АТҚАРЫЛҒАН АУҚЫМДЫ ІСТЕР АЗ ЕМЕС, КЕЗЕГІН КҮТКЕН ШАРУА ДА ЖЕТЕРЛІК

343
0


Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев Ордабасы өңіріне тағы ат басын бұрды. Бұл жолы өңір басшысы Шұбар ауылында болып, ауыл және аудан әкімдерінің есебін тыңдады.

Алмасбек Мамытбеков Ордабасы ауданының тізгінін қолына алғанда оған үмітпен қараған да, күдікпен қараған да болды. Әйтсе де, идеология саласында шыңдалған Алмасбек Кеңесбекұлы облыс орталығымен шектескен, 118 мыңнан астам тұрғыны бар Ордабасыны өркендету жолында өзінің іскерлігін таныта білді. Бүгінде қасиетті өлкенің барлық өзекті мәселелеріне қаныққан аудан басшысы тың жобалар мен түзілген тиянақты жоспарды жүзеге асыруға күш салмақ. Бұл жөнінде А.Мамытбеков есепті мәжіліс кезінде баяндады.

Жиын барысында белгілі болғандай, Ордабасы ауданының бюджеті 2016 жылдың басында 11 млрд. 003 млн. 471 мың теңгеге бекітіледі де, жыл ішінде бұл көрсеткіш 3 млрд. 382 млн. 164 мың теңгеге ұлғайып, 14 млрд. 385 млн. 635 мың теңгені құраған, оның ішінде жергілікті кірістер 1 млрд. 160 млн. 010 мың теңге немесе 414 млн. 295 мың теңгеге артқан. Салықтардың кіріс жоспары 1 млрд. 945 млн. 394 мың теңгенің орнына 2 млрд. 269 млн. 917 мың теңге түсіп, 116,7 пайызға орындалған.
Ордабасының күре тамыры — ауыл шаруашылық саласы. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыс нәтижесінде өткен жылы 29 млрд. 433 млн. 800 мың теңгенің өнімі өндірілген.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі бүгінде 54 384 гектарға жетті. Тамшылатып суару әдісі қосымша 715,6 гектарға енгізіліп, жалпы көлемі 4524,6 гектарға жетті. Ауданда 68,45 гектарда 84 жылыжай орналасқан, олар жылына 5000 тонна көкөніс өткізуде. 2016 жылы аудан бойынша 55 жаңа ауылшаруашылық техникалары алынып, жалпы ауылшаруашылық техникасы 1460 дананы құрады. Мыңнан астам ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 9 кооператив, 3 МТС құрылды.
«Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларымен өткен жылы 6542 мал сатып алынып, 10-15 басқа арналған 39 жанұялық ферма іске қосылды.

Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі де жылдан жылға артып келеді. Мәселен былтыр жалпы өнімнің көлемі 15 млрд. 197 млн. 197 мың теңгені құраса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 10 млрд. 245 млн. 942 мың теңге болған. Бұл бағытта Ордабасы ауданы облыста көш бастағанын атап өткеніміз жөн.
Ауданда 2 индустриалды, 1 өндірістік аймақ бар.

Ұлттық қор есебінен бүгінде Қазақ-Түрік индустриалды аймағының және іргелес орналасқан өндіріс нысандары инфрақұрылымдарының құрылысы жүргізілуде.

Бадам ауыл округіндегі Қазақ-Түрік индустриалды аймағының (аумағы 50,0 га 30,7 га бос) 19,3 га жер теліміне 13 млрд. 480,5 млн. теңгенің 8 инвестициялық жобасы (828 жұмыс орны) өңірлік үйлестіру кеңесінің оң қорытындысымен аймаққа орналасуға мүмкіндік алды.
Шұбар индустриалды аймағының (аумағы 93,0 га 78,5 га бос) 14,5 га жер теліміне 1 млрд. 719 млн. 700 мың теңгенің 5 инвестициялық жобасы (205 жұмыс орны) іске асатын болды.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен пайыздық ставкасын субсидиялау желісі бойынша 4 жоба 1 млрд. 257,37 млн теңгеге, инфрақұрылымды дамыту желісі бойынша 4 жоба 6 млрд. 680,0 млн. теңгеге, гранттық қаржыландыру бойынша 2 жоба 4,3 млн. теңгеге мақұлданып, 158 жұмыс орны ашылды.

