«Жақынның бәрі – жарамсақ алыстың бәрі – арбағыш…»

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА – қайсар қазақ. Ен жайлаған еліміздің қасиетті топырағының батысының тумасы. Жорналшылдығы бар: жеке газеттер мен сайттардың иесі. Кедей емес-ау, бірақ, бай-шонжардың да қатарынан көрінбейді. Сірә, орташа шаруа: алтын белдеудің белбаласы. Бұл белдеудің басымының бәсі белгілі: «Сен тимесең, мен тимен…».
Дегенмен, Қажымұқан басқаша болмысты. Қарынының тойғанын қанағат қылып, қамсыз жата алмайды. Орыспен шекаралас аймақтағы ит арқасы қиянда жүріп, «ереулі атқа ер салып, егеулі найза қолға алып», Арқадағы атқамінерлерге тұра-тұра ұмтылады…
Сондағы мақсұты: жеке басының қарекеті емес, қазағының қамы…

– Қажеке, соңғы жарты жылда, дәлірек айтсақ, былтырғы Жаңаөзен қасіретінен кейін Қазақстанда көп нәрсе өзгеріске ұшырады. Ең маңыздысы, ресми биліктің таңның атысынан, күннің батысына дейін  «Біз тұрақтылықтың символымыз», «Әлемдегі алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарына кіреміз» дейтін таңғажайып ертегілерінің күлі көкке ұшты. «Қысыла-қысыла қыз болдым» демекші, соңғы жиырма жылда қорқа-қорқа әбден қажыған халықтың шыдамы шегіне жетті. Адамның қаны төгілді – қазақтың қаны төгілді… Күллі әлемге үлгі болуға ұмтылған қазақ билігі өзінің халқын қуып жүріп, желкесінен оқ атудан арғыға дәрменсіз болып шықты…
…Ақтау мен Шетпедегі соттардың барыстары біздің барлық құқық жүйесінің іріп-шіріп, бойкүйездік пен қорқақтыққа, жалпақшешейлік пен ләппайлыққа, әділетсіздік пен жемқорлыққа белшесінен батқанын айқын көрсетті. Қалың бұқараның жекелеген прокурорды немесе сотты емес, тұтас жүйені, қыруар мемлекеттік құрылымдарды түбегейлі өзгерту қажеттігіне анық көзі жетіп, терең түйсінді. Есеңгіреген ел есін жия алмай отыр, әлі?

– Есеңгіреу емес, есі бардың түгелі есінен танып жатыр, қазір…

– Қазақ ежелден: «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап» дейді. Былтырғы Жаңаөзен қасіреті – ғасырдан ғасырға кететін қасірет. Ешкім де, ештеңе де адамның қанын тарихтан өшіре алмайды…
Асанәлі ӘШІМОВ ағамыз таяудағы бір сұхбатында: «Қазақ шыдамағаннан кейін жарылыс жасайды. 1986 жылғы Желтоқсан, әнеугүнгі Жаңаөзен. Басқа барар жер жоқ. Қазақ өзі шыдамды халық. Нан мен суы болса, сонымен отыра береді. Ал, нан мен суды тартып алған кезде, шыдамайды. Сонда ғана бұрқ етеді. Оған жібертпеу керек.» депті…
Қазіргі қазақ билігінің төл қателігін аз-кем жеңілдете алатын, халыққа жарты қадам жақындай алатын жалғыз мүмкіндігі бар. Ол – Жаңаөзен оқиғасының ойдан құрастырылып, қапасқа қамалған жасанды «жазықтыларын» – қант-шәйін әзер ажыратқан қарапайым жұмысшылар мен мұнайшыларды – таза ақтап, бостандыққа шығару. Ол – Жаңаөзен қасіретінің нақты ұйымдастырушылары мен орындаушыларын, жан-жаққа бытырай қашып, жан сауғалаған халықтың артынан өкшелей қуып, көздеп атып өлтіргендерді, Жаңаөзен мен Шетпенің көшелерінде жұртты тонап, жәбір көрсеткендерді анықтап, қылмыстарын дәлелдеп, қатаң жазалау…
Мінеки, осыдан кейін ғана намысқой ұлттың аттан түсіп, намыс алдаспандарын қынабына салуы мүмкін. Бұл – халықтың билікке сенуі емес. Бұл – тек алғашқы қадам ғана…

