БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖАҢА БАСТАМАЛАР КӨП

Жаңа оқу жылының қарсаңында Жетісай ауданында 300 орындық бір мектеп ел игілігіне тапсырылмақ. Бұдан бөлек, тағы 3 мектептің құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, тамыз айында 300 орындық 4 мектептің қазығы қағылып, іргетасы қаланса, 2 нысанға мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Сондай-ақ, алдағы жылы Жетісай қаласында 500 орындық емхана пайдалануға берілетін болады. Ал, Асықата кентіндегі «Жеңіс» жалпы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарын 1–қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ол үшін қосымша қол күші тартылып, құрылыс жұмыстары үш кезеңде жүргізілетін болады. Бүгін осы және өзге де өзекті мәселелер туралы аппарат отырысында Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті.
Жиын барысында Жетісай қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді модернизациядан өткізу барысы да сөз болды. Бүгінге дейін қала басшылығы 2 тұрғын үйді модернизациядан өткізіп үлгерген. Нақтырақ айтсақ, аталған 2 үй орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Атқарылған жұмыстардың өте баяу жүргізіліп отырғанын сынға алған аудан әкімі бұл жұмыстарды алдағы екі айда толық аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, қаладағы санитарлық тазалық жұмыстарын барынша күшейтуді жүктеді.
Жиында сондай-ақ, мақта суғару науқаны, жаңа оқу жылына дайындық, ағын су мәселелері де жан-жақты талқыланды.
09

ПІКІР ЖАЗУ