гөр» деген дұғаны айтып жүр» дейді. Аңғарып қараңыз, не деген сөз. Кедейлік деген сөздің қасына, жалқаулық дегенді қосып тұр. Әрине, жалқаулар ғана кедей болады. Отырып алып көктен тілей берген дұрыс емес. Қазақ «берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» демей ме. Сол қазақ сөзі исламның хадисімен ұштасып жатыр. Ендеше, қазақ отбасында балаға берілетін қосымша тәрбие, оны еңбек сүйігіштікке үйрету. Одан кейін ата-анасынан ол имандылықты көру керек. Әке немесе шеше үйде бұрқыратып темекі шегіп, арақ сіміріп отырса, өтірікті шықпыртып айтса, әдепсіз қылықтарды жасағанын көріп өскен балаға сен том-том өсиет айтсаңда, ертең сол нәрсені істейді. Өйткені ол естігенін емес, көргенін жасайды. Сондықтан ата-ана балалары иманды, әдепті болсын десе алдымен өздері соған лайық болу тиіс. Соларға қарап бой түзеп өсу керек бала.
Екінші мәселе, ол – мектеп. Мектеп баланың екінші үйі деп жатады. Мектептің бағдарламасын жасаған кезде, сол 11 жылдық білім жоспарының ішінде үлкен тәрбиенің қайнар көздері жатуы керек. Кәдімгідей қалыпты түрде қосу керек сабақ кестесіне. Тәрбиесіз білім, адамды жақсылыққа апармайды. Білімнің қасында, тәрбие жүрген кезде ғана ол баладан жақсы адам шығады. Ал тәрбиесіз білімді болса, ол өз еліне де, ата-анасына қарсы шықпайды деп ешкім кепілдік бере алмайды. Менің білім ордаларында байқайтыным, тек мәлімет жаттаумен айналысатын сияқты оқушылар. Мысалы, соғыс 1941 жылы, басталып 1945 жылы бітті. Абылай Хан мына жылы туылды, Пугачев көтерілісі мына жерде болды деген секілді мәлімет жаттайды. Ал құр мәлімет жаттау ол тәрбие ма? Мәліметті кім көп жаттаса, сол жақсы оқушы, мәліметті аз білетін нашар оқушы болып есептеледі. Тек қана мәлімет адамға білім болмайды. Білім қашан іске асады, сол кезде ол білім болады. Геометрия сабағында: ертең үй соққанда мына формуланы қолданып құрылыстың диагоналін шағарасың деп үйретіп, сен соны іс жүзінде қолдансаң ол білім «білім» болады. Географиядан, сендер өскенде мына елдің мәдениетін біл, мына елдің өркениетін біл, ол елде мына тілде сөйлеседі деп құлағына құятын болса, ол керек кезде нәтиже береді. Мысалы, өтірік айтпа, адал бол, жалқау болма дегенді мектеп айтпаса, кім айтады? Ал тәрбие сағатында бүгінгі тақырып мынау деп 45 минутты өткізіп жіберіп, сабақ біткен соң балалар төбелесіп жатса, ол далаға кеткен тәрбие сағаты. Ал сол тәрбие сағатын жанашырлықпен, арнайы дайындалып, қыздар сағатын өткізіп, ол жерде бұрынғы үлкен әжелердің тәрбиесі айтылса, әдепті түсіндірсе. Сонда ертең кіндік ашып, омырауын жұртқа жария қылмайтын қыздар өседі. Жартылай жалаңаш жүру батыстың жеңіл жүрісті қыздарының әдеті. Олар, бізді танысын деп солай киінген. Қалталы азаматтар білсін деп кіндігін ашып, бөксесін бұлтыңдатып жүрген. Ал біз соны күнделік киімге айналдырып алатын болсақ, онда не болғанымыз? Біз барып тұрған сормаңдай ел боламыз. Осы мәселені қыздар кеңесінде дұрыстап түсіндіру керек. Сен мұсылмансың, сен қазақ қызысың, етек-жеңінді қымтауың керек, есті қыз етегін жауып жүреді деп. Осы тектес тәлім-тәрбие бере алмасақ, ертең біз кімге өкпелейміз? «Жұрттың бәрі киіп жүр ғой» деген оймен бұлай жасамау керек қазақ қызы. Бұл барып тұрған қасірет. Мектепте сен бір үйдің келіні боласын деп айтпаса, ана-атанасың, сен де бала тәрбиелейсің деп ақыл-кеңес берілмесе, ол барған жерінде қалай бақытты болады, келінге тиісті міндеттерін білмесе. Содан ұрыс естиді, күйеуімен сөзге келіп қалады, енесінен сөз естиді, сөйтеді де бір күні мен шыдай алмаймын деп ажырасады. Ажырасқандардың көп себептерінің бірі — осы, келіндікке дайын болмауы. Әрине, таяқтың екі ұшы бар. Ер-азамат та кінәлі. Өзінің жауапкершілігін дұрыс атқармағаны үшін. Ол бір әулетті бақытты етемін деп баруы керек. Сондай мақсатпен барған адам, шынында да барған жерін бақытты етеді. Осының бәрі жастарға мектепте дұрыстап оқытылуы тиіс. Ертеңгі елдің болашақ аналарына тағылымды тәрбие берілетін болса, ешқандай жау бізді ала алмайды. Жастар теріс ағымға қалай түсіп кетіп жатыр? деп айтамыз. Қалай түспейді, оларға біз түсіндірмесек, яғни өзіміз ең әуелі жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты түсініп алмай кімге өнегелі әңгіме айтып, кімге тәрбие бермекпіз? Ал соған себеп болып жатқан нәрсе не? Себеп, дұрыс тәлім-тәрбие берілмей келе жатқаны. Білікті ұстаздар жоқ деп айта алмаймыз, өзінің бүкіл ғұмырын ұстаздық жолында өткізген небір жандар бар. Олар тәрбиелеген оқушылардың ұстанымдары мықты. Бірақ олар аз. Сол үшін дәстүрімізге берік болуымыз керек, жастардың тәрбиесіне салмақты қарап, саналы ілімді бойына сіңіруіміз қажет. Сонда ғана қазақ елі рухты, ұлттық санасы қалыптасқан, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы сақталған, болашағы айқын, қадамдары нық ел болады!

— Әңгімеңізге рахмет!

Дастан АСҚАРҰЛЫ.