– Қазіргі өзегін құрт кемірген жүйенің «құдіреттілігі» сонша – айрықша ардақты азаматымыз, мұқым қазақтың мақтанышы, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтың алып кемесінің желкенін басқа бағытқа бұрды. Өзіңіз ашынып, «Ақылдың адасуы» деп атаған мұндай шешімнің өзі сасқан үйректі көз алдыңызға елестетпей ме?

– Тоқтар Әубәкіров ағамыздың шешіміне қатты қапа болып, ашу-ызаға булығып, қайраусыз қанжар ұрғандай, шалт қимыл жасағаным да рас. Әйткенмен, қазақтың ұлтшыл да намысшыл ұрпағына Жан Клод Вандам емес, Тоқтар Әубәкіровтей батылдықтың символы, батырлықтың үлгісі ауадай қажет…
Тоқтардың таудай тұлғасын кішірейтуге ұмтылғам жоқ, бәлкім, ағамызға көпке «наз айтқан» жарнамалық тордан бас тарту керек пе еді, деп ойладым. Әубәкіров оппозицияға келгенде, көптеген отандастары соңынан еріп, сенім артты. «Айрықша абыройлы тұлға шыңғырған шындықты жайып салады, елде әділеттіліктің орнауына, қазақтың тұрмысының түзелуіне, ұлтының шынайы бостандыққа қол жеткізуіне ықпал етеді, мемлекеттің басшысына да, шұбырған қосшысына да жанды жеп, жүрекке тиетін балама ойлар айтады, биліктегі ұры-қарыларды, олигархтар мен кландарды орнына қояды, өзінің орасан пайым-пікірлерімен, ұтымды ұсыныстарымен ұлтының рухын оятады», деп үміттенді…

–    Сіздіңше, сол үміт ақталмады ма? Немесе, ақталмаған болар?
Толықтай болмаса да, белгілі бір дәрежеде Тоқтар Әубәкіровтың оппози¬цияға келуі – оң нәтиже берген секілді. Олай дейтінім, кетуге бел шешкен Тоқтарға кешегі  оппозиционер-әріптестері ит қосып, топырақ шашпай: «Қазақтың Гагарині» деп, жылы жауып қоя салды?

– Бізге Гагариннің не керегі бар, бізге керегі Әубәкіров! Өз батырымызды орыспен немесе басқамен қабаттастырып-салыстыратын жаман қадеттен арылуымыз керек. Гагаринмен орысы мақтана берсін, өз басым, Әубәкіровты ешкіммен салыстырмаймын да, қабаттастырмаймын да!..

– Сіз Ресеймен шекаралас облыста туып-өстіңіз. Орысқа өштігіңіз соның салдары ма? Бір мақалаңызда атақты режиссеріміз Талғат Теменов туралы: «Талғат ағамыз кешегі кеңестің «Жолдас!» деп жағы талмайтын заманында «күшігінде таланғанған» сабалақтай, орысты орынды-орынсыз мақтап, тілін былғапты. Талғат жолдас орыстардың Қазақ елінен кетпеуін өтініп, зар еңірепті. Орыстардың ата-бабаларының сүйектері қазақтың жерінде жатқанын айтыпты. Олар – басқыншылар мен зорлықшылардың сүйегі…» – деп, әжептеуір абыройлы ағамыздың «сазайын беріпсіз»?