Шағын кәсіпкерлікпен өндірілген өнім мен көрсеткен қызметі 2015 жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға өсіп, өндірілген өнім (жұмыс, қызмет) көлемі 42 млрд. 362 млн. 100 мың теңгеге жетіп, одан түскен салық көлемі 635 млн. 500 мың теңгені құрады.
«ЫРЫС» микронесиелік ұйымы арқылы төменгі пайызбен 141 жобаны қаржыландыруға 291,4 млн. теңге көлемінде несие берілді (59,5% егін шаруашылығына, 1,9% жылыжайға, 38,6% мал шаруашылығы).
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 345 млн. 100 мың теңгеге 124 жоба қаржыландырылды (3,8% жол тасымалдау, 5,7% жүк тасымалдау, 3,8% жылыжайға, 1,9% көлік жөндеу, 84,8% мал шаруашылығы).
«ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы арқылы 550 млн. 400 мыңға 2 жоба қаржыландырылды (96,6 % жылыжайға, 3,4% ауылшаруашылық техникасын алуға).

Коммуналдық баспана құрылысын салу ісі де біршама үзілістен кейін қайта қолға алынды. Мәселен, Темірлан ауылында 14 екі пәтерлі коммуналдық тұрғын үй құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен 379 млн. 259 мың теңге қаралды. Жоспар бойынша биылғы жылы пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, Шұбарсу ауылындағы Б. Нұрлыбеков атындағы орта мектептің 300 орындық оқу ғимараты және спортзал құрылысы, Ақжол ауылындағы 300 орындық мектеп және Мамыр ауылында қабырғасы қаланған 200 орындық мектеп құрылыстары биыл аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Аудан аумағында әлі де таза ауыз су құбырымен қамтылмаған 18 елді-мекен бар. Осы ауылдарды 2020 жылға дейін толық таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін кезең-кезеңімен жоспар түзіліп, сәулет-жоспарлау тапсырмасы, жобалық сметалық құжаттамалары жасақталуда екен.
Аудан әкімі Алмасбек Кеңесбекұлы 2016 жылғы есеп кезінде тұрғындардан 139 ұсыныс-пікір түскенін, барлығы дерлік сараланып, іске асыру іс-шаралар жоспары бекітілгенін жеткізді. 139 ұсыныс-пікірдің 53-ші нақты шешімін тауып, 19-ы 2017 жылдың бюджетіне, 7-уі 2018-2019 жылдардың бюджетіне ұсынылғанын, 19-ы « Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық жобасына енгізілгенін, 25-і тұрақты бақылауға алынғанын мәлімдеді.
«Атқарылған тірлік аз емес, кезегін күткен шаруа да жетерлік» деді аудан басшысы тұрғындармен өткізген кездесуінде. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында 2017 жылы ауыл шаруашылық және өнеркәсіп саласында жаңа өндіріс орындарын, ауылшаруашылық өнімдерін тереңдетіп өңдейтін шағын кәсіпорындар ашу арқылы жұмыссыздықты жоюды, сол арқылы жергілікті бюджетке түсетін салықтардың түсімін арттыруды, ел игілігіне қажетті әлеуметтік нысандар құрылыстарын жүргізуді жаңа меже етіп белгіледі. Сонымен қатар, жоспарларын да көпшілік назарына ұсынды. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, 2017 жылға арналған ауданның бюджеті 14 млрд. 817 млн. 139 мың теңге болып бекітілген. Алғашқы жартыжылдықта Шұбар ауылындағы дәрігерлік емхананың, Қажымұқан ауыл округіне қарасты Амангелді ауылында, Қараспан ауыл округіне қарасты Сарыарық ауылында фельдшерлік-акушерлік бекеттердің құрылыстарын аяқтау жоспарлануда. Жастарды спортқа баулу мақсатында Темірлан ауылынан жабық кіші футбол алаңшасы ашылмақ.
Баяндамаларды тыңдап болған соң облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы сөзін тұрғындарға арнады. Кәсіпті игеру ешқашан кеш еместігін айта келе, заманның ағымына ілесу үшін сол заманға бейімделу қажеттігін алға тартты. Әр азамат өзінің Отаны алдындағы міндеттері мен борыштарын білу керектігін де еске салды. Ұлы істер кішкентай ғана әрекеттерден құралатынын ұғындырды.
Дана Абай айтпаушы ма еді, «Үш-ақ нәрсе — адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», — деп. Осы үш қасиетті ту етіп, ел басқарған азаматтар халықтың сенімін ақтасын дейміз. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді». Осыны ұмытпасақ, барлығы жақсы болады!

Қыдыр ҚАЛИЕВ.

(«Уақыт» газеті №3 (222).