«УАҚЫТТЫҢ» КАМБЭГІ

363
0


Өткен жексенбіде ақпарат және байланыс қызметкерлері мен блогерлер арасында шағын футболдан турнир өтті. Бұл жарыс аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 105 жылдығына орай ұйымдастырылды. Жарыстың ашылуына «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, ОҚО мәслихатының депутаты Өмірзақ Мелдеханов қатысып, ойыншыларға сәттілік тілек, Дінмұхамед Ахметұлының өмірі жайында қысқаша баяндап берді. Доп додасына 12 команда өтініш берген. Бұл ұжымдардың ішінде жарысқа тұрақты қатысып жүргендерден гөрі додаға жаңадан қатысқан командалар сенсация жасауға шақ қалды.

Бәсекелі турнирге «Erniyaz Media Group» және «Уақыт» командалары фаворит ретінде қатысып, өз мықтылығын тағы бір рет дәлелдеді. Жарысқа «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «ON.KZ», «Erniyaz Media Group», «Уақыт», «Фейсбук Юнайтед», «Блоггерлер», «Оңтүстік Қазақстан», «Қазақстан-Шымкент», «НАР-тв», «ТВК», ОҚО жас туристтер станциясы және жарысты ұйымдастырушы «Time security» күзет агенттігі командалары қатысты.
Ережені әдеттегідей төрешілер түсіндіріп, жеребе тартылып, алғашқы топтық ойындар қызыққа толы сәттерімен басталды. Кейбір кездесулер тең есеппен аяқталып жатса, басқаларында он голдан көп доп соғылып жатты. «Уақыттың» алғашқы кездесуі «НАР-тв» командасымен болып, ірі есеппен газет саласының жігіттері қарсыласын жеңді. Ол жеңілісімен «НАР-тв» командасы еңсесін түсірмей, «Уақыт» ұжымымен ілесе жартылай финалға дейін шықты. Ең қызық, әрі ауыр және жауапты ойындар дәл осы жартылай финалда болары айтпаса да түсінікті. Егер ұтсаң финалда ойнайсың. Бұл бәсте «Time security» ұжымы біздің командадан мықты болды. Күзет агенттігі болған соң да ол команда күштілеу болғаны дұрыс шығар. Тілшілер секілді ол жігіттер мақала жазбай, керісінше спорттық залда күнде шынығып, спортты жандарынан тастамайтыны белгілі. Соның өзінде кездесудің бірінші таймы тең есеппен аяқталды. Екінші таймда «Time securityдің» футболшылары қатарынан екі гол соғып, финалға жолдама алды. Екінші жартылай финалдық ойында «Erniyaz Media Group» ұжымы «НАР-тв» командасын финалдан қайтарды. Финалдық ойында күзет агенттігінің жігіттері жеңгенімен, үшінші орын үшін талас ақтық сыннан қызық болды. Нағыз ақпарат саласында жүрген жандардың доп тепкені, гол соққаны көпті қызықтырды. «Уақыт» командасы қайтадан бір топтан шыққан «НАР-тв» ұжымымен қола үшін бақ сынасты. Алғашқы ойында жеңген біз еркінсіп жүргенде, қарсылас үстін-үстіп топырлатып біздің қақпаға әзірге қайтарымсыз төрт гол соғып тастады. Командамыздың капитаны Талғат Балтабаев алаң сыртында шырылдап, өз нұсқауларын беріп, жігіттердің рухын жанып жатты. Осыдан «Уақыттың» камбэгі басталды. Екінші таймның жартысынан өткенше екі гол соғып үлгердік. Төреші сағатына қайта-қайта қарап жүр. Біздің капитан уақыт аз қалды деп айқайлап жатыр. Соңғы шабуылдардың бірінде үшінші гол соқтық. Бүкіл командамызбен шабуылда жүрміз. Соңғы секундтар қалғанда біздің команда бұрыштама көтеретін болды. Ол сәтті орындалып, гол соғып, төреші ойын пенальти арқылы шешілетінін айтты. Әлемдік футбол жарыстарында мықты деген құрамалардың өзі пенальти сериясында жеңіліп қалған жағдайларды көпшілігіміз білеміз. Сонымен алғашқы соққыны «НАР-тв» ойыншысы теуіп, оны қақпашымыз қайтарды. Екінші добын айдалаға тепкен қарсылас команда сонымен төртінші орынды қанағат тұтты. Осылай «Уақыт» командасы жүлделі үшінші орыннан көрінді. Жарыс соңында ойыншыларға арнайы номинациялар беріліп, жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Аталмыш жарысты ұйымдастырушы Болат Байжан мырза шара соңында мұндай турнирлер алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіп отыратынын айтты.

Қ.ЖАҚСАНОВ.

(«Уақыт» газеті №3 (222).