– Мен орысқа да, басқаға да өш емеспін. Мен қазаққа доспын, шынайы доспын, менің қазағым өзінің ата-бабасының қасиетті топырағында теперіш көрмей, шалқып-шалқайып, лайықты өмір сүруге тиіс, деп ойлаймын.
Талғат бауырыма да айтарым: «Біз, алдымен, тоғыз миллионнан асар-аспас қазағымызды жарылқап алайық!». Алпыс миллионнан асып-жығылатын орыс Тәкеңдердің адвокаттығына мұқтаж емес…
Қазақ еліндегі ең мұқтаж ұлт – қазақтар! Тоқаң да (Тоқтар Әубәкіров), Тәкең де (Талғат Теменов) де, мыңдаған Мәкеңдер мен сансыз Сәкеңдер де қазақтың мұқтажын түгендесін, рухын көтерсін, тілін қорғасын!!!

– Талғат аға Теменов те осынау ұлы мүдделердің жолында жүрген жоқ па? Таланты мен бар күш-жігерін сарп етіп, таяуда әлемдік классиканың қазақы нұсқасын асқан шеберлікпен көрсете алды?

–  Сөз жоқ, Проспер Мерименің «Кармені» француз ұлтының аймағынан алыстап, әлемдік әдебиеттің жауһарына айналған орасан шығарма. Кез келген талаттының өзі парқына тереңдей бермейтін пайым-парасаты тұңғиық, қасірет-қайғысы қырықбатпан, сезім-теңізі асып төгілген шалқар дүние…
Талғат ағамыздың батылдығы сонда: әуелгі либреттосы ақ өлең¬мен жазылған «Карменнің» дәстүрін сақтап, өзі де төрт аяғын тең басқан ақ өлең мен жазып шықты және осынау інжу-маржанды көшіріп-қайталай салмай, қазақи болмысқа жақындатып, ұлттық құндылыққа бейімдей алды. Тәкеңнің сезгіштігі мен көргіштігіне, талғамы мен талантына тәнті боласың…
Бірақ, саясат – басқа мәселе. Сығандарды қорғап: «Біздің түйені түгімен жұтып жатқан алпауыттардың жанында олардың (сығандардың) ұсақ көзбояушылығын сөз етуге тұра ма?» – дегені сығанды қорлау мен қазақты кемсітуден басқа ештеңе емес…
Сосын, би патшайымы Майя Плисецкаяның: «Карменді» билеу менің өмір бойғы арманым еді, мен сол арманыма жеттім» – дегенінен көкірегі ояу көп адам хабардар. Ал, «қазақ өнерінің өрісті өкілдірінің бірі» деп жүрген Талғат Теменов: «Әрі беріден соң, Майяның қасында Мырзан Кенжебай деген кім?» – деп, кекірейіп, кекірігі азады. Плисецкая мың жерден атақты, жүз жерден талантты болса да, намысшыл азамат өз бауырын, өз қанын, өз қазағын жаттың аяғына таптатпауы керек қой?!. Сабыр Адай дейтін дүлей ақын бар, Ақтауда. Сол Сабыр: «Әр қазақ менің жалғызым!» деп, «жылап-еңірейді»…
Қазіргі таңда қазақтың халі мүшкіл болып тұр. Тағы да Талғат ағамыз: «Кета дейтін балық болады.  Асау ағысқа қарсы жүзеді. Арпалысып, діттеген жеріне, көздеген арман-мақсатына жеткеннен кейін өледі. Өзін құрбандыққа шалады. Жалпы, суреткер де сондай болуы керек.» – депті. Дұрыс қой, өнерсіз халық болмайды. Бірақ, қазақ болмаса, өнерің кімге керек?!. Тәкеңнің өзі көңілі марқайған бір қойылымынан кейін: «Я живу, когда творю» депті. Сондықтан, саясаттың градустары салқын тартқан адамның «сахнаның градустарымен» айналыса бергені абзал ғой…
Әйткенмен, Тәкеңнің таудай талантына таласым жоқ. Қазір бізге Талғаттың «Адамдар арасындағы бөлтірігі» мен «Махаббат бекетіндегі» мөлдір-тұнған тазалық, адами адалдық жетіспей жатыр. Әйтпесе: «Адам мешіттен  айғайлап, күліп шықпайды. Театрдан шыққанда да, сол секілді. Өйткені, театрда адам іштей үлкен бір құдіретпен жолығады. Егер зират пен  мешітте Алла Тағаламен тілдесетін, рухани жаныңмен, түйсігіңмен тілдесетін болсаң, театр да сондай.  Мұнда сен театрмен тілдесесің. Адамның тазаратыны да сондықтан. Мұны тазару дейді, арылу дейді» – дегенді екінің бірінің айта алмасы анық!..Мұны – Талғат Теменов айтты…

