Тұрар АХМЕТОВ, Шымкент қаласы туризм басқармасының басшысы: «БІЗДЕ ҚОНАҚ ҮЙ БИЗНЕСІ ЖАҚСЫ ДАМЫҒАН»

Тұрар АХМЕТОВ, Шымкент қаласы туризм басқармасының басшысы: «БІЗДЕ ҚОНАҚ ҮЙ БИЗНЕСІ ЖАҚСЫ ДАМЫҒАН»

Қазақстандағы табиғат  туризмді дамытуға өте қолайлы. Мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз де сырттан келетін қонақтардың таң қалдырып, таңдай қақтырарлықтай. Соған қарамастан Қазақстанда шетелдерге шығатын туристердің саны ішкі туристік ағыннан екі есе дерлік көп. Оның басты себептері, тиісті ұсыныс пен инфрақұрылымның жоқтығымен қатар, ақпараттың жетіспеушілігі де кері әсерін тигізіп отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған жолдауында

«Бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады. Үкімет виза мәселелерін жеңілдетуді, инфрақұрылымды дамытуды және туризм саласындағы кедергілерді алып тастауды қамтитын кешенді шаралар қабылдауы керек» деп баса айтқан болатын.

Осы мақсатта ішкі туризмді одан әрі ынталандыру және ел ішінде өңірлердің туристік потенциалы туралы халықты хабардар ету мақсатында “Kazakh Tourism” ҰК” АҚ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша ақпараттық турлар циклін өткізуді қолға алуда. Соның негізінде бірінші ақпараттық тур барысында Батыс Қазақстанның 4 өңірінің туроператорларынан құралған топ ағымдағы жылдың 20-30 мамыр аралығында Нұр-сұлтан мен Бурабайға барып, Шымкент және Сарыағаш қаласында, сосын Алматыға, одан кейін Шығыс Қазақстан облыстарының туристік орындарына баратын болады.

Туроператорлардан құралған топтың Шымкентке аялдайтын уақыты 22-мамырға жоспарланған.  Осыған орай  Шымкент қаласының туризм басқармасы жергілікті қоғамдастықтармен бірлесе қонақтарға үшінші мегаполистің басты нысандарын көрсетіп, жергілікті компаниялармен b2b кездесулер өткізбек.

Шараның мақсаты – қаламыздың ішкі туризмін дамыту, басқа өңірлермен туристік байланыстар орнату және өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылау.

– Халықты еліміздің туристік мүмкіндіктері жайлы ақпараттандырып, оларды өз елімізде саяхаттауға ынталандыру керек. Әлбетте, бұл жұмыстың басында Қазақстан бойынша турларды жасақтап, жарнамалап, сататын отандық туристік компаниялар тұрады,-деді жиында сөз алған Шымкент қаласы туризм басқармасының басшысы Тұрар Ахметов.

Сонымен қатар басқарма басшысы Тұрар Ахметов Шымкенттің туристік әлеуетіне тоқталып, мұндағы әртүрлі табиғи объектілер, өзен-көлдердің көптігіне назар аударды. Бұл туралы ол:

– Ұлы Жібек жолының бойындағы ең шұғылалы шаһарда туристік объектілер, парктер мен демалыс орындары баршылық. Бізде қонақ үй бизнесі жақсы дамыған. 106 қонақ үй бар. Туристік қызметтеріміз де әр алуан, – деді.

Былтыр Шымкентке шетелден және еліміздің түкпір-түкпірінен 178 мың туристтің табаны тиген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық.

ПІКІР ЖАЗУ