– Мұныңызбен келісуге болады. Теменов те жеке басы үшін ғана түн ұйқысын төрт бөліп жүрмеген шығар?

– Менің де түн ұйқымды төрт бөлген өзекті мәселелер көп, олар: қазақ топырағындағы жұмыссыздық, жемқорлық, зейнетақының тым аздығы, жалақылардың тым төмендігі, әділетсіз сот, сауасыз әкім-қарарлар, кедейшіліктің асқынуы, адамға қажеттінің бәрінің қымбаттауы, қылмыстың қамыстай қаптауы, азып-тозған қаңғыбастардың күрт өсуі т.б. Өркениетке ұмтылу былай тұрсын, адамға деген қарапайым құрмет жоғалған қоғамның келешегі күңгірт болады.
Министрлер мен әкімдер том-том қылып қалыңдатып жазып, Үкімет қабылдап жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамалардың құны көк тиыннан аспады. Өйткені, мұның бәрі таза көзбояушылық: Президенттің алдында есеп беру үшін, халықты алдарқату үшін жасалынып жатыр.
Мысалы, жалғыз жұмыссыздық мәселесін алайық. Статистика агенттігінің мәліметтерін тыңдап, кәдімгідей тыңайып қаласың. Күні кеше көшеде қаптап, екі қолға бір жұмыс таппай жүрген адамдардың түгелі жұмысқа орналасқан екен, деп ойлайсың. Артынша, көшеге шықсаң, “баяғы жартас – сол жартас”… Биліктің айтқанының тағы да шылғи өтірік, бос сөз екендігіне көзің жетеді. Сонда мұндай жалғандық кімге керек: халыққа ма, Президентке ме?..
Президент күресті байлығы мен шайлығы жоқ аулақтағы оппозициямен емес, билігі мен құзыры бар маңайындағы шенеуніктермен жүргізуі керек. Қалай болғанда да, оппозиция – әділдікті жақтап, шындықты айтады; шенеунік – әділетсіздікті ақтап, өтірік ақпар береді. Сонда мемлекеттің нығайып, халықтың әл-ауқатының жақсарып, саяси тұрақтылықтың сақталуына кім көбірек ықпал етеді? Оппозиция ма, әлде, шенеунік пе? Осының аражігін ажыратып алу маңызды…
Жалпы, елдегі саяси жүйеге аса күрделі реформа қажеттігі күннен-күнге анық біліне бастады. Мұның өзін құқық қорғау жүйесінен бастау керек. Ең алдымен, қит етсе, абақтыға тығу тәжірибесінен үзілді-кесілді арылу керек. Мұндай жабайы тәсілдер бізге өркениет ауылын алыстата береді.
Экономикалық қылмыстыларды түрмеге сүйремей, үйқамақта ұстауды жетілдірген жөн. Бұл адамдар заңды бұзғанымен, адам өлтірген жоқ, ауыр қылмыстыға жатпайды. Мәселен, Жақсылық Күлекеев пен Жақсылық Досқалиевтың екеуі де Президенттің сенімді адамдары болатын. “Біреудің аяғын басып кетті ме”; әлде, ”екі түйе сүйкеніп, арасында шыбын қалды” ма; болмаса, “айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды” ма; әйтеуір, қолы таза, ниеті түзу саналатын қос Жақсылық (Жақсылықтың жамандықтан жеңілуін көрмейсіз бе?!.) тал түсте талауға түсіп қалды…
Негізі, жемқорлықпен күресті қияндағы балабақшаның меңгерушісінен емес, айталық, Президенттің бұрынғы Іс Басқарушысы Болат Өтемұратовтан бастау керек қой. «Балық басынан шіриді», күллі ғұмырында мемлекеттік қызметтің жалғыз жалақысына қараған Өтемұратов қалайша ірі банкілері мен телеарналары бар әлемдегі ең ауқатты адамдардың қатарына қосылды?..

– Он теңгеге қателескен қамалып, он миллиард теңге жымқырған шалқайып жүр, дейсіз ғой?

– Дәп солай.  Сосын, біздің қоғамда шындық айтқанды – шыңғыртады, өтірік сөйлегенді – өсіреді…
Тұлдыр жетім болмасаң – оппозизияға келуің үрім-бұтағыңды «өз қолыңмен» көгендеп, жоюыңмен пара-пар. Соғылып, қағылып, сотталып, қақталып, датталып жатқанда шыдауың үшін – аспандаған асқақ амбиция керек, адамға!.. Маужырап, ұйқылы-ояу жатқан ит жанынан өткен кісінің қорыққанын сезсе, «арп!» етіп, атыла кетеді… Қорықпауың керек! Үркімеу маңызды! Тісіңді-тісіңе басып, тілің күрмеліп, жағың талып – төзуге тиіссің!!! Бірақ, төзімнің де таусылар тұсы болады…

– Төзімнің таусылар тұсы қаншалықты алыс?

– Тас пен темір үндіс Митталда, хром мен алюминий еврей Машкевичте, мыс пен қорғасын кәріс Кимде, мұнай мен газ қытайлықтарда, қазаққа не қалды? Шығысымыздағы Тарбағатай топырағынан мұнай табылды, соны маусым айында Қытайға басыбайлы бермекші. Бұл бассыздық қашан тоқтайды?..
Алматыда «Халықтар ассамблеясы» дейтін бар. Бұл ұйым – Қазақ Елінде тұрып жатқан қазақтан басқа барлық келімсек ұлттардың қылмыскерлеріне «саяси крыша» болып алды. «Қыңқ!» етсең – «Дүңк!» еткізеді: ұлттар арасына от жаққан «кашегар» болып шыға келесің…
Ұлттың тілі мен мүддесін айтсаң, «халық жауына» айналып шыға келесің! Мұның шеті бола ма?!.

– Қажеке, сөздеріңіз мірдің оғындай болғандықтан, көбіне кейбіреулердің шамына қатты тиіп кететіні түсінікті. Сіз турашыл азаматсыз ғой, мен де бір тура сұрақ қояйын: ұмытпасам, 2-3 мәрте жол апатына ұшырап, сізге қастандық жасалынғаны рас па?

– Ірі жол апатына бір жылда екі мәрте ұшырағаным рас. Бірақ, мұны саяси жағдайға айналдырғым келмеді, «Бас аман болсын!» дейтін көнбіс қазақтығым ұстап қалды… Әйтпесе, бір жылда екі мәрте жол апатына ұшырадым. Біріншісі, көпірдің үстінде жүк көлігі түйді, көпірден құлап кете жаздадым.. Екінші мәрте Ақтөбе қаласында тас жолдың жанынан шыға келіп, мені соққан еді, екпіні сәл қаттырақ болғанда, кім біледі, қазір сіз екеуміз осылайша емін-еркін әңгіме-дүкен құрып отырар ме едік, қайтер едік…

– Мұндайда қазақ: «Құдайдың пешенеге жазғаны болады» дейді. Айтқандай, осы еліміздің батыс өңірлерінде исламның түсініксіз тармақтары кең қанат жая бастағанға ұқсайды. Сіздіңше, бұл сөздің ақиқаты қаншалықты? Жалпы, өзіңіздің дінге көзқарасыңыз қандай?

– Әлемнің төрттен бірін құрайтын мұсылманның қатары күн санап, қаулап өсуде.  Қадым заманнан адамзатты қараңғы түнектен – нұрлы да сәулелі жарыққа жетелеген, бойларына ең асыл қасиеттерді жинақтаған, болмысына барша ізгі құндылықтарды сақтаған пайғамбарлар еді. Шалыс қадамы мен төл ағаттығы үшін Аллаһ Тағаладан тұңғыш кешірім сұрап, тәубесін айтқан Адам (ғ.с.) болатын. Күллі мұсылман қауымы табаны таймас турашылдықты: «Хасбуналлаһ! (Медет тілерім бір Аллаһ!)» деген Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың тәлімінен таныса; даналық пен хикметті, ар-намысын кірлетпеуді Жүсіп (ғ.с.) пайғамбардан; жан шыдатпас қиындықтарға төзу мен салқынқанды сабырлылықты Аййуб (ғ.с.) пайғамбардан; адал еңбек, маңдай терімен нан табуды Дәуіт (ғ.с.) пайғамбардан ғибрат қылды.
Аса мәртебелі рухани әлемнің керуенінің соңы Аллаһтың ақырғы елшісі, ғаламның рақым нұры саналатын, адамзаттың ең асылы да ардақтысы Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) пайғамбарымызбен тәмамдалды. Ең соңғы дін Ислам – адамзаттың алтын тәжіне айналды.
Ата-бабамыз таңдаған ұлы сенім – жалғыз Аллаһқа деген кіршіксіз мойынсұну. Ислам – ақыл мен парасаттың, білім мен ғылымның, мәдениет пен өркениеттің, бірлік пен ынтымақтың діні. Исламның ең асыл мақсаты – иман мен сенім, бейбітсүйгіштік пен төзім. Діннің тазалығы, елдің тыныштығы, қазақтың тәуелсіздігінің тұғыры – біздің ғибратты дініміздің темірқазығы.
Қасиетті Құранның «Зүмар» сүресінің 9-аятында «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» дейді. Сондықтан, ислам дінінің шыңы мен тұңғиығы – жалғыз ғана Жаратқан Иемізге аян. Әрбір мұсылманның парызы Қасиетті Құранда анық көрсетілген. Меніңше, дін мәселесіндегі айтыс-тартыс, бөлініп-бөлшектену, қорқытып-үркітуге ұмтылу – ислам жолы емес. «Сенім – жеке бастың шаруасы» десек те, атамыз қазақтың: «Құдайдан қорықпағаннан – қорық!» дегенін ұмытпай, ғибадатымызды қаза қылмауға тәлімденсек – мұнымыздың өзі көп жетістік…

– «Тәлім» мәселесі де тығырыққа тірелді. Білім мен ғылымның басшылары жиі ауысып, бұл саланың жағдайы қойыртпаққа айналды. Бақытжан Жұмағұлов колледжден жоғарғы оқуға емтихансыз өтетін орта шаруаның аз ғана озат оқитын балаларының да жолын кесіп, аяқтарына тұсау салды…

– Біздің министрлер «сапа» дегеннің не екендігін білмейді. Білім мен ғылымның сапасы – араға ондаған жылдар салып қана, толыққанды жинақталады. Мәселен, Жұмағұловтың жауапсыз шешімімен тарауға тиісі колледждердің ұжымының сапалы қалыптасуына ондаған жылдар керек болса, оны таратып жіберуге бір-ақ күн жетеді.
Жұмағұловтың шешімінің нәтижесінде жоғарғы оқуға түсушілердің қатары күрт азаяды. Шын талантты жастар шеттетіліп, ақшалы студенттер басым болады.
Біздің билікте гуманитарлық салаларға қырын қарайтын сырқат пайда болды. Арамыздан бір Нобель сыйлығын алған математик шыққан сияқты немесе бір инженеріміз әлемдік нанотехнологияны дүр сілкіндіргендей, дүрлігіп жүр…
«Технарлардың» тірлігі мұнайды екі ғасыр бұрынғы тәсілмен тартып шығарып, құбырлар арқылы сатудан аспай отыр… Шахтерлеріміз де қауіпсіздікті сезінбей, күн ара күл-қоқысқа айналып жатыр… Егінді де комбайнмен орып, сиырды қолмен сауып жүрміз… Сонда техникалық талантты мамандарымыз қайда?..
Қоғамда: «Қажет және қажетсіз» дейтін ұғымдар пайда болып, мұның өзін «Қажет және қажетсіз мамандар», «Қажет және қажетсіз адамдар» деп, бөле-жардық… Шындап келгенде, толыққанды өмірде қажетсіз адамдар мен мамандар болмайды. Гуманитарлық мамандар азайған қоғамда – рухани құлдырау, оның артынан, рухани азғындау орын алады.
Түймебаев дейтін «білгіш» жоғарғы оқу орындарын көз жұмып қысқартып, барды бүлдіріп еді; Жұмағұлов колледждерге қол салды, келесі «қайраткер» мектептерді жауып тастайтын шығар?!.
Министрлердің сауатсыз шешімдері Қазақстанның мәдени және ғылыми потенциалына орны толмас зиян шектіруде. Бүгінгі биліктің басты қателігі – қоғамның қажеттіліктерін білмейді де, санаспайды да.
Талантты ғалымдар мен ұстаздардың қырсыз қысқартулардан көшеде қаңғып қалуы – қазақ қоғамының даму үрдісін бақандай елу-жүз жылға шегерді. Қазақ елінде өзінің ой-пікірі бар сауатты адамдар азайып кетті.
Жалғыз мұнайдан түсетін табыстың бір бөлігі ғана біздің қыздарымыз бен жігіттеріміздің жоғарғы білімді тегін алуына жетеді. Бізге жетпейтіні бір-ақ нәрсе, ол – биліктегі әрбір тұлғаның шешіміне халықтық бақылау орнату…

– Дүниежүзінде билікке бақылау орнатқан мемлекеттер жетеді. Адамзаттың саяси санасы да дүрбелең-дүмпулерді бастан кешіп жатыр ғой?

– Расында, жалпы дүниежүзілік саяси сана зор өзгерістерге ұшырады. Нанотехнология сағат санап жетіліп, тіпті, жершарының диктаторлары адамды жасартудың жолдары мен тәсілдерін жанталаса іздестіруге кірісті…
Әлемдік қаржы дағдарысы ауыздығымен алысып, жүген тартқызбай тұр. Тізерлеген Еуропаның экономикасы тырапай асты. Грекия секілді кежегесі кейін тартқандардан кешегі одақтастары бас тартуда.
Көкірегін керіп, күш көрсетуге дағдыланған Америка дефольттың есігін қағып, денесін зорға сүйреген семіз американдықтардың ашығып-арықтауына тура келіп, мейрамханалары жаппай жабылуда. Сондықтан, қан иісін аңсап, қарын толтыруды көксеген Америка мыңбір сылтау ойлап-тауып, Иранның қазанына қол салмақшы…
Бірақ, қанша жерден әккі, қанша жерден қуатты көрінсе де, Американың өзінің ойына келгенін істеп, қауқары жеткенін жаншитын күндері келмеске кетті. Бір есептен, мұның өзі әлеми өркениеттің жеңісі…

– «Өркениет» дегеніңіз құлаққа кіреді. Дегенмен, күні кеше Қытай мен Қазақстанның шекарасындағы Қорғасбекетінен “Назарбаев” қаласы салынады, деген суық ақпарат тарады…

– Мен 20 жылдан бері жағым талмай, «Қытайдың қаупі» жайлы айтып келемін. Есітуімше, ғалым Мұрат ӘУЕЗОВ те осындай қауіпті айтып, елшілік лауазымынан біржола түсіп қалған көрінеді.
Ресейдің Қытаймен шекаралас Хабаровск әкімшілігінің арнайы сайтында қытай тіліндегі үлкен тарауды көресіз. Осыдан 20 жыл бұрын бұлай болары орыстардың ойына да кіріп-шықпайтын. Бұл аймақта тәулік сайын заңды-заңсыз жолдармен орыстың қалың орманындағы сапалы ағаштар вагон составтарымен үздіксіз Қытайға асып жатыр.
Әрбір екінші орыстың қызы қытайлыққа тұрмысқа шығуда. Мұның өзі Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне төнген апат. Өйткені, орыстың қыздары шұбыртып қытай балаларын ертіп жүр… Орыстың опынуынан сабақ алмасақ, біздің омыртқамыз опырылып түседі…

– Қажеке, қазақ қоғамын тұралатқан бір долы-дию бар десек, сіздіңше, ол – не?

– Қайырымсыздық! Қоғамның қайырымсыздығы! Биліктің қайырымсыздығы!
Қазір көшеде бір адамның қан қысымы кенет көтеріліп кетіп, құлап жатса, ешкім қайырылып қарамайды. «Мас боп жатқан маскүнем» деп, өзінше шешім шығарып, басын да бұрмай, әлгі мүсәпірдің жанынан өте шығады…
Дәл осы жағдайды өз көзіммен көрдім. Қыстың көзі қырауда көк мұздан тайып жығылған бір орыс азаматының ауызы-мұрны қан болып, ақ қарда жатыр екен. Көлігіммен өтіп бара жатып, кілт тоқтадым.
«Не болды?» десем, қолын әлсіз сермейді, тілге келе алмады. Дереу «Жедел жәрдем» шақыртып, ауруханаға салып жібердім. Біраз күндерден кейін жаңағы кісі үйіме іздеп келіп тұр. «Жедел жәрдемнің» анықтама қызметінен ұялы телефонымды тауып, әдейі іздеп келіп, алғысын айтып тұр. «Егер сіз қарамағаныңызда, тағы 10-15 минут жатып қалсам, о дүниелік болып кетуім де мүмкін екен» деп, көңілі босады…
Менің қорқатыным: адамдар қатігез болып барады. Қазақтар қайырымсыз болып барады… Сыртта жүріп, жат елде жапа шеккен 5 миллион қандас қазақты ойламақ түгілі өзді-өзіміз қырық пышақ болып, бөлініп-бүлініп жатырмыз. Келесі 5-10 жылдан кейін «оралман қазақ» дейтін тіркесті мүлдем ұмытсақ та болады…
Менің қапа болатыным: кез келген қазақтың бүлдіршінінен: «Кім боласың?» – деп сұрасаң: «Президент боламын!» – деп, тақ ете қалады. Ешбірі: «Адал азамат боламын!», «Ұлтшыл тұлға боламын!» демейді…
Адамдар рухани азып кетті. Билік пен байлық қана дүниенің тұтқасы болатынын жас ұрпақтың санасына аяусыз сіңіріп жатырмыз…
Әркім өзінің ғана, отбасының ғана, аталасының ғана, руының ғана… басының амандығы мен бауырының бүтіндігін қамдаудан аспай қалды…
Мәнсіздік мен мағынасыздық, мәйексіздік пен дәйексіздік өңменімізді тесіп, омырауымызға орнығып алды… Адалдық пен тазалық ада болды… Мейірім мен қайырым жетім қозыдай маңырап қалды… Иман мен сенім үзілгелі тұр… Бірлік пен берекенің бес тиындық құны қалмай барады…
Ақ көңіліңмен, таза жүрегіңмен ақылдасып-сырласатын пенде кемде-кем… Жақынның бәрі – жарамсақ, алыстың бәрі – арбағыш, заман төрге озды…

Әңгімелескен  Талғат БАЛТАБАЕВ,   
Шымкент-Орал-Астана.

ПІКІР ЖАЗУ